Жеті өнерпаз – ертегі

0
1 013

Бұл ханның ұлы болмапты, жалғыз-ақ ай десе аузы, күн десе көзі бар Қаншайым атты бір қызы болыпты. Қыздың сұлулығы сондай, қараған адам есінен танып қалады екен.


Жеті өнерпаз – ертегі

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Баяғы өткен заманда байлығы жұрттан асқан бір хан болыпты. Бұл ханның ұлы болмапты, жалғыз-ақ ай десе аузы, күн десе көзі бар Қаншайым атты бір қызы болыпты. Қыздың сұлулығы сондай, қараған адам есінен танып қалады екен. Күндердің бір күнінде Қаншайым қыз қырық қыз нөкерімен сейіл құрып, суға түсуге барады. Суға түсіп бола берген кезінде Қаншайымды көктен бір қарақұс келіп, көтеріп кетеді. Қырық қыз шулап қала береді. Бірнеше күнге дейін ханға естіртуге ел-жұрт бата алмайды. Бір ақсақалды шал келіп естіртеді. Хан есінен танып, тағынан құлап түседі. Ел-жұрты кетіп, тыныштық үйде хан есін жиып, бақсы-балгер, қожа-молда жинайды, қызды олардың бірі де біле алмайды, бәрінен де жәрдем болмайды. Тек ханның уәзірі Назар келіп, ханмен ақылдасып, былай дейді:


- Мұхиттың ар жағында балықшы Сәлім деген бар, оның жеті өнерпаз баласы бар. Бір тапса, солар табады. Жаныма бес жүз әскер қосып беріп, темірден кеме соққыз да мені соған жібер. Хан табанда барлық айтқан керегін дайын қылып, бас уәзірді аттандырады. Назар сумен жол жүріп, бір айда аман-сау мұхит теңізінің ар жағындағы Сәлім шалға жетеді. Барса, жеті өнерпаз балалары жоқ, шалдың өзі ғана отыр екен. Сәлім шал әскермен келген Назардан қорқып кетеді. Назар уәзір Сәлім шалға мән-жайының бәрін баян етеді, ханның алтын мөрін басып, өтініп жазған хатын береді, әдейі іздеп келгенін айтады. Сол арада Сәлім шал балаларын шақырып алып:


- Айлық алыс, шет жерден сендердің өнеріңді естіп жетіпті. Нәсіп болса барыңдар. Егер тапсаңдар, дүние-мүлкімен қызын береді. Өнерді ішке сақтамай, сыртқа шығарыңдар! - дейді.


