БАТЫР ҚОЯН – заманауи ертегі. Мейіржан ЖЫЛҚЫБАЙ

0
2 599

Бірінші тұрған тиінді иығынан ұстап алып, сілкілеп-сілкілеп жіберді де айғайға басты.


БАТЫР ҚОЯН – заманауи ертегі. Мейіржан ЖЫЛҚЫБАЙ

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Биыл елімізде «2022 жыл – балалар жылы» деп жарияланды. Осы орайда балаларға арналған көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Оның ішінде балалар шығармашылығына, балаларға арналған шығармаларға да ерекше мән берілуде. Байқап қарасақ, бұл тақырыпта қалам тербеп жүрген жас дарындар аз емес екен. Солардың бірі – балалар әдебиетінің жас өкілі Мейіржан ЖЫЛҚЫБАЙ. Ертегі жанрына ден қойған оның шығармалары барша адамзатқа ой саларлықтай ерекше екен. Оларды оқырман назарына ұсынуды да жөн санадық.


БАТЫР ҚОЯН


Қоян көз ілеспес жылдамдықпен қашып келеді. Бір кезде жуан ағашты көріп, соның тасасына келіп тоқтады. Көзі аларып, солығын басып біраз тұрды. Не болды өзі. Қорыққанынан ұмытып та қалады осы. Е-е-е, қалың шөптің басы сыбдырлап қимылдағандай болған екен ғой. Иә, қимылдағаны анық. Оны қимылдатқан аю немесе қасқыр болуы мүмкін дегенде қоянның есі шығып кете жаздады. «Құдай сақтады», – деп артынша сабырға келді. «Негізі мен осы жүйрікпін» - деген мақтаныш сезімі оянып, шошынған жүрегі орнына келді. Кішкене болса да жүрегі орнына түскендей. Айналасындағы шөптің иісі мұрнын жарып барады. Тәбеті ашылып енді жей берген еді, төбеден қарға қарқ ете қалғанда селк ете түсті. Жерге бұға қалды. Қарға екен ғой деп қайта шөп жей бергенде, ағаштың басындағы бұталар тарсылдап кетті. Қоянның одан әрі қашуға шамасы жетпей талып қалды. Күн ұзаққа үрей діңкелетіп тастап еді. Ағаштың басынан түскен үш тиін мұны жұлқылап жүріп есін жиғызды.


– Мен қайдамын? – деді қоян.


– Сіз осындасыз!!! – деп тиіндер қосарлана жауап берді.


– Осындасыз деген қай жер? – деді қоян басы айнала отырып.


– Осындасыз деген – осы жер! – деп бар дауыстарымен жауап берді тиіндер қосарлана. Қоян ашулана қарап еді, тиіндер кінәлідей төмен қарады. Неге екенін өздері білмейді, осы үш тиін сөйлесе бәрінің ашуы ұстайды. Шетінен ұрысып шыға келеді. Көлеңкесінен қорқып жүрген қоянның өзі шатынап шыға келді.


– Жөндеп айтпайсыңдар ма, «орманның шетінде, талдың түбі-і-інде-е-е» - деп.


Осы жер деген – осы жер деген бола ма екен? – Қоян жөн айтып кетті.


Үш тиін мөлиіп төмен қарап тұр екен. «Шынымен де осылар менен қорқып тұр ма?» деп ойлап қоян таң қалды. Өз-өзіне деген сенім пайда боп, орнынан тұрып шірене қалды.


– Ей, мен сендерге айтамын!


– Біз өзеннің арғы жағына бара жатырмыз, – деді кенет тиіннің біреуі.


– Сен де барасың ба? Ол жақта бүлдірген, жаңғақ, сәбіз де өседі екен.


– Апырмай, шынымен сәбіз де бар ма екен? Оны кім егіпті?


– Оны ма? Оны... Оны өзі егіпті.


– Кімнің өзі егіпті?


– Сәбіздің өзі еккен шығар. Білмеймін, сұраған жоқпыз, – деді тиіндер.


Қоян қатты ашуланды.


– Қалай сәбіздің өзі егеді? – деп қоян басын қолымен ұрып-ұрып жіберді.


– Естерің дұрыс па, а?!


– Дұрыс.


– Дұрыс есіміз, – деп қосарлана шулады тиіндер.


– Сендер тыңдаңдаршы, сәбіз сәбізді еге ме сонда?


