Қай елдерге барудың қажеті жоқ?
Сурет: bk55.ru
Маусым – демалыс пен саяхат үшін ең жайлы уақыт. Бірақ, бұл айда кез келген елдегі демалыс тамаша өтеді деген сөз емес. Бағытты дұрыс таңдамасаңыз, сапар көңіліңізден шықпай, уақыт пен ақшаңыз желге ұшуы әбден мүмкін. Қйткені, бұл айда кей елдерде жаңбыр маусымы басталса, енді бірінде желден көз ашпайды.
Теңіз және жағажай демалысы үшін...
Теңіз суына шомылып, жағажайда күнге қыздырынып, дайвинг, серфинг, басқа да су спорты түрлерімен айналысыңыз келе ме? Ендеше барар бағытыңызды мына елдер ішінен іздеп көріңіз.
Тунис
Жерорта теңізінің жағалауында, Солтүстік Африкада орналасқан ел. Маусым айында мұндағы ауа райы жайлы. +28…+33°С шамасында, аптап ыстық болмайды.
Тунис құмды жағажайларымен танымал, ал теңіз маусым айында жылы әрі тыныш.
Танымал жағажайлық курорттарға Хаммамет, Монастир, Сус (Суссе), және көрікті Джерба аралы жатады.
Түркия
Маусым – Түркияда туристік маусымның шыңы. Осы кезде турлар мен қонақүй бағалары өседі. Дегенмен, «бәрі қосылған» жүйесі бар жайлы қонақүйлерде тұрып, демалыс бойы тамақ, сусын және ойын-сауықтан еркін ләззат алуға болады.
Түркияны үш теңіз шайып жатыр: Қара, Жерорта және Эгей теңіздері. Жаз басындағы демалыс үшін Жерорта теңізі жағалауындағы Анталия, Аланья, Белек немесе Эгей теңізі жағалауындағы Мармарис пен Бодрумды таңдауға болады.
Марокко
Атлант мұхиты мен Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Солтүстік Африкадағы корольдік ел. Маусымдағы ауа райы өте қолайлы: өңірге байланысты температура +23-тен +34 °С-қа дейін жетеді.
Марокко курорттары – жақсы жабдықталған құмды жағажайлар, заманауи қонақүйлер, экскурсиялар мен түрлі судағы ойын-сауықтар ұсынады. Жаздың басында танымал жағажайлық бағыттар: Агадир, Танжер және Эс-Сувейра.
Мысыр
Мысырда көркем жағажайлар мен кристалдай таза Қызыл теңіз бар. Мұнда керемет маржан рифтерін және түрлі-түсті суасты тіршілігін тамашалауға болады. Қызыл теңіз — әлемдегі ең жылы теңіздердің бірі. Маусым айында су температурасы +27 °C-қа дейін жетеді, ал ауа +40 °C-қа дейін қызады.
Шарм-эш-Шейх (Шарм-эль-Шейх) пен Хургада – туристер мен көңіл көтеретін орындар көп болатын танымал курорттар. Ал тыныштық пен оңаша демалыс іздегендер үшін Макади-Бей, Марса-Алам немесе Дахаб сынды аз танымал бағыттар ұсынылады.
Көптеген туристік компаниялар ұшақпен жету, қонақүйде тұру және трансферден тұратын дайын турларды ұсынады.
Бали
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы арал, көптеген саяхатшылардың арманына айналған орын. Кейбіреулер үшін бұл – рухани тыныштық пен жан тыныштығы орны, ал басқалар үшін – жарқын әрі көңілді кештер өтетін мереке аралы.
Маусымда Бали аралында ауа райы ыстық, +29…+31 °C, ал мұхит суы жылы. Демалушылар көбіне қонақүйлерді, апартаменттерді, виллалар мен бунгалоларды таңдайды. Аралда көптеген демалыс түрлері бар: дайвинг, серфинг, джунгли арқылы квадроциклмен серуендеу. Рухани тәжірибелерді ұнататындар йога және медитациямен айналысуға арналған арнайы ретрит-турларды таңдай алады.
Белсенді танымдық саяхат үшін...
Маусым – белсенді демалыс, табиғат аясына жорыққа шығу мен көрікті жерлерді аралау үшін тамаша уақыт.
Қырғызстан
Орталық Азиядағы таулы мемлекет. Мұнда маусым айында ауа температурасы +21-ден +25 °C-қа дейін өзгереді.
Ел аумағының 90%-ын таулар алып жатыр. Бұл биікті бағындыруды ұнататын саяхатшылар үшін нағыз жұмақ жер. Қырғызстандағы танымал жорық бағыттары: Тянь-Шань тау жорығы, Памирдегі Ленин шыңы маңындағы бағыт және «Қызыл каньондар» маршруты.
