Сурет: ЖИ
Суға түсу кезінде медузамен кездесіп қалу демалыстың сәнін бұзуы мүмкін. Бұл теңіз жануарлары сырттай зиянсыз көрінгенімен, өте ауыр күйік қалдыруы ықтимал. Медузалар қай жерде жиі кездеседі, олардың шаққанын қалай тануға болады, алғашқы көмекті қалай көрсету керек және асқынудың алдын алу жолдары туралы төменде тарқатамыз.
Медузалар әлемнің түрлі теңіздері мен мұхиттарында кездеседі. Дегенмен олар көбіне жылы жағалау суларына шоғырланады. Медузалардың белсенді кезеңі су температурасының жоғарылауымен және планктонның көбеюімен байланысты. Сондықтан олар көбіне жаздың екінші жартысында және күздің басында, әсіресе шілде мен қыркүйек аралығында жиі байқалады. Осы кезеңде медузалар жағалауға жақындай түседі. Оларды тынық шығанақтарда, қойнауларда, балдырлар мен маржан рифтері маңында кездестіруге болады.
Медуза уының құрамы мен уыттылығы жыл мезгіліне және су температурасына байланысты өзгеруі мүмкін. Әдетте су жылы болған сайын олардың уы күштірек болады.
Медуза шаққанын қалай білуге болады?
Медузамен жанасқан сәтте адам өткір ауырсыну мен күйдіріп тұрғандай сезімді бірден байқайды. Бұл сезім қалақай шаққандағы күйікке ұқсайды.
Теріде:
- қармалауыштарының ізі ретінде айқын қызыл жолақтар немесе дақтар;
- күлдіреген көпіршіктер;
- ісіну;
- қатты қышыну пайда болады.
Сонымен қатар жалпы белгілер де байқалуы мүмкін. Олар:
- жүрек айну;
- бас ауруы;
- әлсіздік;
- бас айналу.
Ал ауыр жағдайларда:
- құрысулар;
- тыныс алудың қиындауы байқалуы мүмкін. Мұнда кезде шұғыл түрде жедел жәрдем шақыру қажет.
Ағзаның реакциясы медузаның түріне байланысты болады: кейбір жағдайда жеңіл жайсыздықпен шектелсе, кейде өмірге қауіп төндіретін жағдайларға дейін жетуі мүмкін.
Медуза шаққанда алғашқы көмек
Медуза күйігі – ауырсыну тудыратын әрі кей жағдайда өте қауіпті жарақат. Әсіресе аллергияға бейім адамдар үшін қауіп жоғары. Сондықтан салдарын азайту үшін тез әрі дұрыс әрекет ету маңызды.
1. Бірден судан шығыңыз. Ауырсыну аса қатты болмаса да, суда қалуға болмайды. У бас айналуға, құрысуға немесе анафилаксиялық шокқа әкелуі мүмкін.
2. Күйген жерді жалаң қолмен ұстамаңыз. Медузаның қармалауыштарындағы күйдіргіш жасушалар жанасқаннан кейін де у бөле береді. Сондықтан қолмен ұстау күйіктің таралуына немесе саусақтардың зақымдануына себеп болуы мүмкін.
3. Зақымданған жерді шайыңыз. Ең дұрысы, теңіз суымен жуу. Сондай-ақ тұзды ерітіндіні де пайдалануға болады.
4. Қармалауыш қалдықтарын алып тастаңыз, Қармалауыштардың қалдықтарын теріге ысқыламай, өте абайлап қырып алыңыз. Ол үшін пластик карта, пышақтың доғал жағы немесе пинцет қолдануға болады.
5. Шаққан жерді өңдеңіз. Зақымданған аймақты сірке суымен немесе дәріханада сатылатын сірке суы сіңірілген майлықпен сүртуге болады. Сірке суы удың әсерін бейтараптандыруға көмектеседі.
6. Күйген жерді салқындатыңыз. Матаға оралған мұзды 10–15 минут басыңыз. Мұзды теріге тікелей қоюға болмайды, өйткені үсік шалу қаупі бар.
7. Дәрі қабылдаңыз. Қажет болған жағдайда ауырсынуды басатын дәрі мен қышыну және ісінуді азайтатын антигистаминдік препарат ішуге болады.
8. Көбірек су ішіңіз. Су ағзадан улы заттардың тезірек шығарылуына көмектеседі.
9. Белгілерді бақылаңыз. Төмендегі жағдайлар байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет:
- тыныс алудың қиындауы;
- ентігу;
- құсу;
- құрысу;
- бас айналу;
- есінен тану.
Сонымен қатар кенеттен қатты ісіну мен қан қысымының төмендеуі де анафилаксияның қауіпті белгілері болып саналады.
Балалар, жүкті әйелдер және аллергиясы бар адамдар медуза шаққан кез келген жағдайда дәрігердің тексеруінен өтуі тиіс. Алғашқы тәулікте өзін жақсы сезінгеннің өзінде кеш байқалатын реакциялар болуы мүмкін.
