МЫСЫРДА міндетті түрде есте сақтайтын ҚАУІПСІЗДІК ережелері

0
359

Неліктен қаңтарда Мысырға туристер көп?


МЫСЫРДА міндетті түрде есте сақтайтын ҚАУІПСІЗДІК ережелері

Фото: i.pinimg.com

Қаңтарда Қазақстаннан туристер көп баратын бағыттардың бірі – Мысыр. Қыстың суығынан қашып, жылы жаққа топ ете түскісі келгендер сонда бет бұрады.


Неліктен қаңтарда Мысырға туристер көп?

Жылы климат. Қаңтарда Мысырда ауа райы жылы. Әсіресе Қызыл теңіз курорттары (Шарм-эль-Шейх, Хургада) жанға жайлы. Ауа райы күндіз шамамен +20…+23 °C болады. Бұл күн шуақты жағажай демалысын қалайтындай көрсеткіш.

Тиімді тур бағасы. Қаңтар – авиабилеттер мен турпакеттер үшін бағасы салыстырмалы түрде тиімді айлардың бірі.

Жаһандық туристік маусым. Қаңтарда Қазақстаннан ғана емес, әлемнің көптеген аймақтарынан, соның ішінде Азия мен Еуропадан да туристердің ағымы белсенді. Сондықтан Мысырда қаңтар-ақпан айлары туризмнің нағыз қызған маусымы саналады.

Хургада – тек курорт қана емес, тұрғындары бар толыққанды қала әрі алып туристік кластер. Ал Шарм-эль-Шейх – толығымен курорттық аймақ. Мұнда барлығы туристке бейімделген: жергілікті халықтың қонақжайлығынан бастап (өкінішке қарай) бағаларға дейін, туристерге барлық жағдай жасалған. Египетте демалу қауіпсіз. Дегенмен де, жағымсыз, тіпті қауіпті жағдайлар орын алмай тұрмайды. «Сақтықта қорлық жоқ». Жеке бас қауіпсіздігін бірінші кезекте өзіңіз ойлауға тиіссіз.

Тәжірибелі саяхатшылар Мысырда демалысты қауіпсіз өткізу үшін мынадай 9 ережені кеңес етеді.


1. Медициналық сақтандыру сатып алыңыз

Мысырға өз бетіңізше емес, турпакет сатып алу арқылы барған дұрыс. Біріншіден, бұл арзанырақ. Екіншіден, туроператор мен сақтандыру компаниясы демалысыңыздың қауіпсіз өтуіне белгілі бір деңгейде жауап береді.

Пакеттік турға әрдайым медициналық сақтандыру кіреді. Оның шарттары мен талаптарын туроператордың немесе сақтандыру компаниясының сайтынан тексеріңіз. Егер сізде климат ауысуына байланысты асқынуы мүмкін созылмалы аурулар болса, кеңейтілген медициналық сақтандыруды қосымша алған жөн.

Сақтандыру полисін электронды нұсқада сақтаумен қатар, міндетті түрде қағазға басып шығарылған күйде өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Немесе қонақүйге келген күні ресепшнде шығарып алуға болады.


2. Улануға қарсы дәрі-дәрмектердің қорын алыңыз

Барлық курорттарда дәріханалар бар, қажетті дәріні сатып алу қиын емес. Бірақ ол үшін қонақүй аумағынан шығуға және таксиге шығындалуға тура келуі мүмкін.

Араб тағамдары көптеген жандарға бірден жаға кетпейді. Сонымен қатар ыстық ауа райында қонақүй бассейндерінде ротавирустар белсенді болуы ықтимал. Әсіресе, суға сүңгуді жақсы көретін, байқамай жұтып қоятын балалар жиі ауырады.

Сондықтан шгабаданыңызда ең аз дегенде асқазан-ішек жолдарының бұзылуына қарсы дәрі-дәрмек қорының болғаны жақсы.


3. Краннан аққан сумен тіс жумаңыз

Кез келген краннан аққан суды ішпеу керегі түсінікті. Ал Мысырда ондай сумен тіпті тісті де жумаған абзал. Қонақүй нөмірлерінің барлық санаттарында әдетте бөтелкедегі ауызсу үнемі толықтырылып отырады. Сол суды ғана пайдаланыңыз.