Туристерді Ыстық-Көл көлі де қызықтырады. Сондай-ақ, дәстүрлі қырғыз мәдениетін сақтаған Ош қаласы мен ежелгі адамдардың тасқа қашалған суреттері бар петроглифтер мұражайы орналасқан.
Кавказ
Еуразиядағы тау өңірі. Маусым айында белсенді демалыс – альпинизм, велосипед туризмі, тау жорықтары үшін өте қолайлы.
Белсенді демалыс пен тау жорықтарына жиі таңдалатын өңірлер – Қарашай-Шеркес, Солтүстік Осетия және Кабардин-Балқария.
Демалысты тыныш әрі шипалы өткізгісі келетіндер үшін Ставрополь өлкесінің курорттары – Кисловодск, Ессентуки, Пятигорск және Железноводск ұсынылады.
Кавказда саяхатты бай әрі қызықты ету үшін көлік жалдау немесе экскурсиялық автобус турына қатысуға болады. Жергілікті турфирмалар жорықтар, альпинизм сабақтары мен түрлі белсенді демалыс түрлерін ұсынады. Велосипед жалдап, тауларға өз бетіңізше де саяхаттай аласыз.
Грузия
Маусымдағы белсенді саяхат үшін тамаша тағы бір бағыт. Жаздың алғашқы айында мұнда ауа температурасы +20... +30 °C шамасында болады.
Танымал орындарға Мартвиль каньоны, Тобаварчхили көлдері мен Шхара жотасы жатады. Сондай-ақ, елдегі ең үлкен Ботаникалық баққа барып, сирек және ерекше өсімдіктерді көруге болады.
Белсенді демалысты ұнататындарға Сванетия таулы аймағы ұнайды. Мұнда көптеген қызықты бағыттар бар. Мысалы, Ушгули ауылынан Шхара мұздығына дейінгі бір күндік жорық – жеңіл әрі көркем маршрут.
Саяхаттағы танымал бағыттардың бірі – Тбилиси қаласы. Мұндағы тарихи мұралар: Нарикала қамалы, Метехи шіркеуі, Қасиетті Үшбірлік соборы (Цминда Самеба) және Абано Тубани (күкіртті моншалар).
Тағы бір маңызды орын – Грузияның ежелгі астанасы Мцхета. Мұнда Светицховели шіркеуі мен Әулие Нино монастыры орналасқан.
Армения
Күншуақты Закавказье елі. Біреулер мұнда экстремалды спорт түрлері үшін, енді біреулер көне храмдарды көру үшін, ал өзгелері шипалы бұлақтар мен таза таулы ауамен тыныстау үшін келеді. Маусымда мұнда ауа температурасы +21... +26 °C шамасында болады.
Көптеген саяхатшылар Арменияның астанасы – Ереванға барады. Мұнда ән салатын субұрқақтарды, «Арарат» коньяк зауытын, көне қолжазбалар мұражайы – Матенадаранды, сондай-ақ Арменияның тарихи музейі мен сурет галереясын көруге болады. Сонымен қатар, жергілікті базарларды аралап, ұлттық тағамдар: хаш, кюфта, тжвжикті татып көруге мүмкіндік бар.
Қайда барудың қажеті жоқ?
Жаздың басында кейбір курортты елдерде ауа райы демалысқа қолайсыз болуы мүмкін. Егер сіз аптап ыстыққа төзе алмайтын немесе толассыз жаңбыр мен желді ұнатпайтын жан болсаңыз, төмендегі бағыттардан аулақ болған жөн.
Куба. Маусымда бұл аралда жылы ауа райы болса да, тропикалық жаңбырлар жиі жауады. Ауаның ылғалдылығы 80–81% шамасында болғандықтан, далада өте қапырық болады.
Мальдив аралдары. Маусым айында мұнда жаңбырлы маусым басталады, ауа райы тұрақсыз және өзгермелі. Бұл жағажайлық демалысты жоспарлағандар үшін үлкен қолайсыздық тудыруы мүмкін.
Филиппин аралдары. Маусымда мұнда жаңбыр жиі жауады, ауа ыстық әрі ылғалды. Тайфун мен құйындардың қаупі жоғарылайды.
БАӘ (Біріккен Араб Әмірліктері). Маусымда мұнда аптап ыстық басталады — ауа температурасы +40…+50 °C-қа дейін жетеді. Түнде де +30 °C-тан төмен түспейді. Судың өзі де +31 °C-қа дейін жылынып, салқындауға көмектеспейді.
Сейшель аралдары. Маусым айында бұл жұмақ аралдарда қатты жел соғып, үлкен толқындар пайда болады — шомылу мүмкін болмайды. Дауыл салдарынан жағаға қоқыс пен балдырлар шығып, аппақ құмды жағажайлардың көркін бұзады.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Жыландар мекені, «Матрешка» көл: басқа да құпияға толы 4 арал