ҚАЙТА-ҚАЙТА барғың келеді! Еліміздегі ЕҢ КӨРІКТІ орындар

0
3 495

Бұл жерлерге әр азамат өмірінде кемі бір рет баруы қажет!


ҚАЙТА-ҚАЙТА барғың келеді! Еліміздегі ЕҢ КӨРІКТІ орындар

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазір Париждегі романтикалық сапар, Непал тауларындағы шытырман оқиғалар, Жерорта теңізінің жағалуы, Дубайдағы саяхат дегендерге көп адам таңғалмайтын болды. Ал, өз елімізде қайта-қайта бара бергің келе беретін орындар жеткілікті. Тіпті, ол жерлерге шетелден келетіндер де көбейген. Сондықтан, бүгін біз сөз еткен жерлерге әр адам бару тиіс-ақ.

Қазақстандағы көрікті орындар жайлы сөз болғанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау сынды танымал жерлер есімізге түседі. Ал, бүгін жиі айтыла бермейтін, бірақ сол жерлерден кем түспейтін көрікті орындар жайлы әңгімелейміз.


ТҮРКІСТАН

Қазіргі уақытта қазақстандықтар мен шетелдіктердің назарын өзіне аударып отырған өңір – тарихи ескерткіштерімен де, киелі орындарымен де, тұмса табиғатымен де, көркем сәулетімен де ерекшеленетін Түркістан облысы. Мысалы, күллі түркі жұртшылығы Қ.А.Ясауи, Арыстан баб кесенелеріне келіп тәу етіп, тарихи жәдігерлермен танысып жатады. Одан бөлек таулы аумақтарына барып демалатындар да, қайта түлеп, түрлі зәулім сайрайлар салынып жатқан Түркістан қаласын тамашалайтындар да аз емес. Сондықтан орталығы рухани астана саналатын бұл өңірге ат басын арнайы бұруға әбден болады.


ХАН ТӘҢІРІ ШЫҢЫ

Бұл Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемдегі ең әсем тау шыңы. Ол жер өзінің пирамида іспетті сілемдерімен ерекше көз тартады. Ал, сол шыңдардың артынан күн батқанда, қар беті алаулап жанған оттай көрінеді. Сол себепті оны «Қанды тау» деп те атап кеткен. Қазір Тянь-Шань сілемдерінің ең биік нүктесі саналатын Хан Тәңірі шыңы жайлы жиі айтылмағанымен, бұл шыңға көптеген жылдар бойы түрлі елдерден туристер тоқтаусыз келіп жатады.


БАЛҚАШ КӨЛІ

Балқаш көлі – Қазақстандағы ірі көлдердің біріне жатады. Оның ең басты ерекшелігі – суының түрлі минерализациясында, яғни оның батыс бөлігінің суы тұзды болса, шығыс бөлігі тұщы сулы. Көл Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарының аумағында орналасқан. Көлдің солтүстігінде Қазақ соқпақтары, батысында Бетпақ дала, оңтүстігінде Шу-Іле таулары, Тауқұм құмдары қоршап жатыр. Балқаш көлі жер бетіндегі ең көне көл болып саналады, көл туралы алғашқы тарихи-географиялық деректерді қытайлықтар берген екен. Көлдің флорасы мен фаунасы да өте бай. Көлде 20-дан астам балық түрлері, 120-дан астам құс түрлері кең таралған. Жаз шыға салысымен осы көлдің жағасына асығып жететіндер өте көп.


ҚАЙЫҢДЫ КӨЛІ

Қайыңды көлі – Қазақстанның ең әдемі жерлерінің бірі. Күнгей Алатау шатқалында орналасқан көл 1910 жылы жер сілкінісі нәтижесінде пайда болған деседі. Ондағы қайыңдар белуарға дейін су астында тұрып өсе береді. Сонысымен де ерекше көзге түсіп, талай адамды таңдандырып келеді. Мұндай көлге кім болса да барғысы келеді емес пе?


БАЙҚОҢЫР

Байқоңыр – бұл әлемдегі атақты ғарыш айлағы әрі ғарышкерлікке қызығатындар үшін көрікті орын болып саналады. Өйткені, онда туристерді тәнті ететін ғарыш айлағының тарихы мұражайы, халықаралық ғарыш мектебі, ғарышкерлер аллеясы және ғарышкерлер ғарышқа ұшар алдында тоқтайтын "Космонавт" қонақ үйі бар. Тек осы қалада адамдар нағыз зымыранның ұшқан кезін көре алады. Сонымен қатар, Байқоңырдың әр көшесінде ғалымдардың, ғарышкерлердің, жазушылар мен ақындардың құрметіне орнатылған ескерткіштер бар.


МЕРКІ

Меркі мекені Жамбыл облысындағы теңіз деңгейінен үш мың метр биіктікте орналасқан тамаша жер. Мұндағы жетпіске жуық ескерткіштер (қорғандар мен тас мүсіндер) ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін сақталған. Ескерткіштер Жетісу тарихының түрлі кезеңдерін бейнелейді. Мұнда барған адам Алатау арқырап аққан өзендерді, көздің жауын алатын көкмайсаны, қай бағыттан жел соқса да құмы аспанға көтерілетін жал-жал құмды көре алады. Бүгінде бұл аумақ елімізге Меркі шипажайымен танымал екенін де айту қажет.


ЖАРКЕНТ

Жаркент қаласында XIX ғасырда қазақ пен қытай шекарасында салынған мешіт бар. Бір таңғаларлығы – мешітті салуға бірде-бір шеге немесе темір қапсырма қолданылмаған. Оны салуға тек қана Тянь-Шань шыршасының ағаштарын пайдаланған екен. Сондай-ақ, бұл аймақ та емдеу-сауықтыру орталықтары және табиғатымен ерекшеленеді.


ӨЛІ КӨЛ

Ал, бұл Қазақстан тұрмақ, әлемдегі ең жұмбақ жерлердің бірі. Ол Алматы облысындағы Герасимовка ауылының маңында орналасқан кішкентай көл. Бір таңқаларлығы – осы көлге жыл сайын адамдар батып кетіп жатады. Жергілікті тұрғындар көлді айналып өтуге кеңес береді. Тіпті шіліңгір шілденің өзінде не су жәндіктері өмір сүрмейтін, не балдыр өспейтін көлдің су құрғамайды да, жылымайды да. Айтпақшы, сіз бұл көлдің жағасынан маса да, шыбын-шіркей де көрмейсіз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


«Ирандық қыз-келіншектер орамал тағады, бірақ беттерін тұмшамаламайды»: нұр-сұлтандық тарихшы


Мына әдістерді ҚОЛДАНЫП, күзгі демалысты ЕСТЕН КЕТПЕСТЕЙ етуге болады