Қайда қарасаң – шөп арасында кетіп бара жатқан тасбақа.
Қарабала атқа қонды. Кісі мінсе кібіртік, бос жіберсең суаяқ құла жусан санатар мыжың жүрісіне салып, мимырт басады. Сала құлаш резеңке шыбыртқы Қарабаланың малынған ұзын жеңінің ішінде.
Ауылдың алдындағы қара жал қақырай сөгіліпті. Қайда қарасаң – қарс айырылып жатқан жарық. Қайда қарасаң – шөп арасында кетіп бара жатқан тасбақа. Тұқшаңдаған немелер тұяқ дыбысын естігенде мойындарын іштеріне тығып бұға қалады да, сәл ұзасаң, қайтадан тарбаңдай жөнеледі.
Міне, керемет! Табаның орнындай бір үлкен жарықтан енді шыға берген тасбақа аяғы аспаннан келіп, үйелеп қалыпты. Қыртыс-тыртыс қысқа мойнын әнтек созып, жан дәрмен тырбаң-тырбаң етеді. Аузында бір тал шөп. Бидайдың дәніндей екі шегір көз бетіңе бедірейе қарайды.
Қарабала шыбын жаны көзіне көрініп азапқа түскен бейшараны етбетінен аударып салайын деп, шыбыртқысын созып еңкейе берді де, тасбақаның жазғытұрым жер астынан тістеп шыққан шөбін алған адамның қай қалауы да орындалады дейтін әңгіме ойына оралып, атынан түсті. Қасына барды. «Бісміллә!» деп шөпті алды. Инедей ғана бір тал шөп. Құмақтарда көп өсетін көсіктің сабағына келіңкірейді. Алақанына салып, сипап көрді. Сосын көзі бақырайып үйелеп жатқан тасбақаны етбетінен аударды. Атына мінді. Анадай жерге барып артына бұрылды. Киелі тасбақа әлі бауыр көтере қоймаған қу жусандардың арасына қарай тырмыса жорғалап барады.