Бекжігіт СЕРДӘЛІ: Балаларға арнап ән жазу – мен үшін өте жауапты әрі қуанышты іс

0
105

«Мен үшін балалар әнінің ең басты мақсаты — баланың бойындағы ізгілікті, мейірімді, отансүйгіштік сезімін ояту».


Бекжігіт СЕРДӘЛІ: Балаларға арнап ән жазу – мен үшін өте жауапты әрі қуанышты іс

Қазақ халқы тума таланттарға бай ел. Әсіресе, алты Алаштың арасынан әлемді әсем әуенмен тербеткен композиторлар көптеп кезедеседі. Сондай Құдай бойына дарын бітірген жандардың бірі – профессор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Бекжігіт Сердәлімен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.


– Бекжігіт Кенжебекұлы, алдымен өзіңізді көзі қарақты оқырманға таныстыра кетсек. Қай өңірдің тумасысыз, қай оқу орнында қандай мамандық бойынша білім алдыңыз?


– Өзімді соншалықты бір танымал адаммын деп ойламаймын. Ауылдан шыққан қазақпыз. Қарт Қаратау бөктерінде Үлгілі дейтін кішкентай ауыл бар. Жұрт ол жерді «Сасықбұлақ» атайды. Әр тұста бұрқылдап қайнап жататын тұма бастаулары көп болған соң солай атаса керек. Шағын ауыл болса да, кіп-кішкентай Швейцария дерсің. Міне, сол жердің тумасымыз. Ауылымыздан ақын Қасымхан Бегманов, академик Әбдірәсіл Жәрменов, Қазақстан Дизайнерлер одағының төрағасы Қамбарбек Көшенов сынды бірқатар белгілі тұлғалар шыққан. Қазақстанда жоғары оқу орындары санаулы жылдары ҚазҰУ-да білім алдық. Журналист ретінде қазір соның нанын жеп отырмыз.


– Еңбек жолында қандай қызметтерді атқардыңыз? Қазіргі қызметіңіз қандай?


– Сенесіз бе, еңбек кітапшамда еңбек жолыма қатысты екі ғана дерек жазылған. Бірі – Кентау қалалық «Кентау шұғыласы» газетіндегі редакторлық қызметім, екіншісі – Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі оқытушылық мансабым. Қазір осы университеттің «Журналистика» кафедрасында профессор қызметіндемін. Ақпараттандыру академиясының академигімін. Аймақтық менеджмент академиясының құрметті профессорымын. «Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталғанмын. Республикалық конкурс нәтижесінде екі мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атандым.


– Сізді дарынды, әндері ел арасына кеңінен тараған сазгер ретінде танимыз. Осы уақытқа дейін қандай әндер жаздыңыз? Әндеріңіз «халық әніне» айналатындай деңгейге қалай жетті?


