Мазасыз балшық туралы ертегі – Бердалы Рысбеков

0
1 950

Қандай да бір ғажайыптың құдіретімен кенет әлгі балшық текеге тіл бітті.


Мазасыз балшық туралы ертегі – Бердалы Рысбеков

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Ербол деген бала бір күні сазбалшықтан ғажап бір ортеке жасап, терезе алдына қоймақ болады. Алдымен оның қарқарадай мүйізін, шолтиған шашақты құйрығын, төрт аяғын жасады. Одан соң оның қалқиған екі құлағын, сақалын, тіпті мойнындағы тұмарша түймесіне дейін ұмытпай, ұқыптылықпен істеп шықты.Несін айтасың, теке текемісің-ақ дейтіндей, әдемі шығып еді. Мұнысына өзі риза болған Ербол текені құрғатпақ болып терезе алдына қойғаны сол, мына қызықты қараңыз, қандай да бір ғажайыптың құдіретімен кенет әлгі балшық текеге тіл бітті.


-И- и-и – деді кәдімгі адамша сөйлеген ол Ерболға, - Менің теке болғым келмей-ді. Одан да мына мені даланың арлан бөрісі етіп етіп жасасайшы. Мен арлан бөріге жемтік болуды қаламаймын.


-Жарайды – деді оның адамша сөйлегеніне қайран болған Ербол, - Жарайды, бөрі жасасам жасайын.


Сөйдеді де, ол саз балшықты қайта илеп жіберіп, бөрі жасай бастады. Азу тісі ақсиған, алпамсадай, кәдімгі аш бөріні жасады. Түрінен адам шошырлық бөріні терезе алдына енді қоймақ болып еді, кенет сазбалшық қайта сөйлей бастады.


-И-и-и! Ойламаппын. Менің жауыз бөрі болғым келмейді. Сайын далада ерке желмен жарысқан жүйрік тұлпар болғым келеді. Одан да меннен жүйрік ат жасашы, - деп өтінеді.


-Амал не, сен өтінсең жасайын, - деп, қынжылған Ербол енді нағыз бір сәйгүлік тұлпар жасамаққа кірісті. Бар ынтасын салып құйрық жалы төгілген, қамыс құлақ, нағыз арғымақтың өзін жасады. Бунақ-бунақ әр мүшесі ойнап тұрған нақ бір тірі ат секілді.


Сол-ақ екен, --И-и-и, кешір мені Ербол, деді сазбалшық, - қателесіппін. Тұлпар дегеніңнің құр желігіп шапқаннан басқа білері жоқ дейді. Босқа желе бергенненне шығады.Одан да мен...


Сазбалшық ұялған боп басын қасыды.


-Ия, енді сеннен не жасайын? – деді бұған қатты ашуланған Ербол, - Кім болатыныңды неге бірден ойланып айтпайсың?!


-Мен, мен... құс болсам деп едім. Сонау көкке самғап ұщқанды сондай жаным сүйеді.


-Оған менің уақытым жоқ. Қарным ашты, - деді Ербол кетпек болып.


-Жалынамын, тоқтай тұршы, - деді оған тағы да сазбалшық, - Ербол сен жақсы баласың ғой. Менің сонау көкте самғап ұшқан қыран болғым келіп тұр. Күллі дүниенің, анау биік таудың үстінде шырқап ұшсам деп едім.


-Сенің болғың келмеген не қалды өзі?! Жарайды. Қыран болса қыран да...


Ербол тағы келісті.


Сөйтті де ол әлгі әдемі арғымақты үгіп, қайта илеп, алып бүркіт жасай бастады. Әрине, қанаттары тарам-тарам қыран бүркітті жасай салу оңай емес. Оның үстіне, бүркіт дегенің жақыннан көрген құсы да емес. Бар зейінімен ары жасап, бері жасап, әрең егенде бітірді-ау! Сол-ақ екен, тағы да, -И-и-и, - деген дауыс шықты сазбалшықтан.


-Енді не ойбай?!


-Мен бүркіт болуды қаламаймын.


-Сонда нені қалайсың? – деді күйіп кеткен Ербол ашудан булығып.


-Мысықты...


-Мысықты?! Кәдімгі мяу-мяу мысықты ма?!


-И-и-иә!


Бұдан арыЕрбол шыдамады. Сазбалшықты алды да, бар пәрменімен құлаштап жерге ұрды.


-Міне саған мысық!


Одан қайта алып, қайта ұрды.


-Міне, енді мысық боласың! Одан соң тышқан!...


Сөйдеді де, ол алды-артына қарамай кетіп қалды. Быт-шыт болған сазбалшық сол жатқаннан мол жатты. Бір күндері өрттей жанып күн қуырды. Бір күндері шелек-шелек жауын төпеп, сел шайды. Әйтеуір, аз күннен соң сол мазасыз сазбалшықтан титімдей де із қалмады.