Оңтүстіктегі Шымбұлақтың бесеуі сыятын ғажайып мекенді білесіз бе?

0
4 219

Ежелгі дәуірлерден бастап-ақ қазақ жерінде өмір сүрген халықтар тұрмыстық мәдениеттің негізін қалаған. Сондай-ақ, Ұлы жібек жолының торабында орын тепкен Түркістан облысының жері қазақ мемлекетінің ата тұрағы, алтын бесігі болып есептеледі.


Оңтүстіктегі Шымбұлақтың бесеуі сыятын ғажайып мекенді білесіз бе?

көрнекілік суреттер: ашық дереккөзден

Түркістан облысы тарихи жәдігерлерімен әлемге әйгілі. Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқандықтан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып көрікті жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Ол жәдігерлердің құрамына: бекіністер, ежелгі қалалар мен кесенелер, тұрғындардың қоныс қалдықтары, алып қорғандар кіреді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысындағы 800-ге жуық тарихи және мәдени ескерткіштердің ішінен 528-і археологиялық, 42-сі тарихи, 226-сы архитектуралық ескерткіштер екен. Солардың арасынан ерекше өзгерістерге ұшырап жатқан, танмалдылықа ие және бұрын көп айтылмағандықтан көпшілік біле бермейтін жерлерге саяхат жасап қайтайық.


«Екінші Мекке»


Сөз бастарда ең бірінші Түркістан облысының қалаларының ішінде жақында ғана облыс орталығына айналған Түркістан қаласы ойға келеді. XVI-XIX ғасырдағы Ұлы Жібек жолында орналасқан Түркістан қаласы Қазақ хандығының астанасы және түркі тектес халықтың мәдени орталығы, қасиетті қаласы болған. Сондай-ақ, Түркістан қаласы ірі діни орталық, оны көбіне «екінші Мекке» деп атайды. Қазіргі таңда Түркістан қаласында ірі құрылыс жұмыстары, жаңартулар болып жатыр. Келешекте бұл қала тарихи архитектурасымен, тұнып тұрған тарихымен дүниежүзінде бұдан да үлкен танымалдылыққа ие болары анық.


Ибрагим-ата кесенесі

Ибраһим ата – атақты сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, діни көсем, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған.XI ғасырда Сайрам ислам дінін тарату орталығы болған. Мұнда көптеген діни ұстаздар мен ғалымдар тұрды. Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, табысты жер өңдеуші болған. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы аңыздар тараған. Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрген және мыңдаған ізбасарларға ислам дінін уағыздаған екен.

Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Түркістан облысы Ақсу ауылы жолында Сайрам ауылының шетінде биік төбеде орналасқан. Алғашында кесене XVI – XVII ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта тұрғызған.


Ақсу-Жабағалы

Ақсу-Жабағалы қорығы 1926 жылы құрылған, Қазақстан және Орта Азиядағы алғашқы қорықтардың бірі болып есептеледі. Түркістан облысының аумағында орналасқан бұл қорық қазіргі таңда тамсана қарайтын Қазақстанның сұлу жерлерінің бірі. Сондай-ақ, ол мекендегі Қарабастау жерінен 140 миллион жыл бұрын Юр кезеңінде өмір сүрген өсімдіктер және жануарлардың қалдықтары табылған.


Қасиетті Қасқасу

Қасқасу шатқалы – Түркістан облысының ең әсем жерлерінің бірі. Шатқал Төле би ауданында, теңіз деңгейінен 1900 метр биіктікте орналасқан. Сондай-ақ, атақты Шымбұлақтың 5-ін өзіне сыйдыра алатын әлеуеті бар.

Қасқасу шатқалында өсімдіктің 1500-ден аса түрі өседі және ағаштардың алуан түрлері бар. Ең танымалы – түркістан аршасы. Бұл аршаның таулар өміршеңдігі мен экожүйеге ықпалы өте зор, себебі, қардың уақытында еруін қамтамасыз етеді. Бір таңқалдырарлығы аршаның өмір сүру ұзақтығы 500-600 жыл болса да, Қасқасуда 4 мың жылға дейін жасаған аршалар бар екен. Сонымен қатар, бүкіл аймаққа танымал, 20-дан аса түрі бар, өте дәмді, әрі жұмсақ, көктемге дейін сақталатын, ешқашан құрттамайтын Қасқасу алмасы да осы ғажайып мекенде өседі.


Түркістан облысы өңірінің табиғаты, тарихы шын мәнінде ерекше қайталанбас дүние. Әрине, бұл оқығандарымыз оңтүстік аймақтағы кереметтердің бір бөлігі ғана. Алайда таудан сыңғырлап аққан бұлақ, сабағын көтере алмай тұратын жеміс ағаштары, хош иісті гүлдер, өткен замандар сөйлеп тұрған ескерткіштер, қасиетті мекендер қаладан, жұмыстан мезі болған адам жанына таптырмас демалыс орны емес пе!?

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