​МӘДЕНИ ШОК: шетелде саяхатшыларды "шалқасынан түсірген" жағдайлар

0
680

"Тіпті, жаяу жүргіншілер жолағының өзімен өту қауіпті"


​МӘДЕНИ ШОК: шетелде саяхатшыларды

Сурет: pinterest.com

Көпшілігіміз шетел туралы айтқанда «Біз жоқ жердің бәрі жақсы» деген түсінікке еріксіз сеніп қаламыз. Әлеуметтік желілердегі әдемі кадрлар мен саяхат әсерлері басқа елдегі өмірді жайлы әрі мінсіз санауға жетелейді. Салдарынан өз елімізді қатаң сынап, біздегі басымдықтарды байқамаймыз.

Алайда, шын мәнінде, әр елдің өзіне тән ерекшелігі, артықшылығы болатыны секілді, кемшілігі де жоқ емес. Кейбірі тіпті шошытып, шалқаңнан түсіріп, мәдени шок тудыруы мүмкін.

Осы тақырыпқа байланысты шетелге сапарлаған оқырмандармен шағын сауалнама жүргізіп, оларды ең қатты таңғалдырған жайттарды сұрап көрдік.


Таңшолпан Е.:

«Үндістанда болғанда, дәретханаларда дәрет қағазы жоқ екені мені таңғалдырды. Оның орнына әр жолы гигиеналық душ пайдаланады. Егер душ болмаса, су құйылған құмыралар мен шелектер қойып қояды, кіргендер соны қолданылады.

Бұл мен үшін өте ыңғайсыз болды. Әжетханалардың едені көбіне су болып жатады. Бір ретте тіпті көрші кабинкадағы біреу су құйған ыдысын абайсызда төңкеріп алып, менің аяғым шылқып су болды.

Сосын Италияда болған тағы бір оқиға бар. Кофеханаға кіріп, латте тапсырыс бердім. Сәлден соң бір стақан ыстық сүт әкелді. Алғашында түсінбей қалдым. Барлық келушілерге сүт таратып жатыр ма деп жан-жағыма қарап қоямын, ондай емес сияқты. Кейін даяшы қыз итальян тілінде «латте» жай ғана «сүт» дегенді білдіретінін түсіндірді. Өз елімізде, басқа жақтарда «латте» деп айтсаң болды, «кофе латте» әкеліп береді. Ал Италияда оның толық атауын нақты айту керек екен»


Елдос Ж.:

«Қайсыбір жылы жазда Норвегияда болдым. Жергілікті фермерлер жол бойына құлпынайды себеттерге салып, бағасын жазып кетеді. Жанына ақша салатын жәшік қояды. Кез келген адам жидекті алып, ақшасын өзі салып кете береді екен. Ешқандай сатушы жоқ. «Тауарыңды сату үшін уақыт жұмсамасаң, жұмысқа сатушы алып шығындалмасаң, затыңды ешкім ұрламаса, бұл тамаша емес пе? Норвегтер не деген керемет халық!» деп көпке дейін риза боп, әсерленіп жүрдім»


Айгерім Ж.:

«Бір жыл бұрын ағам мен жеңгем Германияға көшіп барды. Солардан естимін ғой, барғаннан көшелердің бос болатынына таңғалды, әлі де солай дейді. Балалар алаңында ешкім болмайды екен. Жұмыс күндері де, демалыста да, каникулда да. Сонда ата-аналар балаларын қайда ойнатады?

Аға-жеңгемнің тағы бір таңғалып айтқаны – салқын ауа райында жергілікті тұрғындардың жеңіл киінуі. Тіпті кішкентай балаларды, сәбилерді де біз сияқты қабаттап, орап киіндірмейді екен. Кейде видеоқоңыраумен сөйлескенде көреміз, жаңбыр жауып тұрады, ал коляскада балалар жеңіл футболкамен, жеңсіз күртешемен отырады. Әсіресе балаларын, немерелерін үнемі қымтап өсіретін әке-шешеміз үшін бұл таңғаларлық нәрсе болды»


Ұлболсын С.:

«Бангкокта құрбым екеуміз үлкен сауда орталығына кірдік. Қарнымыз ашып, дәмханалардың біріне кірдік. Ерекше бір орынға тап болдық.

Фильмдерден көргенім бар: жаныңнан түрлі тағамдар бар лента өтеді, ал үстелде шағын мангал сияқты құрылғы бар. Залда кері санағы бар сағаттар ілінген, қызметкерлер ара-тұра тай тілінде бірдеңе айқайлайды.

Біз ештеңені түсінбей, суши алып жей бастадық. Біраздан соң даяшылар бізге таңырқай қарап тұрғанын байқадық. Бүкіл персонал сыбырласып, бізге қарай береді. Біз ағылшыншалап сұрақ қоямыз, бірақ олар түсінбейді екен. Ымдап, ақша көрсетіп жүріп қалай да болса төлеуге дайын екенімізді түсіндірдік. Бірақ кассир қатты қысылып, ақша керек емес деген сияқты ишарат білдірді.

