АФРИКА САПАРЫ: «Күн құрсағындағы құрлыққа» ғашық қылатын 4 ел

0
119

Онда баруға қандай туристер тәуекел етеді?


АФРИКА САПАРЫ: «Күн құрсағындағы құрлыққа» ғашық қылатын 4 ел

Фото: i.pinimg.com

Африкаға саяхат – туристер ағылып жатқан қатардағы тур емес. Оған жағажайдағы жалқау демалысты таңдайтындар емес, белгілі бір тәжірибесі, асқан қызығушылығы, мықты мотивациясы бар туристер ғана барады. «Барады» деудің өзі аз, мұндай сапарға «тәуекел етеді» деу орынды. Өйткені бұл сапарда жайлылық, инфрақұрылым, денсаулық, қауіпсіздік немесе табиғи жағдайлар тұрғысынан біраз қиындықтар болуы мүмкін.

Осыны біле тұра, «қара құрлықтың» құшағына асығатын қандай жиһанкездер?

1. Экстремалды және шытырман оқиға іздеушілер.

2. Табиғат пен жануарларды жақсы көретіндер.

3. Тәжірибелі саяхатшылар. Әртүрлі елдерді аралап көрген, мәдени айырмашылықтарға дайын адамдар.

4. Волонтерлер мен зерттеушілер.

5. Фото және деректі контент жасаушылар.


Алғашқы таныстық әсерлі, бірақ жайлы болғанын, ерекше, бірақ мәдени шоксыз өткенін, шытырманға толы, бірақ артық қауіпсіз болғанын қалайсыз ғой, иә? Ендеше, Африкаға сапарда беталбаты бағытқа кетпей, мына 4 елдің бірінен бастауға кеңес береміз.


Намибия

Аталған құрлықтағы ең дамыған әрі тұрақты елдердің бірі. Мұнда бірыңғай қара нәсілділер тұрмайды, ақ нәсілділер де көп. Туристік салада ағылшын тілі кең таралған. Африкаға алғашқы сапар үшін өте қолайлы, туристерге тұрмыстық жайлылық жасалған, қауіпсіз, ыңғайлы және қызмет көрсету деңгейі жоғары. Тағы бір маңыздысы, денсаулық мәселесі көп алаңдатпайды. Намибияда климат құрғақ болғандықтан, безгек пен сары безгек қаупі өте төмен. Арнайы екпе салдыру немесе дәрі ішу міндетті емес.

Қалаларда өз бетіңізбен саяхаттау қиын емес: инфрақұрылым дамыған, жергілікті халық мейірімді. Жолдар сапалы, жалға берілетін көліктер жаңа, қозғалыс тәртіпке сай, жол белгілерін іздеп адаспайсыз немесе тұрмыстық қиындықтарға тап болмайсыз.

Намибия пейзаждары басқа ғаламшардан келгендей әсер қалдырады. Бұл ел – ашық аспан астындағы үлкен «зоопарк» сияқты. Зебра, антилопа, арыстан, керік сияқты жануарларды жол бойынан-ақ көруге болады.

Бір сапарда Этоша ұлттық паркіндегіа «үлкен бестікті» көріп, Қаңқалар жағалауында кемелердің қалдықтарын аралап, Намиб шөліндегі ерекше табиғатты тамашалауға болады. Ең әсерлі орындардың бірі – Дэдвлей аңғары. Ал Свакопмунд қаласында құм төбелерінде квадроцикл тебуге, сэндбординг жасауға болады. Жақын маңдағы Сэндвич-Харбор аймағында шөл мен мұхит түйіседі, ал суда киттер мен дельфиндерді көруге болады.

Шөлдің жүрегі — Соссусфлей. Мұнда әлемдегі ең биік құм төбелерінің бірі — Big Daddy (325 м) орналасқан. Тағы бір ерекше орын – біртіндеп құм басып жатқан Колманскоп атты тастанды елді мекен. Людериц портты қаласы теңіз өнімдерімен, әсіресе устрицаларымен танымал.


Оңтүстік Африка Республикасы

ОАР – дамыған әрі заманауи ел, мұнда өзіңізді өркениеттен алыс сезінбейсіз. Сақтықты ұнататын саяхатшыларға, балалармен демалатын отбасыларға және жайлылықты бағалайтындарға өте қолайлы.

Кейптаун, Йоханнесбург және Дурбан сияқты ірі қалаларда көлік жүйесі дамыған, сауда орталықтары таныс форматта. Жолдардың сапасы өте жақсы, көлік жалға алып, елді еркін аралауға болады. Туристік аймақтарда жергілікті тұрғындар ағылшын тілін жақсы біледі, бұл қарым-қатынасты жеңілдетеді.