– Тек журналистика мен ғылым саласында ғана емес, өнер әлемінде де із қалдыруға тырысып жүрген жанмын. Ән тудыру мен үшін әуесқойлық болғанымен, ол ішкі жан сарайымның тереңіндегі көңіл-күйімнің үні. Негізі ән-әуен менің өмірімде бала күнімнен ерекше орын алды. Әкемнің домбыра шертіп, анамның бесік жырын айтып отырған сәттері менің санамда мәңгі жатталып қалыпты. Үйіміздің төрінде күндіз-түні саңқылдап тұратын «Бес сомдық» радиодан төгіліп жататын халық әндерінің әуезі мен иірімі бала кезімнен жүрегіме сіңіп, кейін өзім де әуен шығаруға талпындым. Ол кездегі шала-жансар әндер бала қиялының ыңылы ғана болатын. Ал, жалпы алғашқы әндерім есейе келе, студенттік шақтарда туа бастады. Қазір ән жазу мен үшін бір сәттік шабыттың, көңіл толқынысының нәтижесі. Көбіне ән өздігінен келе қалады. Ал, кейде жылдап ән тумайды. Түнгі тыныштықта, болмаса ұзақ сапарда, не болмаса ауылға барып, дала иісін сезген сәтте көкейіме әуендер келіп, жүрегімді кернейді. Соны домбырамен не гитарамен сүйемелдеп отырып, гармониясын табамын. Сосын лайықты сөз іздеймін. Содан кейін барып сөз бен әуен бір-бірін толықтырып, тұтас бір туындыға айналады. Осы уақытқа дейін әр түрлі тақырыпта бірнеше ән жаздым. Олардың ішінде халық арасына сіңіп, тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленгендері – «Жас жұбайлар», «Неге, неге?», «Түркістаным – Тұраным», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап» сияқты әндер. Бұл туындылардың әрқайсысы менің өмірімнің белгілі бір кезеңімен байланысты. Мәселен, «Жас жұбайлар» – махаббаттың алғашқы, пәк шағын дәріптейтін ән болса, «Неге, неге?» – ғашық жанның ішкі сұрағын, сағыныш пен өкініштің тоғысын бейнелейді. Ал «Түркістаным – Тұраным» – туған жер мен түркі әлеміне деген сүйіспеншіліктен туған рухты ән. «Ризамын» – өмірге, ата-анаға, тағдырға деген алғыс, ал «Ауыл жатыр той жасап» – қазақтың кең пейілін, ауыл өмірінің шаттығын суреттейтін көңілді туынды. Әннің халыққа сіңіп, кең таралуы – ол тек сазгердің еңбегімен ғана емес, халықтың жүрегіне жақындығымен өлшенеді деп ойлаймын. Мен ешқашан «міндетті түрде хит болсын» деген мақсатпен ән жазған адам емеспін. Ең бастысы – әуеннің шынайылығы деп ойлаймын. Әуен мен сөздің жүректен шығуы – әннің бағы. Егер ән адал көңілден, таза ниеттен туса, ол міндетті түрде тыңдарманның жүрегіне жол табады. Әнге баға беретін халық. Ән жалғыз орындаушының шеңберінде қалып қоймай, көпшіліктің аузында жүргенде ғана өміршең болады. Кейде өз әндерімді тойда, ауылда немесе әлеуметтік желілерден кездейсоқ естіп қаламын. Сол сәт – мен үшін ерекше сезім шаттығын сыйлайды. Өйткені ол кезде ән менікі емес, халықтікіне айналып кеткенін сеземін. Әннің халық әніне айналуы – сазгердің бақыты, әрі ең асыл бағасы. Халық оны өз өмірімен байланыстырып, жүрегінде сақтап қалса, демек, сол ән шынайы өмір сүріп жатыр деген сөз. Мен үшін өнердің ең биік өлшемі – осы.


– Сіз балаларға арналған әндер де жазған екенсіз. Сол бағыттағы туындыларыңызды атап өтіңізші. Олар қашан, қалай өмірге келді?