– Тыңдаймыз. Егеді. Әйтпесе егетін шығар... Енді өзі егетін шығар, – деп шулады тиіндер. – Өзінің еккісі келсе егеді ғой. Қоян теңселіп кетті. Бірінші тұрған тиінді иығынан ұстап алып, сілкілеп- сілкілеп жіберді де айғайға басты. Тиін көзі бақырайып қарап қалған. Қоянның ауызы көпіріп қатты ашуланды. Жерді тепкілеп-тепкілеп қояды. Осы кезде талдың түбінен өзіне қарай атылмақшы болып сығалап тұрған қасқырды көзі шалып қалды да, ашумен барып артқы аяғымен бір тепті. Қоянның тепкісі қатты болатынын қасқыр сол кезде түсінген шығар. Арс етті де, көзін ұстап қаша жөнелді. Қоян ызаланып жерден тас алып лақтырып жібергенде, қасқырдың арқасына тигізіп, қаңқ еткізді. Қоян тағы жерге еңкейе бергенде, ойына сақ етіп өзінің қасқырды ұрып жатқаны түсті. Ашуменен не істеп жатқанын білмей қалыпты. Сасқанынан қолынан тасы түсіп кетті. Аузы ашылып жерге сылқ отыра қалғаны сол еді, ағаштың түбінде тығылып тұрған түлкі қаша жөнелді. Ол да қасқырмен бірге келген екен ғой. Қоян таң қалып орнынан тұра бергенде, қашып бара жатқан түлкі баж ете қалып қолын көтерді де:


– Қоян, тимеші, ұрмашы... – деп артқа шегіншектей берді. Қоян аң-таң.


Ойланып тұрды да шірене қалды. Артындағы тиіндерге қарап еді. Олар бұған ауыздарын аша қарап қалыпты. Қоян мақтанып кетті.


– Көрдіңдер ме? – деді. – Енді не істейміз? Өзеннің арғы жағасына барамыз ба? – деп бойын тіктеп, маңғаздана жүріп кетті.


Шымшық шиқылдап төбелерінде ұшып келеді. Тиіндер саңырауқұлақ теріп жүрген кірпіні де қосып алды. Бір үңірейген іннің қасына келгенде тиіндер үңіліп тұра қалды.


– Мынау кімнің үйі? – дейді шулап.


–Бұл тышқанның іні болар, – деді торғай шиқылдап. – Мен төбеден көп ұшамын. Маған бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Осы кезде іннен жарқыраған көз көрінді де, артынша жәйлап жылжып жылан шыға берді.


– Қош келіпсіздер! –деді жылан жәйлап қана тәтті үнмен сыбырлап.


– Саламатсыз ба! – деп бәрі шу ете қалды. Мынадай ибалы тәтті үнді ешқайдан естімеген еді. Бәрі сыйлап бастарын иіп, тағы не дер екен деп қарап қалыпты.


– Сендер, өте жақсы, тәртіпті, үлкенді сыйлайтын жануарсыңдар, – деді жәй ғана сиқырлы дауыспен. – Осы орманда мен сендерге ылғи қызығып жүремін. Сендер мені сыйлап тұрсыңдар. Рахмет сендерге. Сендер енді бұл жерден кетпеңдер. Сендерге бұл жер ұнайды ғой, иә? Ұнайды.


Саяхатшылар бұл жер оларға ұнай ма, ұнамай ма, ойлап бас қатырмады. Тек мына сиқырлы дауысқа ұйып бастарын иіп мақұлдай берді. Жыланның сөздері бойларын балқытып, бұлар көздерін айыра алмай қарап тұр. Тек тиіндер ғана көп сөзді тыңдай да, түсіне де білмеуші еді. Бірі мұрнын шұқып, бірі үшіншісінің бетіне тиіп кете беретін құйрығын түйіп тұр еді. Үшіншісі қоянға бақырайып қарап қалған. Не үшін қарап тұрғанын өзі білмейді.


– Сендер бір-біріңе жақын тұрыңдар. Тапжылмаңдар, – деп жылан бұларды орай, жылжып жүр. Әр айналған сайын ширатылған денесі бұл топты орай түседі. Тәтті дауысы бір семер емес, арбап барады.


Тек төбеде әрі-бері ұшып жүрген шымшық қана не болып жатқанын байқап қалып шырылдап кетті:


– Қоян, кірпі, тиіндер! Тұрыңдар, қашыңдар! Жылан сендерді орап жатыр!


Осы кезде жыланның басы қоянның тұсына келіп қалған екен, қоян артқы аяғымен бір тепті. Жыланның басы сылқ құлағанда, шиырылған денесі созыла берді. Бұлар улап-шулап қаша жөнелді. Қалың бұтаның арасында бүлдірген теріп жүрген аю атақты қоян бастаған топ бұған қарай жүгіріп келе жатыр екен деп домалаңдап қаша жөнелді. Қоян аюды қуып келе жатыр екен деп, баяғы қасқыр мен түлкі енді тіпті қояннан қашып жүретін болыпты. Қоян болса баяғыдай қорықпайтын болыпты.