"Бөлек тұрсам да күн бермейді": жас келіншек енесі мен қайын әпкелерін көргісі келмейтінін айтты

0
303

"Қыздарының бағы жанбағанына мен кінәлі сияқтымын..."


Сурет: i.pinimg.com

«Қанша сынақ болса да төземін дегеніммен, мен де ет пен сүйектен жаратылған пенде болғандықтан, кейде қатты шаршап, налимын. Жаным ауырып, күйзеліп, іштен тынып қана жүрмін. Жегідей жейтін жайттар болып жатыр өмірімде. Ішкі сырымды біреуге ақтармасам, жынданып кететін сияқтымын.»

Жанарының осы сөнуге шақ қалған келіншек бұл үшін ERNUR.KZ порталын, оқырмандарын таңдағанын жеткізді.


«Тұрмыстамын, отбасы құрғанымызға да міне биыл алты жыл болды. Жолдасым үйінің кенжесі және ұлдан жалғыз тұяқ. Қайынапаларым көп бірақ. Көп болғанына емес, олардың бізге тыныштық бермей, әрбір ісімізге киліге беретініне ашуым келеді. Ата-енемізден бөлек тұрамыз, ол кісілер өздері жас болған соң, бізге де рұқсаттарын беріп, «Бөлек тұрыңдар, өздерің үй-жай алатын әрекеттеріңді жасаңдар. Бізге қарайламаңдар» деп бөлек шығарған.

Бөлек шыққанда да дайын үйіміз жоқ, пәтер жалдап тұрдық. Жолдасымның жұмысы қалада болған соң, сондай шешім қабылдаған шығар ата-енем. Ол кісілерге өкпем жоқ. Олар да бізбен араз болғандықтан, бөлек шығарды деп ойламаймын, балаларының болашағын ойлаған шығар. Оның үстіне, олар жалғыз қалған жоқ, тұрмысқа шықпаған бір қайынәпкем бар. Сол кісі ата-анасына қарайласып отырады, сол үйде тұрады ғой. Сосын мен де аса қатты қысылмадым, өздері рұқсат беріп тұрған соң.

Содан кейін жолдасым «Бұлай пәтер жалдап тұра берсек ақша жиналмайды екен. Одан да сенің ата-анаңның үйіне барып тұра тұрайық уақытша. Анаңа да қарайласатын адам керек қой үйдегі жұмыстарына» деген соң, анамнан рұқсат сұрадым. Әкем бізді кішкентай кезімізде тастап кеткен. Өзі екі қыз едік. Әпкем де, мен де тұрмысқа шыққасын анам үйде жалғыз қалған еді.

Анам аурушаң. Жалғыз өзі әпкем екеумізді жеткіземін деп тапқан ауруы болса керек, сәл нәрсеге ауырып қала береді. Соны меңзеп отырғаны ғой күйеуімнің.

Анам менің бұл ұсынысыма, әрине, қуанды. Содан көшіп бардық. Мен анама қарайласып әрі үйден тәттілер пісіріп саттым. Жолдасым жұмыс істеді. Осылай бірсарынды тіршілік етіп, аз да болса, өз үйімізге деп ақша жинап жап-жақсы тұрып жатқанбыз. Біздің осылай бақытты болып тұрып жатқанымызды қайынәпкелерім көре алмады ма екен, жиі шағыстыратын болды күйеуім екеумізді. Одан қалса, ауылда тып-тыныш өздерімен өздері өмір сүріп жатқан енеме де мені жаманатты етіп көрсетіп, оның да көзқарасы өзгеріп қалған.

Жақында енем еңбек демалысына шығып, қалаға қыдырып келген еді. Қызының үйінде жатқан. Мен «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, банка жабуға кіріскен болатынмын. Сол кезде қайынәпкем үйіне қонақ шақыратын болып, мені көмектесуге шақырды. «Енді бастап қойған ісімді тастап кетпеймін ғой, банкамды жауып бітіре салайын, содан соң барам» дегеніме қоймай, алып кетті.

Барсам енем салат турап отыр екен. Мен пешке самса пісіруге кірісіп кеттім. Қайынәпкемнің қонақтары келгенше дастарханды дайындап беріп, үйге асықтым. Өйткені, жабылмай қалған банкаларым бар. Енді маған ренжімейтін шығар, барлығын дайындап беріп кеттім ғой, енді тек қана қамырын жайып, салып берсе болғаны қонақтарға.

Бірақ, қайынәпкем енеме мені әбден жамандап, «Адам сияқты шақырып едім, жартысынан тастап кетті» деп өкпелепті. Соны үйге жеткенше шыдамай, телефон соғып айтты. «Оған жағдайымды айтып, түсіндіріп кетіп едім ғой» десем енем ашуланып, «Ертең де күн бар еді ғой, бүгінге қарап қалдың ба? Келін болғаныңнан не пайда, қолғабыс ете алмасаң» деп ренжіп, тұтқаны тастай салды.

Мен қатты шаршағаным соншалықты, банканы жауып болған соң орындарын жинауға күшім қалмай, былғанған ыдыс-аяқтарды таңертең жуып алармын деп жатып ұйықтап қалдым. Тұрсам енем келген екен. «Сен бізді мүлде сыйламайсың ба? Әдейі сылтау айтып кетіп қалдың. Жапқан банкаларың қайда? Әлі бітпегенсің ыдысыңды да жуып» деп сөйледі.

Одан бөлек небір сөздер айтып жатыр. Біраз үндемей шыдадым. Өзі үш қайынбикем бар. Үлкені тұрмысқа шықпаған, екіншісі бір рет күйеуімен ажырасып қайта қосылды. Үшіншісі ажырасып кеткен. Солар үшін быт-шыт болып қырылдық. Екі ортада біздің ұрысымызға куә болған анамның жүрек талмасы ұстап, дір-дір етіп қалды.

Енем қыздарының тұрмыста бағы ашылмағанына мен кінәлідей, қыздарына қас жау көреді. Оларға жамандық тілемеймін ғой. Бірақ мені жүндей бергендерінен көңілім қалған, көргім келмейді ешқайсын.»