Әйгілі Эйфель мұнарасының бір бөлігі сатылды

0
88


Әйгілі Эйфель мұнарасының бір бөлігі сатылды

architime.ru

ERNUR.KZ. Аукционда Эйфель мұнарасының бір бөлігі сатылды, деп жазады Ulysmedia.

Эйфель мұнарасының тарихи баспалдағының бір бөлігі Франциядағы аукционда 450 мың еуроға сатылды. XIX ғасырдың соңында жасалған бұл металл конструкция мұнара қабаттарын жалғап тұрған.

Arcurial аукцион үйінің хабарлауынша, сатылған баспалдақтың салмағы 1,4 тонна, биіктігі 2,7 метр, 14 сатыдан тұрады. Әу баста аукцион 120–150 мың еуродан басталған. Сауда барысында аты-жөні жарияланбаған француз коллекционері ең жоғары баға ұсынып, оны 450 мың еуроға сатып алған. Ол 40 жыл бойы жеке коллекционердің қолында болған. Сатылымға шығарар алдында реставрациядан өткізген.


Фото: Alice Sacco/REUTERS

КОНТЕКСТ

Баспалдақты 1983 жылы Эйфель мұнарасына модернизация жасалған кезде алып тастаған. Ол мұнараның екінші және үшінші қабаттарын жалғап тұрған. Сол уақытта оның келушілерге қауіпті екені айтылып, баспалдақтың орнына лифті қойылған.

Баспалдақты 24 бөлікке бөлген. Қазір ол әлемнің түкпір-түкпірінде құнды жәдігер ретінде тұр. Атап айтқанда, Нью-Йорктегі Бостандық статуясында, Диснейлендте, Жапониядағы жеке саябақтардың біріне қойылған.

Эйфель мұнарасын 1889 жылы Дүниежүзілік көрмеге арнап инженер Гюстав Эйфель орнатқан. Бастапқыда мұнара уақытша қойылған. Көрмеден кейін алынып тасталуы тиіс болған. Бірақ уақыт өте келе ол Париждің басты символына айналды. Қазір нысан әлемде туристер ең көп баратын жерлердің бірі.