Не істеуге болмайды?
Медуза шаққаннан кейін төмендегі әрекеттерге қатаң тыйым салынады:
- зақымданған жерді тұщы сумен жуу – бұл күйдіргіш жасушаларды белсенді етіп, удың әсерін күшейтеді;
- спирт, йод немесе жасыл дәрі жағу — олар зақымданған теріні одан әрі күйдіреді;
- зәр жағу — оның еш пайдасы жоқ әрі инфекция түсіру қаупі бар.
Сондай-ақ, теріні қасуға немесе ысқылауға, сүлгімен немесе құммен сүртуге, күн астында ұзақ жүруге болмайды. Мұның бәрі күйікті күшейтеді.
Жазылу мерзімі де әртүрлі болады. Жеңіл күйіктер 1–3 күнде жазылса, орташа ауырлықтағысы шамамен бір аптада кетеді. Ал ауыр зақымданулар ауруханаға жатқызуды талап етеді және толық қалпына келу бірнеше аптаға созылуы мүмкін.
Медуза көзге тиіп кетсе...
Мұндай жағдайда мынадай белгілер пайда болуы мүмкін:
- көздің қатты ауыруы;
- жарыққа қарай алмау;
- конъюнктива тамырларының қызаруы;
- эпителийлік нүктелі кератит;
- ирит;
- қарашықтың тұрақты кеңеюі (мидриаз);
- алдыңғы шеткі синехиялардың түзілуі;
- қасаң қабық стромасының ісінуі;
- көзде бөгде зат тұрғандай сезім;
- көз ішілік қысымның жоғарылауы.
Зерттеулерге сәйкес, көп жағдайда бұл белгілер уақыт өте қайтады және көру қабілетіне тұрақты зиян келтірмейді. Дегенмен медицина тәжірибесінде ауыр асқынулар да тіркелген. Олардың қатарында:
- торқабық тамырларының бітелуі;
- торқабықтың жұқаруы;
- көру жүйкесінің атрофиясы;
- макула аймағында тыртықтардың пайда болуы бар.
Көз — өте сезімтал шырышты қабық. Мұндай жағдайда науқасты шұғыл түрде ауруханаға жеткізу қажет. Зақымданудың ауырлығы медузаның түріне, удың мөлшеріне және медициналық көмектің қаншалықты дер кезінде көрсетілгеніне байланысты болады.
Шетелде алғашқы медициналық көмек көрсету
Алғашқы көмек көрсету қағидалары барлық елде бірдей. Алайда тропикалық мемлекеттерде медуза шаққан кез келген жағдайда бірден медициналық мекемеге жүгіну ұсынылады.
Қауіпті медузалар кездесетін елдерде (Австралия, Таиланд, Вьетнам) жағажайдағы медициналық бекеттердің орналасқан жерін алдын ала біліп алған дұрыс.
Кейбір ерекше жағдайларда арнайы әрекет қажет болады. Мысалы, физалия («португал кемешігі») шаққан кезде алдымен 9%-дық сірке суын пайдаланып, кейін тұзды сумен шаю керек.
Ал теңіз арасы немесе ируканджи шақса, еш кідірместен ауруханаға жеткізу қажет.
Медуза шақпауы үшін не істеу керек?
- Ауыр күйіктің алдын алу үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтаңыз.
- Тек ресми рұқсат берілген жағажайларда шомылыңыз;
- Қалқыма белгілерден асып жүзбеңіз, өйткені медузалар көбіне терең суда болады;
- дауылдан кейін және теңіз толысқан кезде суға түспеңіз, өйткені бұл уақытта медузалар жағалауға көптеп шығады.
- Қосымша қорғаныс үшін, әсіресе шілде-қыркүйек айларындағы белсенді кезеңде гидрокостюм киюге болады. Дегенмен оның да жүз пайыз қорғаныс бермейтінін есте ұстаған жөн.
- Жағажайдағы ескерту белгілеріне әрдайым назар аударыңыз.
- Ешқашан медузаны ұстамаңыз. Өлген медузаның өзі бір айға дейін уын сақтай алады. Бұл қауіп туралы балаларға міндетті түрде түсіндірген жөн.
- Аллергиясы бар адамдар ерекше сақ болғаны дұрыс, өйткені оларда күйікке реакция анағұрлым ауыр өтуі мүмкін. Демалысқа шығар алдында баратын өңірде қандай медузалар кездесетінін алдын ала зерттеп алған жөн.
Медуза шаққан жағдайлардың басым бөлігі өмірге қауіп төндірмейді. Дегенмен ең бастысы, сабыр сақтап, алғашқы көмекті дұрыс көрсету. Егер белгілер күшейсе немесе аллергиялық реакция байқалса, дереу дәрігерге қаралған дұрыс.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Шекарадан кез келген құжатпен, ВИЗАСЫЗ кіргізетін әлемдегі ЖАЛҒЫЗ ЕЛ