Иә, мен балалар тақырыбына да ерекше көңіл бөлемін. Өйткені бала – өмірдің гүлі, болашақтың иесі ғана емес, өнердің ең адал тыңдарманы. Баланың жүрегіне жол табу үшін ән шынайы, таза әрі мейірімге толы болуы керек. Балаларға арнап ән жазу – мен үшін өте жауапты әрі қуанышты іс. Себебі олардың әрбір күлкісі мен қимылын, қиялы мен арманын әуенге айналдырасың. Балаларға арналған бірнеше туындыларым бар. Олардың ішінде «Ботақан», «Анашым», «Мектеп вальсі», «Ақ көгершін», «Әже», «Достарым», «Әңгелек» сияқты әндерімді ерекше атап өткім келеді. Бұл әндерім әр кезеңде, әртүрлі шабыттан туған дүниелер. Мәселен, «Анашым» әні – өзімнің анама деген шексіз сүйіспеншілігімнен, бала кездегі сағыныш сезімінен туған. Ал «Ботақан» – кішкентай балалардың бейкүнә әлемін, олардың пәктігі мен еркелігін сипаттайтын көңілді ән. «Мектеп вальсі» болса, мектеппен қоштасар сәттегі бала жүректің толқуын, өмірдің жаңа белесіне аяқ басар тұстағы қимастықты бейнелейді. Бұл әндерімнің көпшілігі мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің репертуарына еніп, түрлі концерттерде орындалып жүр. Балалардың әндерімді шын көңілмен, таза да ашық үнмен орындағанын естігенде, ерекше қуанышқа бөленемін. Себебі олар әнді есеппен емес, жүрекпен айтады. Шынымды айтсам, балаларға арналған ән жазу – үлкендерге арналған туындыдан да қиынырақ. Өйткені бала тыңдарманға жасанды әнмен ұнау мүмкін емес. Егер әнде артық жасандылық болса, оны бала бірден сезеді. Сол себепті балаларға ән жазғанда, ең алдымен, өз ішімдегі балалық сезімді оятуға тырысамын. Сол кезде ғана шынайы, жылы, көңілді туынды дүниеге келеді. Балаға арналған әндер менің шығармашылығымның ең нұрлы, ең таза бөлігі деп айта аламын. Болашақта да балалардың арманы мен қиялына қанат бітіретін жаңа әндер жазуды жалғастыра беремін. Өйткені баланың күлкісінде өмірдің үні бар. Соңғы жылдары балаларға арналған сапалы музыкалық контенттің азайып кеткені байқалады. Бұрын теледидар мен радиода балалар әндері жиі шырқалатын, арнайы концерттер, байқаулар, «Әнші балапан», «Балдырған», «Жас дәурен» секілді музыкалық бағдарламалар болатын. Ал қазір, өкінішке қарай, балаларға арналған эстрадалық әндер ересектерге бағытталған өнімдердің тасасында қалып қойды. Бұның бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, нарық пен коммерцияның ықпалы күшейді. Продюсерлер мен орындаушылар табыс әкелетін бағытқа көбірек назар аударып, балалар тақырыбына аз барады. Екіншіден, кәсіби композиторлар мен ақындар балалар жанрына сирек қалам тартады, себебі ол күрделі, нәзік жанр. Бала тыңдарманға әсер ету үшін ән тек жеңіл болуы емес, сонымен қатар тәрбиелік, рухани мәнге де бай болуы тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілік. Балаларға арналған ән азайған сайын, олардың музыкалық талғамы да сырттан келетін, жеңіл-желпі контентке тәуелді болып барады. Бұл – ұлт болашағы үшін алаңдатарлық жағдай. Өйткені бала қандай әнмен өссе, оның рухани әлемі де сол бағытта қалыптасады. Сондықтан балаға арналған музыка – ұлттың мәдени иммунитеті іспетті. Бұл бағытты дамыту үшін ең алдымен мемлекет тарапынан жүйелі қолдау қажет. Балалар музыкасына арнайы байқаулар, фестивальдер ұйымдастырылуы тиіс. Мектеп пен балабақшалардағы мерекелерде тек дайын фонограммамен емес, отандық авторлардың жаңа әндері орындалса, бұл – үлкен серпіліс болар еді. Сонымен қатар телеарналар мен интернет платформаларында балалар әнін насихаттайтын тұрақты контенттер қажет. Ең бастысы – композиторлар мен ақындарға балалар әлеміне қайта үңілу керек деп ойлаймын. Баланың күлкісін, қиялын, арманын түсіне алған адам ғана жақсы ән жаза алады. Егер біз баланың жүрегіне жол табатын әндер жазып, соны сапалы түрде жеткізе алсақ, қазақ баласының да музыкалық әлемі байып, ұлттық рухани кеңістік жаңа деңгейге көтеріледі. Өз басым болашақта балалар тақырыбына көбірек оралғым келеді. Өйткені бала – ертеңгі тыңдарман ғана емес, ертеңгі азамат. Ал бүгін оның жанына сіңген әуен – ертең өмірлік көзқарасына айналуы мүмкін.


– Балаларға арналған әндеріңіз қандай жетістіктерге жетеледі?


– Осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған байқауда бас жүлде алдық. Кентау қаласындағы саз мектебінің демеуімен, күйші-композитор Әлімбек Қонысбековпен бірігіп мектептердегі ән-күй мұғалімдеріне арналған әдістемелік құралдар, партитуралық хрестоматиялар шығардық. Бұған қоса, балалар әндері арқылы мен көптеген ұстаздармен, музыка жетекшілерімен, Айсұлу Тани, Өктем Алтаев, Болат Әшірбаев сияқты бала әндері композиторларымен шығармашылық байланыс орнаттым. Олармен бірге жаңа идеялар, жаңа форматтар іздеп, жас орындаушыларға арналған концерттер ұйымдастыруға атсалысып жүрмін. Кейбір әндерім оқу құралдары мен мектеп репертуарларына да енгізіліп, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне үлес қосып келеді. Балаларға арналған әндер мен үшін тек шығармашылық ізденіс қана емес, рухани жетілу мектебі болды. Бұл бағыттағы еңбектерімнің арқасында мен өзімнің сазгерлік табиғатымды тереңірек таныдым десем де болады. Әннің әр сөзі, әр әуені таза әрі мейірімге толы болуы керек.

– Бүлдіршіндерге ұнайтын, бастысы оларды тәрбиелейтін әндер жазудың ауыртпалығы қандай?


