Күздік саяхатқа лайықты 5 орын

0
4 910

Күздің ортасына да келіп жеттік. Құрылыс жұмыстарын, шаруашылығын, жиын-терім және т.б. шаруаларын бітірген адамдар енді демалғысы келеді, бірақ қайда баратынын анықтау қиындық тудырады. Сондықтан, бүгінгі мақаламызда Еуропадағы үздік бестік деп танылған күзде демалуға ыңғайлы орындар жайлы жазамыз.


Күздік саяхатқа лайықты 5 орын

көрнекілік суреттер: ашық дереккөзден

Адамдардың көпшілігі күзде «сұр» және тынымсыз тіршілікке тап болады. Ал кейбірі «барқыт маусымы» деп аталатын күзгі демалыс жайында ойланатыны белгілі. Сол себепті, жазғы демалыс маусымының аяқталуымен қызықты саяхаттар мен ұмытылмас оқиғалар да бітті деуге болмайды. Мүмкін, осы күзде сізді керемет, ертегідей демалыс күтіп тұрған болар. Сондықтан, осындай ғажайып сәтті пайдаланыңыз және күзгі табиғаттың барлық сұлулығы мен қайталанбас көрінісін ашатын Еуропадағы ең керемет орындармен танысыңыз.


Дубровник (Хорватия)

Дубровник – күзгі демалыс қамын жасап жатқан барлық адамдар үшін ыңғайлы, Адриатикалық теңіз жағалауында орналасқан қонақжай қалашық. Бұл жазғы демалыспен біраз уақыт шектеліп қалмауға мүмкіндік беретін, ауа райы жылы, өте тамаша орын. Тіпті бұл аймақтағы күн көзіне қыздырыну мен теңізге шомылу күз бен қыс туралы ойлануға да мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, мұндағы лимондар мен мандариндердің аңқып тұратын хош иісі, алып қарағайлар көрінісі, кипаристер мен экзотикалық өсімдіктердің мол қоры қу тіршілік пен алдағы суық мезгіл жайлы ойдың еріксіз естен шығуына себеп болады. Сондай-ақ, Дубровниктегі күзгі демалыс аспаздық фестивальдер мен музыкалық конкурстардың көптігімен ерекшеленеді.


Будапешт (Венгрия)

Венгрияда күзгі кезеңде ауа райы тамаша болады. Ол аз десеңіз мерекелер, жәрмеңкелер көбейеді және демалыс билеттері мен жергілікті қонақ үйлердің бағасы төмендейді екен. Әр күн қала саябақтарында серуендеуге, көптеген мұражайларға, галереяларға немесе көркем Дунайға саяхат жасауға өте қолайлы болады. Сонымен қатар, Венгрия шарап жасау дәстүрлеріне бай екенін ескерсек, шарап өндіру орнына кіріп, жаңа өндірілген ең жақсы шараптардың дәмін тата аласыз және керемет шарап бөтелкесін сатып алуға да мүмкіндік болады.


Сондай-ақ, Қазан айында шұжықтар мен дәстүрлі жеміс сусындары фестиваліне қатысуға болады. Ал, Қараша айында қала халқы шарап пен сырға арналған Рождестволық жәрмеңкелер және жергілікті мерекелерді атап өтеді. Соның бірі – «Әулие Мартин күні» дәстүрлі венгр аспаздарының ғажайып дәмдерінен ауыз тие аласыз.


Барселона (Испания)

Күз мезгілі Барселонаны өз ерекшеліктерімен әрлейді және осы атақты қаланың нағыз келбетін тану үшін барлық қызықты жерлерді аралауға болатын тамаша уақыт келеді. Мысалы қалада орналасқан: Триумфальды арка, «Тибидабо» төбесі, Санта Мария дель Пи-ге арналған готикалық шіркеу, «Моссен Коста және Льобер» бақтары, «Әулие отбасы» ғибадатханасы, «Педральбес» монастырі, Каса Мила, «үлкен Лисеу» театры, аквариумдер, мұражайлардың түр-түрі және т.б. Сонымен қатар, жаз мезгілінде барған демалушылар үшін мұның бәрімен танысу мүмкін болмайды. Себебі, ол кезде қалаға өте көп туристер ағылып келіп жатады. Сондықтан күзді таңдаған дұрыс.


Сонымен қатар, осы жылы Қазан айының 28-і күні өтетін «Камп Ноу»стадинонындағы футбол әлеміндегі ең тартысты ойын – «Эль-Классиоға» тап болуыңыз мүмкін. Ойында әлемнің ұлы клубтары жергілікті «Барселона» және Мадридтік «Реал» командалары кездесетін болады.


Пьемонт (Италия)

Өте дәмді тамаққа және тамаша шарапқа жаныңыз құмар болса, онда Италияның тау бөктеріндегі аймақтарына саяхаттаңыз. Ал осындай саяхат үшін жылдың ең сәтті уақыты күз мезгілі деп айтуға болады. Себебі, дәл осы кезеңде сіз «ең жарқын дәмдер фестивальдеріне» тап боласыз. Ол шараларда жергілікті тұрғындар өздерінің ұлттық киімдерін киіп, әлемге әйгілі дәмдерін, керемет шараптарын, шоколадтарын және т.б. мәзірін ұсынуға жиналады. Сонымен қатар, шарап өндірушілер міндетті түрде күз мезгілінде барлық жерде жүзім жинауға арналған мерекелік жарыстар ұйымдастырады. Бұлардың барлығы жан үшін нағыз демалыс!


Осло (Норвегия)


Күз жазды қалай ауыстыратынын көру үшін Ослоға бару керек. Себебі, әдемі саябақтар, Осломарктің кең орманды аймағы күзгі кезеңде көзді түрлі бояулардың: жасыл, қызыл, сары түстерінің бай үйлесімімен баурап алады. Сондай-ақ, айналадағы табиғат пен қаладағы тыныштық сіздің көңіл-күйіңіздегі «алда қыс күтіп тұр» деген ойдың жоғалуына әсерін тигізеді. Ал егер, ғажайып орындармен демалғыңыз келсе, онда опералық театрларға, викингтердің кеме мұражайларына, киелі Троицаның шіркеуі мен әулие Олаф қамалына баруға болады. Айта кетейік, қаланың көрікті орындары мұнымен бітпейді. Нағыз кереметтерді көзбен көрген әлдеқайда жақсы!


Құрметті оқырман, егер сіз жазда демала алмасаңыз, алаңдамаңыз. Себебі, күзге демалыс жоспарласаңыз, ештеңе жоғалтпайсыз. «Барқыт маусымында» демалу сізге бұрын сезбеген рахат пен әсер алып келетініне сеніміңіз мол болсын.


Дайындаған: Б.Ерман

ERNUR.KZ