​Ұлттық кодты күміс арқылы сөйлеткен шымкенттік шебер

0
110

Ол бүгінде қазақ әшекейлерін әлемге танытып жүр


​Ұлттық кодты күміс арқылы сөйлеткен шымкенттік шебер

суреттер: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақтың байырғы тұрмысында зергерлік өнер – тек сән-салтанаттың емес, салт-дәстүр мен сенімнің де айнасы болған. Әр сақина мен білезіктен бастап, бойтұмар мен алқаға дейін – барлығы белгілі бір мағынаны, астарлы ұғымды бойына сіңіріп, халықтың рухани дүниесімен, өмір сүру салтымен біте қайнасқан. Бұл – халқымыздың ежелден келе жатқан рухани кодтарының бірі.
Зергерлік – көздің ғана емес, көңілдің ісі. Күмістің жылтырын, алтынның салмағын, асыл тастың қасиетін танып, оны әдемілікпен үндестіре білген шебер ғана нағыз зергер бола алады. Мұндай зергерлер халық жадында тек ісмерлігімен ғана емес, жүректегі жылуын бұйымға сіңіре білген өнерімен есте қалады.
Солардың бірі – бүгінгі таңда дәстүрлі қазақ зергерлігін жаңғыртып, оны кәсіби деңгейге көтеріп жүрген шебер Икрамжан Рафиков. Ол – ата-баба мұрасын тек мұрағаттан емес, шын ықыласпен зерделеп, қолөнер арқылы қайта тірілтіп жүрген жан.

Шымкенттік Икрамжан Рафиков 2022 жылғы халықаралық Global Eco Artisan Awards байқауында жеңімпаз атанған. Аталмыш байқауға Швеция, Ұлыбритания, Колумбия, Испания, Италия, Мьянма, Грузия мен Кениядан келген үздік он финалистің ішінен оқ бойы озық шықты. Икрамжан дайындаған әшекей XV–XVI ғасырларда Батыс Қазақстан әйелдері таққан өңіржиек үлгісі негізінде жасалған. Археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, зергер осы көне үлгіні заманауи интерпретациямен жаңғыртыпты. Нәтижесінде «Батыс Қазақстан» атты жинақ дүниеге келді. Оған өңіржиек, білезік, сырға, алқа мен жүзік кіреді. Бұл туынды шеберге «Жойылып бара жатқан қолөнер» номинациясы бойынша жеңіс әкелді.
Икрамжан Рафиковтың зергерлік жолы әкесі Мухамаджан Рафиковтың қолдауымен басталған көрінеді. Ол баласының темірмен жұмыс істеуге деген ерекше қызығушылығын байқап, оны атақты зергер Абдулла Наурызбаевқа шәкірт етіпті. Кейіпкеріміз содан бері кәсібінен береке тауып, қазақ өнерін дамытуға өз үлесіп қосып жүр.
«2012 жылы менің «Құдағи жүзік» атты туындым ЮНЕСКО-ның «Шеберлік сапа белгісіне» ие болды. Ал 2013 жылы «Әженің сақиналары» атты жиынтық республикалық «Шебер» байқауында жеңіске жетіп, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Байқауға жай ғана бұйыммен қатысу жеткіліксіз екенін түсіндім. Идея қажет, әрі оны ұғынықты түрде жеткізе білу керек. Сол себепті мен «Әженің сақиналары» шкатулкасын ойлап таптым: әйел өмірінің әр кезеңін бейнелейтін жеті түрлі жүзік бар ішінде. Қыз кезінде тағып жүрген жүзігі, келін боп түскенде тағатын жүзігі, ана болғандағы жүзігі... Соңында, әже болғанда қалған аз ғана, бірақ жүрекке жақын, қымбат жүзіктер. Бұл – әр қазақ әйелінің өмір жолын керемет суреттеді», - дейді И.Рафиков.

Икрамжан мырзаның «Билік жүзігі», «Әскер қыз» деп аталатын туындыларының философиялық астары да ерекше. Күрделі, бірнеше бөліктен тұратын сақиналарда рух пен ерлік, аналарға деген тағзым бейнеленген. Қазақ қыздарының батырлығын әйгілейтін айрықша дүние.
«Билік жүзігін» жасағанда, театрда жұмыс істеген он жылым пайдасын тигізді. Ол жүзік – әдемі әшекей ғана емес, бір рулы елдің анасы, әйел көсемнің бейнесі. Тіпті кейде бұл сақина батыр қыздардың жекпе-жекке шыққан кезін де еске түсіреді. Сондықтан мен оны «Әскер қыз» деп атадым», - дейді кейіпкеріміз.
Икрамжан мырза тек күміспен жұмыс істейді. Ол күмісті «мейірімді металл» деп атайды. Ал кейде фонын әшекейлеу үшін алтын жалатады. Ал тастардан сердолик, бирюза мен халцедон пайдаланады. Шебердің айтуынша, бұл тастардың түсі мен энергетикасы қазақ болмысына жақын келеді екен.

«Күмістің денсаулыққа тигізетін пайдасы көп. Оның құрамында микробты жоятын қасиет бар. Соны білген ата-бабаларымыз қолында күміс жүзігі жоқ адамның қолынан тамақ ішпеген деседі. Баяғы әжелеріміз қолына қос білезік таққан. Не үшін? Себебі адамның қан қысымы жоғарылаған кезде әлгі білезік қарайып, қан қысымын реттейді», – дейді Икрамжан Рафиков.

Кейіпкеріміз Икрамжан Рафиковті еліміздегі креативті индустрияны дамытуға үлес қосып жүрген талант иесі десек артық емес. Ол қолөнершілер Одағының қолдауымен Непал мен АҚШ-та шеберлермен тәжірибе алмасып, өзін әлемдік деңгейде сынап көруге мүмкіндік алды. Бұйыртса алдағы уақытта да қазақ қолөнерін әлемге танытуға бар күшін салмақ ниетте.

Жалпы, Шымкент қаласында үш мыңға жуық адам креативті индустрия саласында еңбек етіп жүр екен. Осы салада жүрген шымкенттік шеберлер мен дизайнерлер тек ішкі нарықпен шектелмей, ТМД елдеріне де өнімдерін ұсынуға күш салып келеді. Сұраныс бар. Мемлекет тарапынан қолдау да бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан хал¬қына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отан¬дастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл – өте маңызды мәселе» деген болатын.
Ендеше, кейіпкеріміз секілді шеберлер мен зергерлерге өз ісін дөңгелетіп, әлемдік нарыққа шығуға ұмтылу ғана қалып тұр.

Осы орайда біздің кейіпкеріміздің еңбегі – ерекше атап өтерлік үлгі. Оны шетелдік әріптестері «қазақ жүзіктерінің әміршісі» деп атайды. 33 жылдан бері ұлттық кодты күміс арқылы сөйлетіп, күмістің қасиетін қастерлеп, қолөнерді жанымен сезініп келе жатқан шебердің таланты мен талабы креативті индустрияның болашағына үлкен үміт береді.

А.Қасымбек,

ERNUR.KZ

Бөлісу