Бүлдіршінге арнап ән шығару – үлкен жауапкершілік. Балаға арналған ән тек көңілді немесе ойнақы болуы жеткіліксіз, ол ең алдымен тәрбиелік мәнге ие болуы керек. Әр сөзі мен әр әуені баланың санасына, жүрегіне із қалдырады. Сондықтан мұндай туындыны жазарда мен өзімді сазгер ғана емес, ұстаз, тәрбиеші, тіпті ата-ананың орнына қойып көремін. Балаларға ән жазудың ауыртпалығы – олардың жан дүниесіне ересектерше ақыл айтып емес, баланың тілімен, оның әлемімен үндесіп жеткізуінде. Баланың дүниетанымы ерекше нәзік, олар шынайылықты бірден сезеді. Егер әнде жасандылық болса, оны бала қабылдамайды. Сол үшін мен әрбір балалар әнін жазғанда ең алдымен өзімнің ішкі бала күйіме үңілемін. Сол балалық пәктікті, қуанышты, аңғалдықты оята алмасам, шынайы ән тумайды. Тағы бір қиындық – қарапайымдылық пен мағыналылықтың тепе-теңдігін сақтау. Балаларға арналған ән қарапайым болуы керек, бірақ ол жеңіл болмауы тиіс. Бірнеше жол өлең мен шағын әуеннің ішінде үлкен ой, жылы сезім, өмірге сүйіспеншілік сыйып тұруы қажет.


– Қазіргі отандық балалар контенті қай деңгейде? Даму байқала ма?


Қазір елімізде балаларға арналған отандық контент біртіндеп жанданып келе жатыр. Бұрын бұл бағыт назардан тыс қалып, балалар көбіне шетелдік немесе аударылған өнімдерді тұтынуға мәжбүр болса, соңғы жылдары жағдай өзгере бастағанын байқаймыз. Мемлекет те, жеке продюсерлік орталықтар да балаларға арналған сапалы, қазақы рухтағы контенттің маңызын түсіне бастады. Қазір қазақ тіліндегі мультфильмдер, анимациялық жобалар, балалар телебағдарламалары көбейіп келеді. «Балапан» арнасы, YouTube платформаларындағы жаңа қазақ тіліндегі мультсериалдар, сондай-ақ халықаралық арналардың қазақша нұсқалары – осының айғағы. Міне, осы контенттерде бала музыкасы, балалар әндері жүр. Дегенмен, мұның бәрі әлі де бастапқы даму кезеңі деп айтуға болады. Себебі қазақ тіліндегі сапалы балалар әндері, тәрбиелік мазмұндағы музыкалық туындылар мен заманауи форматтағы жобалар әлі аз. Кейде баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін, жеңіл, тіпті мағынасыз контент кездеседі. Бұл – жалпы мәдени кеңістігіміздегі өзекті мәселе. Сондықтан балаларға арналған контентті тек көңіл көтеру құралы емес, рухани және адамгершілік тәрбие беретін құрал ретінде қарауымыз қажет. Менің ойымша, балалар контентін дамыту үшін ең алдымен кәсіби авторларға жағдай жасалуы керек. Баланың жүрегіне жол табатын ән немесе бейнежоба жазу үшін шабыт қана емес, сапалы студиялық мүмкіндік, кәсіби команда, шығармашылық еркіндік, қаржылай көмек қажет. Сонымен қатар бұл салада продюсерлер мен педагогтардың, психологтардың бірлесе жұмыс істеуі өте маңызды.


– Бұрынғы балаларға арналған шығармалар мен бүгінгі туындылардан қандай айырмашылық байқайсыз?


