Фото: www.tripadvisor.ru
Қайсыбір елді, мәдениетін, халқын жақын танудың ең жақсы жолы – мұражайын аралау. Дұрыс таңдалған мұражай елдің мәдениеті мен тарихын айқара ашып береді.
Төменде әлемнің әр түкпіріндегі баруға тұрарлық мұражайлар ұсынылады.
Афины, Грекия

Афиныдағы антикалық қирандылар қаланың көрінісіне ерекше сипат береді. Дегенмен қаланың шығармашылық энергиясы бүгінгі күнмен де үндеседі. Тарихи фондағы стрит-арт (көше өнері), саяси инсталляциялар мен қолөнер бұйымдары галереялары қарқынды дамып келеді.
Аңызға айналған музей: Акрополь
Егер сізді антикалық қирандылар мен көне грек мифологиясы қызықтырса, Акрополь — арманыңыздағы орын. Мұнда Парфенонды бар салтанатымен көре аласыз. Музей коллекциясында мүсіндерден бастап, сандалдарға дейін түрлі экспонаттар бар. Ал шыны едендер аяқ астыңыздағы археологиялық ғажайыптарды тамашалауға мүмкіндік береді. Экскурсияны гидпен брондасаңыз, кезексіз кіру мүмкіндігі мен лицензияланған археолог-гид сапарыңызды әлдеқайда әсерлі етеді.
Бағаланбай жүрген, бірақ баруға міндетті орын: Нумизматикалық музей
Ақшаға бақыт сатып ала алмайсыз, бірақ эмоцля мен құнды сәттер сатыфп алуға болады. Нумизматикалық мұражай – біздің дәуірімізге дейінгі 1400 жылмен даталанатын тиындар сақталған керемет неоклассикалық сарай. Қалың жасыл желек арасында орналасқан дәмхана – нағыз жан тыныштығын сыйлайтын орын.
Лос-Анджелес, АҚШ

Лос-Анджелестің атын шығаратын нысандар тек казино, киностудиялармен шектелмейді. Уилшир бульварындағы «Мұражайлар қатарын» аралаңыз. Мұнда LACMA, La Brea Tar Pits, Киноакадемия музейі, Craft Contemporary, Петерсен автомузейі және басқа да мәдени орындар орналасқан.
Аңызға айналған музей: Лос-Анджелес округінің өнер музейі (LACMA)
«Urban Light» инсталляциясы – 2008 жылдан бері Лос-Анджелестің ең танымал фотонүктелерінің бірі. Мұнда көне Месоамерика тарихынан бастап заманауи инсталляцияларға дейінгі экспонаттарды көруге болады.
Бағаланбай жүрген, бірақ баруға міндетті орын: Отри атындағы Американдық Батыс музейі
Музей коллекциясында ковбой фильмдерінен қалған заттар, байырғы халықтардың артефактілері және қазіргі жергілікті суретшілердің көрмелері бар. Балалармен саяхаттасаңыз, ойын және интерактивті аймақтар өте қолайлы. Кеңес: музей орналасқан Гриффит-паркке ертерек келіп, пикник жасап немесе Гриффит обсерваториясына жаяу барыңыз.
Кейптаун, Оңтүстік Африка

Кейптаунда өткен мен бүгін тығыз байланысқан. Роббен-Айленд пен District Six музейлері қаланың тарихын көрсетсе, Цейтц MOCAA музейі Африка диаспорасының шығармашылық болашағын таныстырады.
Аңызға айналған музей: Изико – Оңтүстік Африка мұражайы
Бұл нысан Оңтүстік Африка тарихы арқылы дәуірлер саяхатына шақырады. Мұнда 700 миллион жылдық қазбалар мен заманауи планетарий бар. Метеориттер мен теңіз жәндіктерінен бастап, түрлі экспонаттарды көруге болады.
Бағаланбай жүрген, бірақ баруға міндетті орын: Эверард Рид галереясы
Виктория мен Альберт жағалауына жақын орналасқан жарық галереяда заманауи африкалық суретшілердің мүсіндері мен картиналары қойылған. Қасындағы мүсіндер бағына кіру – тегін, тыныштықта отырып, рақаттана кофе ішуге тамаша орын.
Париж, Франция

Парижде әлем адамдары ең көп баратын Лувр мұражайы орналасқан. Мұражайды бір аралап шыққанда адамзат өнерінің 5000 жылдық тарихын көруге болады: египеттік мумиялардан бастап грек мүсіндеріне дейін. Иә, ол үлкен әрі адам көп. Дегенмен бару міндетті. Алдын ала қосымшаны жүктеп, билетті онлайн алыңыз. Адам азырақ уақытты іздесеңіз, тыныштықты қаласаңыз, таңертең ерте немесе жұмыс күндері барыңыз.
Бағаланбай жүрген, бірақ баруға міндетті орын: Карнавале музейі
Маре ауданындағы XVII ғасыр жекежайларында орналасқан бұл музей гильотиндерден бастап Коко Шанельдің хаттарына дейін көрсетеді. Кіру – тегін (уақытша көрмелер ақылы болуы мүмкін). Кейін жақын маңдағы кафелерде круассан жеп кетуді ұмытпаңыз.
Бали, Индонезия