Сонымен жеті өнерпаз ханның бас уәзірі Назарға еріп жүреді. Бұлар бірнеше күн жол жүріп, бір-екі күн қалғанда сүйінші сұрауға Назар ханға бір кісі жібереді. Ол барып сүйінші сұрағанда хан аямай сүйінші беріп, алдынан бес жүз ошақ қаздырып, той жасайды. Аман-сау жеті өнерпазды алып Назар да келеді. Хан жеті өнерпазды көріп, қатты қуанып, бала кайғысының бәрін ұмытқандай болады. Бірер күн тыныққан соң, хан қасына жеті өнерпазды ертіп баяғы қызды көтеріп әкеткен қарақұстың қасына келеді. Қарақұс қызды алып аспанға ұшады. Жеті өнерпаздың ішіндегі үлкені аспанға ұша біледі екен, барлығын сол бастап, қызды көтеріп ұшқан қарақұстың көлеңке ізіне түсіп қуады. Бұлар көкте жеті күн, жеті түн ұшады, сегізінші күн дегенде құсты көреді. Бір дарияның жағасында құс отыр, қыз шашын тарап тұр екен. Қуғыншылардың дабыл қағып ұшқан екпінінен қорқып, қарақұс қызды алып, тағы да аспанға ұшады. Сонда қуғыншылар: «Қыздан айырылдық», - деп жылайды. Жігіттердің үлкені екіншісіне: «Өнеріңді істе», - дейді. Екіншісі асқан мерген екен, құстың екі қанатынан көздеп атқан оғы оның екі санын жұлып түседі. Аспанда шыр айналып келіп, қыз суға түскенде, үшіншісі сушыл екен, суға сүңгіп, қызды алып шығады. Қыз жұтқан суын қайта құсып, аман түрегеледі. Бұлар енді судан құрғаққа шыққан кезде, бір үлкен айдаһар бәрін лебімен жұтып барады екен. Енді бұлардың төртіншісі асқан ұста екен, қолындағы екі тасын бір-біріне соғыстырып қалғанда бес шақырым жерден қорған соғылады екен. Ол тасын қолына алып соғыстырып еді, бес шақырым жерден қорған соғылып, әлгі айдаһар қорғанның сыртынан оралып жатып қалады. Бірнеше күн тас қорғанның ішінде бұлар да жатады. Айдаһар тас қорғанды сыртынан орап алып, қысып сыға бастайды. Бұлар қысылып өлер болған соң, бесіншісі де өнерін істейді. Бұлардың бесіншісі жер астынан жол салғыш екен, қолындағы асыл тасын шаққанда, бес шақырымдай жер астынан жол салынып шығады екен. Айдаһар сол күйінде таста оралып жатып қалады. Бұлар жер бетіне шыққан соң, еліне апаратын жолдың қай жақта екенін біле алмай, айласы таусылып, адасады. Бұлардың алтыншысы жол болжағыш екен, оқу оқып көзін сипаса, бір күндік жерден жол көреді екен. Алтыншысы өнерін істеп, бір күндік жердегі жолды табады. Бірақ өздері арып-ашып, шаршаған, жаяу жүре-жүре табандары тесілген, тамақтары және жоқ, аш әлсіреп қалады. Жетіншісі тағам жасағыш екен. Қойнындағы бір асыл табағын алып, жолдастарын күніне үш мезгіл тамаққа тойдырып отырады. Бұлар бірнеше күн жол жүріп, ханның ауылына жетеді, бәрі де аман. Қаншайым қызды да аман алып келеді. Сонан соң хан ат шаптырып той істейді. Хан елжұрты болып, жеті өнерпазға қатты риза болады. Хан жеті өнерпазға риза болғандықтан: - Қызымды біреуің жолдас қылып алыңдар, - дейді. Сонда тұрып жеті өнерпаздың ең үлкені:


- Бәріміз де істеген өнерімізді айтып өтелік, қайсымыздікі артық болса, сол алсын, - дейді. Хан мақұл көреді. Сонда ең үлкені тұрып:


- Бұл қызға менің істеген өнерім бәрінен басым. Мен болмасам бұл қыз жоқ еді, - деп жеті күн қарақұстың ізімен аспанда ұшқанын айтады.


- Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді ол. Екіншісі:


- Сенің өнерің таусылып, қызды қарақұс аспанға алып бара жатқанда мен атпасам, қыз жоқ еді. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді. Үшіншісі тұрып:


- Сен аспаннан қызды атып түсіргенде мен судан сүңгіп алмағанда, қыз жоқ еді. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді. Сонда төртіншісі тұрып:


- Мен тастан қорған соқпағанда, бәріңді де айдаһар жұтып қоятын еді, қыз да, сендер де жоқ едіңдер. Сондықтан да қыз маған тиісті, - дейді.


- Мен болмасам, бәрің де тастың астында қырылып өлер едіңдер, сондықтан қыз маған тиісті, - дейді бесіншісі. Алтыншысы тұрып:


- Бәрің де жол таба алмай адасатын едіңдер. Бұларды адастырмай, жол тауып берген мен емес пе? Қыз маған тиісті, - дейді. Ақырында жетіншісі тұрып: -Менің табағымнан ас жемесендер, бәрің де аштан өлер едіңдер. Сондықтан қыз маған тиісті, - дейді. Бәрі де өздерінің өнерін айтып, ханға жүгінеді. Хан білгіштерін жинайды. Сонда бір қария тұрып:


- Бұл жетеуінің бәрінің де өнері бірдей, бірақ қызды сүңгуірге қосыңыз, өйткені ол қызды басқалардан бұрын барып құшты ғой. Ал, қалған алтауына алты ханның қызын әперіп, алты жерге уәзір сайлаңыз, - дейді. Хан қызын сүңгуірге қосып, қалған алтауына алты ханның қызын әперіп, алты елді билетіпті. Сөйтіп, жеті өнерпаз мұратына жетіпті.


Ғазымбек Фархат, Атырау қаласы.