Себебі мұнда құбырымен келетін судың мәселесі көп. Ол не нашар тұщытылған теңіз суы, не Ніл өзенінен келген, жеткіліксіз тазартылған су болуы мүмкін. Сондықтан тәуекелге бармаған жөн.

Осы себепті қандай аптап ыстық болса да, қаншалықты шөлдегеніңізге қарамастан, мұз қосылған сусындардан да бас тартқан дұрыс. Көптеген қонақүйлерде коктейльге зауытта жасалған мұз салады. Оның қандай судан жасалғанын ешкім нақты айта алмайды.


4. Көшеде, әсіресе жол бойында абай болыңыз

Жергілікті көлік жүргізушілері жылдамдық шектеулері мен жол ережелерін сақтауға аса мән бермейді. Тіпті бағдаршамның жасыл түсінде, белгіленген жерден өтсеңіз де, міндетті түрде жан-жағыңызға қарап, өте мұқият болыңыз. Мұнда жол ережесін елемейтін жүргізушілер жеткілікті.


5. Қонақүй сейфін пайдаланыңыз

Қысқа уақытқа болса да бөлмеден шыққанда, ақша, әшекей бұйымдар сияқты құнды заттарды сыртта қалдырмай, сейфке салып кетіңіз. Жау алыстан келмейді, қонақүй қызметкерлерінің өзі-ақ мүлкіңізге көз тігіп, үптеп кетуі мүмкін. Тіпті қымбат, ірі қонақүйлерде де тазалаушы мен қызметкерлердің жалақысы төмен. Сондықтан бағалы бұйым көргенде әзәзілдің азғыруына еріп кетпеуіне ешкім кепілдік бермейді. Ұсақ ұрлықты (мысалы, сөмкеден немесе қалтадан қолма-қол ақшаның жоғалуы) дәлелдеу іс жүзінде мүмкін емес.


6. Экскурсиялар мен трансферлерді «көшеден» сатып алмаңыз

Экскурсияларды тек ресми туроператордың гиді арқылы сатып алыңыз. Бұл қымбатырақ болуы мүмкін, бірақ мұндай жағдайда экскурсия мен жол үстіндегі қауіпсіздікке туроператор жауап береді. Қонақүйге қатысы жоқ гидтердің біліктілігі көбіне көңілден шықпайды.


7. Алыс экскурсиялық бағыттарға өз бетіңізше бармаңыз

Шарм-эль-Шейх пен Хургада — қатаң күзетілетін, туристер үшін жалпы алғанда толықтай қауіпсіз аймақтар. Ал Мысырдың басқа өңірлерінде қарақшылыққа, экстремизмге, тіпті әскери қақтығыстарға тап болу қаупі бар.

Бұл, әсіресе, Суэц пен Табаның арасындағы Солтүстік Синай аймағына, сондай-ақ Ливияға жақын шөлейт шекаралық аумақтарға қатысты.


8. Жағалауда сары немесе қызыл жалау тұрса, теңізге түспеңіз

Сары жалау — «абайлап шомылыңыз», ал қызыл жалау — «шомылуға тыйым салынады» дегенді білдіреді. Желді күндері тіпті тәжірибелі жүзушілер үшін де қауіпті қатты толқындар болуы мүмкін. Кей жағажайлар акулалардың пайда болу қаупіне байланысты да жабылады.

Әр қонақүй шомылуға рұқсат етілген жағажай аумағын, бассейндердің жұмыс уақытын нақты белгілейді. Сол аймақтарда, белгіленген уақытта құтқарушылар кезекшілік етеді. Осы жағдайда ғана қауіпсіз шомыла аласыз. Белгіленген тәртіпті бұзбаңыз. Түнде және жалғыз өзіңіз теңізге түспеңіз.

Демалысыңыз қауіп-қатерсіз өтсін. Жағымсыз жағдайларға емес, жағымды естеліктерге толы болсын.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Мұражайлары үшін баруға тұрарлық 7 қала