Біздің елімізде де керемет демалыс орындары бар.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Сіз Алматы қаласының маңына саяхаттауды жоспарлап, бірақ қайда барған дұрыс екендігін білмесеңіз, біз ең жақсы демалыс аймақтарын назарыңыызға ұсынамыз.
"У Михалыча" фазендасы
Бұл өте әдемі орын Іле Алатауының бөктерінде орналасқан. Келушілер жергілікті саумалды, яғни бие сүтін мақтайды. Кешке аумақта барлық қонақтар үшін алау жағылады. Бос уақытты өткізудің көптеген нұсқалары бар: моншаның бірнеше түрі, атпен серуендеу, бассейн және шағын хайуанаттар бағы. Хайуанаттар бағының басты жануары – қолға үйретілген бұғы. Жылы мезгілде қозыларды, торайларды және қояндарды көруге болады. Мұнда спорттық балық аулау клубы да ашылған. Арнайы бөлмелер мен коттедждерге орналаса аласыз. Мұнда бассейнге түсу, балық аулау, монша, спорт және ойын алаңы, караоке сынды ойын-сауық іс-шаралары жиі ұйымдастырылады.Ас мәзірінде эко-өнімдерден үй тағамдарын ұсынады.
"Түрген саяжайы" демалыс аймағы
Егер сіз қаланың қарбаласынан алшақтап, табиғи тыныштықты сезінгіңіз келсе, Түрген тауларында орналасқан демалыс аймағына барыңыз. Мұнда тек тыныштық және тыныштық. Коттедждерге, қонақүйлерге орналасып, барбекю, кәуәп пісіріп, табиғат аясында демалуға болады. Ал, балалар үлкен ойын алаңында көңіл көтере алады. Жақын жерде Карнак және аю сарқырамасы бар. Мекен-жайы: Түрген ауылы, Қонаев көшесі, ½.
Kamishy Eco Resort демалыс аймағы
Алматыда тау туризмі ғана емес, дала туризмі де қолайлы. Мәселен, Kamishy Eco Resort-та сіз көлде және дала кеңістігінде балық аулауды ыңғайлы түрде тамашалай аласыз. Сондықтан бұл жер балық аулауды жаңадан бастағандар үшін қолайлы. Бұл "ЭКО" демалыс форматын ұсынатын Қазақстандағы алғашқы жобалардың бірі. Фермерлік мейрамханаларда ұсынылатын өнімнің барлығы табиғи, жергілікті үйлер табиғи материалдардан, атап айтқанда қамыстан жасалған. Сонымен қатар, пикникке баруға немесе басқа да көптеген қызметтерді пайдалануға болады. Әр үйге барбекю, қазан-ошақ және 8 адамға арналған ашық аспан астындағы тапчан қоса беріледі. Мекен-жайы: Шаболовка көшесі, 487.
"Первомай тоғандары"
Первомай тоғандары – бұл отбасылық және белсенді жастар демалысы үшін қажет нәрсенің барлығы бар орын. Мәселен, мұнда экстремалды спорт түрлерімен айналысып, көрінісі керемет мейрамханада ас ішіп немесе айналада серуендей аласыз. Кешен аумағында саябақ және Гагарин Вейк паркі, балалар вейкбординг мектебі, вейкборд дүкені, Sup Boarding, бассейн, құмды жағажай, аквапарк, қайық станциясы, спорт алаңы, "нан және шарап" фермерлер дүкені, сондай-ақ кафелер мен мейрамханалар жұмыс істейді. Мекен-жайы: Мұхаметжан ауылы, Первомай өнеркәсіптік аймағы, 11Б.
"Марал-Сай" биік таулы демалыс базасы
Бұл база Іле Алатауы шатқалындағы экологиялық таза демалыс аймағында, қылқан жапырақты орманмен қоршалған Маралсайдағы көркем көріністері бар жерде орналасқан. Аймақ тауда демалу үшін қажетті нәрсенің барлығымен толық жабдықталған. Балалар үшін жазғы демалысты өткізуге ең қолайлы орын болып саналады. Жыл мезгіліне қарамастан, ұйымдастырушылар кез-келген іс-шараны өткізе алады. База аумағында спорт және ойын алаңдары бар. Сонымен бірге, монша, сақ моншасы, бильярд, пикниктерге арналған беседкалар, атпен серуендеу, караоке, би алаңы, бассейнмен қамтылған. Мекен-жайы: Алмалық ауылы, Маралсай көшесі, 282.
