Соңғы жылдары велосаяхат турлары қарқынды дамып келеді
Сурет: blogger.googleusercontent.com
Соңғы жылдары велосаяхат турлары қарқынды дамып келеді. Адамдар тек жаңа орындарды көрумен шектелмей, денсаулыққа пайдалы, экологиялық таза және шытырман оқиғаларға толы сапарларды таңдауда.
Велосипедпен саяхаттаудың көлікпен аралаудан артықшылығы – табиғатпен жақынырақ танысу, жеке шектеулерді жеңу және жаңа тәжірибе алу мүмкіндігі. Қазіргі уақытта бұл бағыт көптеген туристер үшін күнделікті өмірден демалудың, күш-қуат жинаудың және өз мүмкіндіктерін сынап көрудің танымал тәсіліне айналып отыр.
Велосипедпен саяхаттау романтикалық әсерге толы деп ойлайды көбісі. Алайда тәжірибе көрсеткендей, іс жүзінде бәрі мүлде басқа. Кез келген велосипедпен саяхат – шынайы шытырман оқиға. Көп жағдайда кедергілер туристің абайсыздығынан немесе дайындықтың жеткілікті дұрыс болмауы салдарынан орын алады. Болашақта велосаяхатқа шықпақ ойыңыз болса, осы ескертпелерді сақтап алғаныңыз абзал.
1. Ауа-райына байланысты мәселелер
Велосипедшіге ең үлкен қарсыластардың бірі – қолайсыз ауа-райы. Болжамшылар ауа райы жақсы болады деп уәде берсе де, аяқ асты құбылуына, кез келген жағдайға дайын болу қажет. Мысалы, жаңбыр жауса, не болатынын елестетіңіз. Шын мәнінде, ылғалды жағдайда саяхатқа психологиялық тұрғыдан дайын болу керек. Оған қоса, өзіңізді ғана емес, заттарыңызды, құжаттарыңызды да ылғалдан қорғауды тыңғылықты ойластыру қажет.
Күннен қорғау. Күннің ыстық болуы да велосипедшіге жайсыз. Ыстықта және ауыр физикалық жүктемелерде велосипедпен жүру жүрекке кері әсер етеді.
Мұндай ауа райында организмді шамадан тыс қинамай, жиі демалу керек. Демек, демалыс үшін тоқтайтын уақыт пен орынды алдын ала ойластырып, ыңғайлы етіп жоспарлау керек.
Киімді мұқият таңдау. Қатты қалың немесе ауа өтпейтін киім велосипедпен саяхатта көптеген қиындықтар тудырады. Өзіңді жайлы сезіну – сапардың ойдағыдай шығуының ең басты шарты. Кәсіби велосипедшілерге арналған арнайы киім болмаса да, қарапайым киімдерді саяхатта қалай үйлестіруді нақты білген жөн. Сонымен қатар, қосымша қауіпсіздік үшін үнемі өзімізбен бірге жылы киім алып жүру қажет.
2. Физикалық қиындықтар
Сырт көзге велосипед тебу оңай секілді көрінеді. «Онлайн картаны қосасың да, ершікке отырасың да, педальді айналдыра бересің...» деп ойлаймыз. Алайда шындықта физикалық мүмкіндіктерді асыра бағалау түрлі проблемаларға әкеледі. Мысалы:
- Тізе, бұлшықет, буын және бел ауыруы;
- Дем жетпеу, көздің қарауытуы, бас ауруы;
Қан қант деңгейінің төмендеуі және бас айналу;
Осының бәрі дайындық пен тәжірибенің жеткіліксіздігі немесе педальға шамадан тыс күш салудан туындайды. «Баяу жүрсең, алысқа жетесің» деген мақал осы жағдайда өте орынды.
3. Моральды – психологиялық жағдай
Велосипедпен саяхат – тек физикалық емес, сонымен қатар психологиялық сынақ. Бұл – рух күшін және ішкі мотивацияны сынау. Алғашқы күндері организм қарсылық көрсетіп, педальды айналдырудан бас тартады. Ми алда ұзақ жол күтіп тұрғанын қайталап ескерте береді.
Психологиялық тұрғыдан мұндай сынаққа әр адам дайын емес. Соның нәтижесінде – реніш, талаптар, айыптаулар пайда болады. Кейде әлсіздіктен жылауы да ықтимал. Көбіне моральдық- психологиялық қиындықтар төмендегі жағдайларда кездеседі.