Балидің көркем рухы қолөнер мен салт-дәстүрге негізделген, бірақ бүгінде ол жаһандық сипат алып келеді. Жергілікті тұрғындар мен экспаттар араласқан шығармашылық орта табиғат пен руханиятпен тығыз байланысты туындылар жасайды.
Аңызға айналған Пасифика музейі
Бұл музейде 25 елден 600-ден астам туынды, соның ішінде дәстүрлі балий өнері қойылған. Тыныш, салқын галереяларды бір сағатта аралап шығуға болады. Нуса-Дуада орналасқан, жағажай демалысымен үйлестіруге ыңғайлы.
Бағаланбай жүрген, бірақ баруға міндетті орын: Баджра Сандхи музейі
Сырт көрінісі ғибадатханаға ұқсайды, ал ішінде балий халқының күресі мен болмысына арналған музей бар. Диорамалары әсерлі, айналасындағы парк ойға шомылуға таптырмас орын. Мұнараға көтеріліп, Денпасарды биіктен тамашалауды ұмытпаңыз. Бұл музейге көбіне жергілікті тұрғындар келеді, сондықтан Бали тарихын шынайы қырынан тануға мүмкіндік бар.
Нью-Йорк, АҚШ

Нью-Йоркте музейлер кез келген тақырыпты қамтиды: көпқабатты үйлер тарихынан бастап балмұздаққа дейін. Челси ауданында галереялар көп шоғырланғанымен, өнер мен мәдениет бүкіл қалаға таралған.
Аңызға айналған: Қазіргі заман өнері музейі (MoMA)
Стильді әрі заманауи MoMA абстрактілі экспрессионизмге толы. Мұнда Ван Гогтың «Жұлдызды түн» картинасын көруге болады. Жер деңгейіндегі мүсіндер бағы Манхэттен ортасында екеніңізді ұмыттырады. Кіру ақылы, бірақ жұма күні 16:00–20:00 аралығында тегін.
Бағаланбай жүрген, бірақ баруға міндетті орын: The Cloisters
Метроның А желісіне отырыңыз да, ортағасырлық Еуропаға саяхат жасаңыз. Бұл музей The Met құрамына кіреді, қамалға ұқсас ғимаратта орналасқан. Орта ғасыр өнері, гобелендер мен тыныш дәліздер — қаланың қарбаласынан толықтай алшақтататын орын. Көктемде гүл бақтарын аралау өте әсерлі. Кейін Форт-Трайон паркінде серуендеп немесе жақын маңдағы Cañave мейрамханасында тамақтаныңыз.
Прага, Чехия

Прагада серуендеу тек барокко стиліндегі ғимараттарды тамашалау ғана емес. Тарихи көрікті жерлердің арасында жаңа медиа-суретшілер, дизайнерлік студиялар мен балама галереялардың жарқын желісі қалыптасқан.
Аңызға айналған музей: Чех Республикасының Ұлттық кітапханасы
Праганың қақ жүрегінде орналасқан бұл кітапхана (Клементинум деп те аталады) кітапсүйер қауымның арманы. XVII ғасырда салынған сәулет жауһарында 6 миллионнан астам экспонат сақталып тұр. Міндетті түрде Айна капелласы мен Барокко кітапханасының басты залын көріңіз.
Бағаланбай жүрген, бірақ баруға міндетті орын: «Гулливер» дирижаблі
DOX Center ғимаратының үстінде қалықтап тұрған алып ағаш дирижабль — Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаттарын» бейнелейтін сәулеттік ғажайып. Ұзындығы 50 метр бұл құрылым тек көрініс үшін емес. Мұнда әдеби кештер, шеберлік сабақтары және оқу залы бар. Кіру DOX Center билетімен бірге жүзеге асады.
Әрине, әлемді танудың басқа да жолы көп. Бірақ мұражайлар арқылы саяхаттау – ең терең әрі мәнді тәсілдердің бірі. Мұражай – тек өткеннің куәсі ғана емес, әр қаланың мінезін, тарихын және бүгінгі тынысын сездіретін кеңістік. Мұндай сапарларда басты олжа – көрген дүниеңіз емес, алған әсеріңіз. Мұражай залдарынан шыққанда өзіңізбен бірге жаңа ой, жаңа көзқарас, тіпті жаңа армандар алып кетесіз. Сондықтан келесі саяхатыңызды жоспарлағанда картадағы ең танымал нүктелерге ғана емес, қаланың мәдени жүрегі –музейлеріне де назар аударыңыз. Себебі дәл сол жерде нағыз шабыт басталады.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


