Астанада 14-қабаттан секірмек болған қызды құтқарған адам марапатталды

0
213

Министрлік оған қызметтік міндетін жауапкершілікпен орындағаны үшін алғыс білдірді.


Астанада 14-қабаттан секірмек болған қызды құтқарған адам марапатталды

Фото: ТЖМ

ERNUR.KZ. Астанада ТЖД қызметкері Саят Пшембаев биік қабаттағы тұрғын үйден қызды құтқарып, ерлігі үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамотасымен және құнды сыйлықпен марапатталды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оқиға елордадағы тұрғын үйдің 14-қабатында болған. Қыз баланың өміріне қауіп төнген сәтте Саят Пшембаев еш ойланбастан жоғары қабатқа көтеріліп, өз өмірін қатерге тігіп, оны аман алып қалған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушының әрекеті кәсіби дайындық пен шынайы ерліктің үлгісі болған.

«Мұндай қадамдар құтқарушы мамандығының шынайы мәнін көрсетеді — қиын сәтте жанында болып, өз өмірін өзгелердің амандығы үшін тәуекелге тігу. Біз адамдардың өмірін құтқаруды өз өмірлік ісіне айналдырған қызметкерлерімізді мақтан тұтамыз», — деді министр Шыңғыс Әрінов.

Саят Пшембаев — елордадағы жедел-құтқару жасағының тәжірибелі мамандарының бірі. Әріптестері оны сабырлы да батыл адам деп сипаттайды. Министрлікте оның кәсібилігі мен жанқиярлығын атап өтіп, қызметтік міндетін асқан жауапкершілікпен орындағаны үшін алғыс білдірді.