Асханасы да әртүрлі: фастфуд, стейктер, жерорта теңізі тағамдары және теңіз өнімдері кең таралған. Негізгі туристік аймақтарда безгек қаупі өте төмен. Арнайы екпе немесе дәрі қажет емес. Ауыз суды краннан ішпеген дұрыс.

Болдерс-Бич жағалауында мыңдаған пингвиндер өмір сүреді. Оларды арнайы алаңдардан бақылауға болады.

ОАР саяхатының «үш тірегі»: Кейптаун, сафари және мұхит. Бір сапарда-ақ Кейптаун қаласын аралау, Ізгі Үміт мүйісі көру, Стелленбоста шарап дәмін тату, Хермануста киттерді бақылау, Дракенсберг тауларында хайкинг жасау, Крюгер ұлттық паркінда сафари жасауға болады.


Кения

Бұл – сафари үшін идеалды ел, мұнда жабайы табиғаттың шынайы, бағынбайтын күшін көре аласыз. Сонымен қатар, мұнда сафари инфрақұрылымы жақсы дамыған: кәсіби гидтер сізге жолсерік болады, ал лодждар мен кемпингтерде жоғары деңгейде жағдай жасалған.

Саяхатшыларды әлемнің түкпір-түкпірінен тартатын басты оқиға – Үлкен миграция. Шілде-қазан айларында Масаи-Мара қорығында керемет көрініс орын алады: миллиондаған гну антилопалары мен зебралар Мара өзенінен өтіп, арттарынан жыртқыштар жүреді. Бұл табиғи құбылысты National Geographic фильмдерінде көрген болсаңыз, осында тікелей бақылауға болады.

Амбосели паркінде сіз Килиманджаро қар басқан шыңын фон ретінде пайдаланып пілдердің суретін түсіре аласыз. Ал Найваша көлінде үлкен бегемоттар арасында жаяу сафари жасауға болады.

Накуру көлі — мыңдаған фламингоның мекені. Мұнда олардың саны жер бетінде ең көп.

Намибия мен ОАР-дан айырмашылығы, мұнда малярияға қарсы алдын алу шаралары міндетті. Саяхат алдында, кезінде және кейін арнайы дәрілерді ішу – қауіпсіздіктің қажетті шарты. Сондай-ақ сары безгекке қарсы екпе салдыру ұсынылады.

Егер ұлттық парктерде жануарларды бақылау қызықтырмаса, басқа елді таңдау дұрыс.


Танзания

Танзаниядағы сафари турлары Кениядағыға ұқсас ұйымдастырылады: сол гидтер, лодждердегі жайлы жағдайлар, Үлкен миграция үшін екі елдің шекарасының маңызы жоқ. Бірақ Кения тек сафари ұсынса, Танзанияда қосымша қызықты жерлер бар.

Занзибар – Үнді мұхитындағы танымал курорт, дамыған инфрақұрылымымен, түрлі жағажайлары мен ойын-сауық орындарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ шетсіз-шексіз Серенгети ұлттық паркі, ерекше Нгоронгоро вулкан кратері, Африканың ең биік нүктесі – Килиманджаро, зеңгір көк сулы Занзибардағы жанға жайлы демалыс бар.

Танзанияда маршрутты мұқият жоспарлау керек: солтүстік парктер, оңтүстік қорықтар, Занзибар және Килиманджаро – бәрін бір сапарда қамту қиын. Сондай-ақ малярия алдын алу және сары безгекке қарсы екпені ұмытпау қажет.


Туристерге кеңестер

  • Сафари уақытын басқа іс-шаралармен араластырған жөн. 2-3 күн қатарынан сафариге шығу қалжыратады.
  • Ішу және тіс тазалау үшін тек бөтелкедегі суды пайдаланыңыз. Краннан ағатын судан сақ болыңыз.
  • Африкада кез келген жерде өз шатырыңызды қрып түнеу қауіпті. Қауіпсіздік ұлттық парк шегінде ғана қамтамасыз етіледі.
  • Құм бархандарын еркін аралауға рұқсат жоқ, рұқсат берілген жерлер мен тыйым салынған аумақтарда арнайы көрсеткіштер мен ескертулер бар. Соларды басшылыққа алыңыз.
  • Туристік сақтандыру алдын ала рәсімделсін, минималды дәріхана жинаңыз.
  • Малярия қаупі бар аймақтарға ұшпас бұрын дәрігерге қаралу керек. Бұл ауру уақытында дәрігерге көрінсе, тиімді емделеді.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ВЕЛОСАЯХАТ: еліктіретін сапардың кедергісі де көп

Дубайдағы жарылыс туристерге қалай әсер етті?