Біз тағы кішкене тұрдық та, ешкім ештеңе демегесін, шығып кеттік. Бәлкім, бізді жабайылар деп ойлаған шығар! Сол дәмханада не болып жатқаны, бізге не дегендері әлі күнге дейін түсінбедік»


Дидар А.:

«Қаншалықты өтірік-расын білмеймін, бірақ Африкаға барып-келген танысым мынандай қызық айтып берген. Кенияда дәстүр бар екен: үйленгеннен кейін күйеу бір ай бойы әйелдің көйлегін киіп, барлық үй шаруасын әйелмен бірге атқаруы керек. Сонда ғана әйелдің қаншалықты қиын екенін түсінеді екен.

Тағы бір қызық дәстүр — алғашқы неке түнінде жас жұбайлардың жанында әже отырады. Ол оларды жігерлендіріп, тәжірибесімен бөліседі дейді. Естігенде әбден күлгеніміз бар»


Әлімжан Е.:

«АҚШ-та адамдар үйге кіргенде аяқ киімін сирек шешеді. Неге екенін ешкім нақты түсіндіріп бере алмады. Бірақ көшелері бізге қарағанда әлдеқайда таза екенін байқадым. Жолдарды айына бірнеше рет арнайы сабынды ерітіндімен жуады екен. Көп жерде тротуар бар. Яғни балшықпен жүріп барып, кейін асфальтқа шығу сияқты жағдай жоқ, бәрі таза әрі ұқыпты.

Әрине, үйде аллергиясы бар адамдар немесе кішкентай балалар болса, қонақтардан аяқ киімін шешіп, үй тапочкасын киюді сұрайды. Америкалықтардың қонақтарға арналған аяқ киімі көп болуы да мен үшін таңғаларлық болды»


Балнұр Қ.:

«Түркияда алғашқы үш күннен аман өтсең, бәріне үйренесің. Мұнда жаяу жүргінші – ешкім емес. Ал көлігі барлар – көшенің корольдері. Олар ешкімге жол бермейді екен. Тіпті, жаяу жүргіншілер жолағының өзімен өту қауіпті.

Арғы бетке өту үшін жолақ бар болс ада, көліктің тоқтағанын күтіп тұрасың. Жол жиегінде адамдар көп жиналып қалғанда ғана жүргізушілер тоқтауға ыңғайлана бастайды. Тіпті полиция да жаяу жүргіншілерді өткізе бермейді.

Осындай қиындығы болғасын, біз жалға көлік алып, сонымен жүрдік. Соның өзінде бір жүйкемізді жұқартқан нәрсе болды. Бағдаршамда жасыл жана салысымен, бір секунд өтпей жатып арттағы жүргізушілер сигнал бере бастайды. «Неғып тұрсың, жүр!» дегендері ғой енді. Жан-жағыңнан сигнал бере бергенде «Жанғаны қазір ғой, не болды сонша? Жүрмеймін ал, не істейсің?» деп айқайлағым кеп кететін»


Динара Б.:

«Кореяда саяхаттағанда, кейбір пойыздарында караоке кабиналары бары қатты ұнады. Әдетте олар бөлек вагонда орналасады екен. Кез келген адам сарап барысында сонда барып ән салып, уақытын пайдалы, қызықты өткізе алады»

«Сингапурда турист ретінде өзімді толық қауіпсіз сезіндім. Барлық жерде камералар орнатылған. Полицейлер көзге көп түспейді, бірақ тәртіп бұзылған жерге өте тез келеді. Қала бойынша олар туралы постерлер көп ілінген, біздегі киноның жарнамасы секілді, көздің жауын алады. Тәртіп сақшылары туралы әлеуметтік роликтер түсіріледі. Бәрі де адамдар қиындық туғанда қайда жүгіну керегін білуі үшін жасалады екен.

Заң жүйесі өте қатал. Ұшаққа мінер алдында «Сингапурға есірткі алып кіру – өлім жазасымен жазаланады» деп кемі үш рет ескертеді. Сағыз шайнағаның үшін үлкен айыппұл салынады, ал алкоголь – қаладағы ең қымбат нәрселердің бірі.

Сол себепті Сингапур қылмыс деңгейі ең төмен елдердің бірі саналады. Балалар түнде жалғыз жүре береді. Фудкортта адамдар орнын сақтау үшін үстелге телефон қойып кетеді. Кейбір аналар дүкенге кіргенде, арбамен жатқан сәбилерін сыртта қалдыра салады»


Бақдәулет М.:

«Қытайда ыстықта адамдар футболкасын кеудесіне дейін түріп, жалаңаш ішін сипап жүреді екен. «Осылай салқындаймыз» дейді. Сосын өте қатты сөйлейті және үнемі соқтығысып жүретіндері ұнамады. Біреуі арқаңнан соғып, екіншісі аяғыңды басып кетеді, бірақ кешірім сұрамайды, арттарына қарамайды да. Кез келген жерде даусын шығарып кекіре салу да түк емес екен»

Талайдың таңдайын қаққызып, көпшіліктің арманына айналған туристік елдердің бәрі мінсіз емес. Ондағы өмір тек тынығудан, өмірден ләззат алудан, әдемі көріністерден ғана тұрмайды.

Сауалнаманы жүргізіп, жинақтаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Таиландта КҮННЕН ҚОРҒАЙТЫН крем үшін АЙЫППҰЛ төлеуіңіз мүмкін