Жүріс ритмін дұрыс орнатпау. Топпен жүргенде кейбір қатысушылар тез әрі белсенді қозғалу керек деп ойлайды, ал басқалары үлгермейді. Алдыңғы топтың үнемі асықтыруы реніш, агрессия тудырады. Бұл жағдайда жалпы қозғалыс концепциясын қабылдау қажет. Ол мүмкін болмаса, топты бөлу керек. Дегенмен мұндай жағдайды алдын-ала, яғни саяхатқа шықпас бұрын ойластыру қажет. Әрекеттер тізбесін алдын-ала талқылау реніш пен шаршауды болдырмауға көмектеседі.
«Тегіс жер» синдромы. Картаны қарап отырсаң, жол тегіс сияқты. Шын мәнінде, ол биікке көтерілулер мен төмендеулерден тұруы мүмкін. Жолдың осындай ойлы-қырлы болуы шаршатады.
Жоталар мен арықтар. Көптеген жаңадан бастаған велосипедшілер биік жота, тауға келгенде кері қайтады. Сондықтан мұндай саяхатқа саяхатқа шықпас бұрын барлық жүгімен бірге тәжірибе жасап, велосаяхат кезінде тауға шығу қалай болатынын түсіну маңызды. Сапарға аяқ басу-баспауды сол сәтте нақты шешіп алу қажет.
Қауіпсіздік және түнеме орын мәселелері. Саяхатта қауіпсіздік тек өзін қорғау құралдарын алып жүрумен шектелмейді. Мұнда маршрутты мұқият жоспарлау керек. Мысалы, тауларда жоспарланған аялдамадан өтіп кетіп, шатыр құроуға ыңғайсыз жерге тоқтауыңыз мүмкін. Түнде қалу үшін әрдайым альтернативті нұсқалар болуы қажет.
Жағдайға үміттену. Кейбір велосипедшілер жолда артық салмақ арқалаудан қашып, азық-түлік пен суды жолай кездесетін дүкендерден сатып алуды жоспарлайды. Алайда іс жүзінде барлық дүкендер ашық бола бермейді немесе барлық зат табыла салмайды. Бұл дегеніміз – азық пен сусыз қаласыз деген сөз. Бұлайша ресурстарды толықтырмау қауіпті. «Қиын күнге» шоколад немесе жаңғақ түрінде қосымша қор әрдайым велосипедшінің жүгімен болуы керек.
4. Техникалық жағдай
Велосипедпен саяхаттағы негізгі проблемалардың көбі велосипедтің техникалық ақауларына немесе автономияның жеткіліксіз болуына байланысты.
Ремонт жиынтығын елемеу. Алты бұрышты кілттер мен бұрағыштардан тұратын жиынтық – велосипедпен саяхатта ең маңызды заттардың бірі, ол әрдайым қажет болады. Уақытылы багаждық бөлшектер мен рульдің бұрандаларын қатайтып отыру керек. Велосипедке арналған ремонт жиынтығын елемеу мүмкін емес, ол саяхат кезінде аса маңызды.
Саяхатқа шықпас бұрын велосипедті дұрыс күтіп-ұстау. Күтімсіздік критикалық ақаулар мен қозғалыстағы қолайсыздыққа әкелуі мүмкін. Мысалы, тізбекті майламасаңыз, ол шиқылдайды және тез тозады. Педаль айналдыруда моральдық қолайсыздық туындап, «шыңылдаған арбамен» жүргендей сезім пайда болады. Тежегіш сымдарын майламау тежегіштердің жабысып қалуына әкеледі. Жалпы, мойынтіректерді дұрыс күтпесе, педаль айналдыру кезінде көп күш жоғалады. Кез келген велосипед ұзақ сапарға шықпас бұрын мінсіз күйде болуы керек.
Салмақты тең бөлмей жүктеу. Велосипед – төзімді құрылым, бірақ оны қосымша 20 кг салмақпен жүктегенде, төзімділігі азаяды. Шпилькаларды қатайтуды елемесеңіз, олар бірінші болып ұшып кетеді. Салмақты алдын ала дұрыс бөлу қажет: маңызды заттарды велосипед рульіне, алдыңғы сөмкелерге немесе багаж тірегіне орналастыру.
Дөңгелектің тесілуі. Бұл велосипедшілерде ең жиі кездесетін мәселе.
Автономды энергия көзінің болмауы. Powerbank-тің заряды жеткілікті болатынын алдын ала дұрыс бағалау қажет. Қажет болса, күн панелін алу немесе велосипедке динамотірек орнатуды қарастыру керек.
Аударған: Бауыржан ЕРМАН;
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
Дубайдағы жарылыс туристерге қалай әсер етті?
ИРАН, ИЗРАИЛЬ, АҚШ...: 2026 жылы 74 ел саяхатқа қауіпті деп танылған