Country Village Resort отбасылық демалыс кешені
Country Village Resort ұжым не отбасының серуендеп, тыныш уақыт өткізуіне өте қолайлы орын. Демалыс аймағы өзінің әсем табиғи ландшафттарымен танымал Ақсай шатқалында орналасқан. Бөренеден соғылған үйлер барлық қажетті заттармен жабдықталған. Мұнда сіз табиғат көріністерін тамашалап, таза ауада велосипедпен серуендей аласыз. Одан бөлек, пониге мінуге, гироскутер немесе квадроциклдермен серуендеуге, орыс моншасы, хамам немесе СПА-ға түсуге, караокеде көңіл көтеріп, бильярд ойнауға болады. Демалыс аймағында 25 және 50 орындық екі жабық мейрамхана бар. Мекен-жайы: Ақсай шатқалы, 1.
"Ақ бұлақ" биік таулы курорты
Биік таулы курорттың географиялық орналасуы сапалы демалыс ұйымдастыруға қолайлы. Мұнда барған адам таудағы велосипед жолдарымен серуендеп, ATV жарыстарына қатысып, атқа мініп, саңырауқұлақ, жидек жинау арқылы керемет демалыс өткізіп, тау өзенінің жағасында пикник ұйымдастыра алады. Курортта теннис корты, спорт залы, мини-футбол, бильярд, мұз айдыны, аспалы жол, эко-туризм, Atmospheres СПА, караоке, сондай-ақ отбасылық ойындар мен командалық боулинг турнирлерін өткізуге арналған екі нысан бар. Мекен-жайы: сарбаз шатқалы, 1а /1.
"Сегіз көл" демалыс орталығы
"Сегіз көл" бірегей кешені ТМД және Орта Азиядағы артезиан суымен толтырылған бассейндері бар ең үлкен жағажай болып саналады. Ол бассейндердің тазалығы заманауи және қуатты жүйелермен реттеледі. Парк аумағында Қазақстандағы жабайы жануарлар мен құстардың 50-ден астам түрі бар алғашқы жеке қорық орналасқан. Демалыс аймағында катамарандар мен қайықтар, балық аулауға және пикникке арналған орындар, велосипедтер мен электрокарлар, мини-гольф алаңы, үлкен және үстел теннисі, мини-футбол, баскетбол және волейбол алаңдары бар. Тәжірибелі жаттықтырушылар су спорттарының сабақтарын өткізеді. "Сегіз көл" аумағында таңғажайып сафариге сынды жеке қорық саябағы бар. Қоршаған ортаға зиян тигізбеу үшін кешен аумағында электро көліктер, велосипедтер мен скутерлерден басқа көлікті пайдалануға тыйым салынған. Мекен-жайы: Мәметова көшесі, 1а / 1.
Oi-Qaragai отбасылық курорты
Алматыдағы Oi-Qaragai тау курорты қонақ үй, бес жарым гектардан астам аумағы бар ашық ауада демалуға және табиғатпен қарым-қатынас жасауға арналған көпфункционалды кешен. Курорт орналасқан Ой-Қарағай шатқалы Қазақстан жерінің барлық бірегей артықшылықтарына ие. Атап өтсек, таудағы қылқан жапырақты орман, Іле Алатауының бөктеріндегі керемет төбелер, жартастар мен сілемдер арасындағы жаяу жүргіншілер жолдары, тас үстірттерінің тегіс алаңдары, бірегей флора мен фауна, таза ауа, энергетикалық ағындар. Мұнда атпен серуендеуге, ат фитнес және иппотерапия сабақтарына қатысуға болады. Мекен - жайы: Ой-Қарағай шатқалы, 225.
"Тау Дастархан" биік таулы кешені
"Тау-Дастархан" отбасылық демалыс кешені Алмаарасан шатқалында орналасқан. Мұнда қонақ үйде тұруға, бассейндерге шомылуға немесе саунада демалуға болады. Кешенде балаларға қажетті нәрсенің барлығы бар. Демалыс кешенінде "ТАУ СПА-орталығы" курорты, фин, түрік және альпі сауналары, орыс, шығыс, Скандинавия және жапон моншалары бар. Бірегей дендросаябақ отбасылық серуенге тамаша жағдай жасайды. Мекен-жайы: Алматы-Арасан шатқалы, 1/3.
Демалысыңыз сәтті өтсін!
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Азиядағы ЕҢ ТАНЫМАЛ туристік орындар
Әмір Темір әулетіне арналған ҒАЛАМАТ мұражайға БАРЫП КӨРДІҢІЗ БЕ?