Иә, бұл айырмашылықты байқау қиын емес. Бұрынғы балаларға арналған шығармалар мен бүгінгі туындылардың арасында айтарлықтай алшақтық бар. Ол айырмашылық тек музыкалық стиль мен дыбыстауда ғана емес, рухани мазмұнда, көзқарас пен құндылықтар жүйесінде жатыр деп ойлаймын. Бұрынғы балалар әндері – тәрбиенің тірегі, ұлттық мінездің айнасы болды. Ол шығармаларда табиғатқа сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, еңбекқорлық, достық, адалдық сияқты мәңгілік тақырыптар көрініс табатын. Әннің сөзі де, әуені де қарапайым, бірақ жүрекке жылы болатын. Мысалы, біз бала күнімізде тыңдаған «Әрқашан күн сөнбесін», «Бақытты балалық шақ», «Келші, келші, балашым» секілді туындыларда пәлсапа да, рух та бар еді. Ол әндерді тыңдағанда бала тек әуенге елітіп қоймай, өмірдің мәнін, ізгіліктің маңызын түсінетін. Қазір балаларға арналған жаңа туындылардың көбі заманауи ырғаққа, технологиялық өңдеуге бағытталған. Әуендері тартымды, бейнебаяндары сапалы, бірақ кейде мазмұндық жағынан әлсіздеу. Көпшілігінде ойын мен көңіл көтеруге басымдық беріліп, тәрбиелік тереңдік екінші орынға ысырылып қалған. Бұл — уақыттың, қоғамның өзгерісімен байланысты құбылыс. Бүгінгі бала гаджетпен өсіп келеді, оның назарын аудару үшін жарық, жылдам, әсерлі форма қажет. Алайда форма мен мазмұнның тепе-теңдігі бұзылмауы керек. Меніңше, бізге қазір сол екі әлемді – өткеннің рухани тазалығы мен бүгінгі заманның технологиялық мүмкіндігін – ұштастыра білу қажет. Егер біз балаларға арналған әнді дәстүрлі қазақ әуезімен, халықтық үнмен бірге қазіргі заман ырғағымен үйлестіріп ұсынсақ, ол әрі тың, әрі тәрбиелік мәні жоғары дүние болмақ. Бұрынғы әндерде рух басым болса, бүгінгі туындыларда ритм басым. Екеуін үйлестіре алған сәтте ғана шынайы сапалы контент туады. Сол кезде бала да өзінің ұлттық тамырынан ажырамай, заманауи әлемнің талабына сай тұлға болып қалыптасады. Мен үшін балалар әнінің ең басты мақсаты — баланың бойындағы ізгілікті, мейірімді, отансүйгіштік сезімін ояту. Уақыт, стиль, технология өзгерсе де, осы рухани өзек өзгермеуі керек. Себебі балаға арналған әр ән – оның ертеңгі адамдық болмысына әсер ететін ең нәзік құрал.


– Бүгінгі отандық балалар контентіне не жетіспей жатыр?


Қазіргі отандық балалар контенті біртіндеп дамып келе жатқанына қарамастан, әлі де айқын жетіспеушіліктер бар. Біріншіден, жас ерекшелігіне сай өнімдер әлі жеткілікті емес. Мысалы, 10-12 жас аралығындағы балаларға арналған танымдық, шығармашылық немесе тәрбиелік бағыттағы жобалар өте аз, сондықтан балалар кейде ерте жастан ересектерге арналған контентке қызығуға мәжбүр болады. Екіншіден, қазақ тіліндегі және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін материалдар әлі шектеулі. Қазақ тілінде мультфильмдер, әндер, анимациялық бағдарламалар бар болса да, олардың барлығы ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті терең көрсетуге жетпейді. Бұл – бала тәрбиесі мен рухани дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сонымен қатар, продакшн сапасы мен қаржылай қолдау мәселесі де өзекті. Қазақша мультфильмдер мен балалар жобаларына бюджет бөлінгенімен, шығармашылық топтардың тәжірибесі мен ресурсы әлі де шектеулі. Бұл сапалы, заманауи, әрі тәрбиелік мәні бар өнімді тұрақты түрде шығару мүмкіндігін тежейді. Платформа және қолжетімділік мәселесі де байқалады. Қазіргі бала медиа өнімді көбіне мобильдік құрылғылардан, цифрлық платформалардан тұтынады. Бірақ жас ерекшелігіне сай контент әрдайым қолжетімді емес, сондықтан кейде балаға бағытсыз, ойын‑сауыққа ғана арналған материалдар жетеді. Соңғысы – жүйелі зерттеу мен мониторингтің аздығы. Балалар контентінің психологиялық әсерін, олардың жасына лайықты қажеттілігін зерттеу әлі толық қалыптаспаған. Бұл салада деректер жеткіліксіз болғандықтан, шығармашылық жобалар көбіне болжамға сүйеніп жасалады. Барлық осы факторларды ескерсек, балаларға арналған отандық контентті дамыту үшін жас ерекшелігіне сай, ұлттық құндылықтарға негізделген, сапалы әрі қолжетімді жобаларды көбейту қажет. Әр туынды тек көңіл көтеру құралы болмауы тиіс. Ол балаға рухани азық беріп, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталуы керек. Егер осы бағыт жүйелі түрде жалғасса, ертеңгі ұрпақ тек контент тұтынушысы ғана емес, өз мәдениетінің белсенді сақтаушысы болмақ.


– Қазір жазылып жатқан немесе жоспарланған балалар әндері бар ма?


– Ия. «Бағдаршам», «Санамақ», «Бастауыш мектеп» деген үш ән жазып бітірдім. Енді балабақша балаларына лайық бір-екі шумақтық жеңіл әндер жазуға отырдым.


– Шабытыңыз шарықтай берсін! Сүбелі сұхбат үшін алғыс білдіремін!


Әңгімелескен: Бауыржан Мейірханұлы.

Бөлісу