Қандай да бір жерге саяхаттаған адамның бойында бір өзгеріс болады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Саяхаттаған адамның таным көкжиегі кеңейіп, өмірге деген көзқарасы өзгеретіні барлығы білетін құбылыс. Мысалы, кейбір адамдар өзіне және өміріне өзгеріс енгізу үшін өзге елдерге саяхаттап жатады. Сондай-ақ, саяхат адамдардың біраз қырын өзгеріске ұшыратады екен. Олар жайлы осы мақалада кеңінен әңгімелейміз.
Шешімді дұрыс әрі тез қабылдау
Мысалы, сіз тамақ таңдайтын кезде немесе үйге автобуспен қайтар кезде шешімді қиналмай қабылдайсыз. Ал, ұңғыл-шұңғылын, халқының тілі мен мәдениетін білмейтін жерде ше? Әлбетте, шешім қабылдау қиындық тудырады. Өйткені, мұндай жағдайда жауапкершілік бұрынғыдан әлдеқайда ауыр болады. Бірақ, соның арқасында шешімді дұрыс әрі жылдам қабылдауға дағдыланасыз.
Қаржыны дұрыс есептеу
Саяхат кезінде әр адам өзіне-өзі бугхалтер болады. Ал, есепке шорқақ болсаңыз бұл үлкен мәселе болатынын біле жүріңіз. Өйткені, қазіргі уақытта қаржыны есеппен жұмсамасаңыз, көп ұзамай бір тиынсыз қалуыңыз мүмкін. Оның үстіне бүгінгі қоғамда біреудің біреуге көмектесуі қиын ғой. Сондықтан саяхат алдында бюджетті жоспарлауға тырысыңыз. Сосын, бір нәрсе сатып алмас бұрын жан-жақты ойланып, нақты шешім қабылдау қажет. Сондай-ақ, қымбат мейрамханадан тамақтанудан бас тартсаңыз, ақшаны басқа мақсатта жұмсауға болады.
Әр жағдайдан ләззат алу
Кез келген істі жоспармен жасаған дұрыс. Өйткені, өзіміз құрған жоспар өзіміздің қалауымыздан туады ғой. Бірақ, саяхат барысында сол жоспардың айна-қатесіз орындалуына кедергілер кері әсерін тигізсе, оған көңілдің күйін түсірмей-ақ қою керек. Себебі, бұл өмірде мінсіз нәрсе жоқ қой. Мысалы, кейде көлік кешігіп қалады, кейде ауа райы бұзылады дегендей. Жан дүниеңізге демалыс сыйлағыңыз келсе, ондай-ондайға көз жұма қараңыз.
Кішкентай заттарды бағалау
Саяхат барысында өзіңізбен алып жүретін заттардың жеңіл әрі шағын болғанының өзі бір бақыт екенін ұғынасыз. Сөйтесіз де, кішігірім болса да, көлемді заттардың орнын баса алатын нәрселердің қадірін түсінесіз. Бұл түптің-түбінде қарапайым, ұсақ заттардың өзі өмірдің бір бөлігі екенін аңғартады. Әйтпесе, көлемі үлкен, ауыр жүк сапарыңызды қиындатады ғой.
Жалғыздықтан қорықпау
Адамның барлығы бірдей саяхатқа жұбайымен, достары немесе әріптестерімен бірге шыға бермейтіні белгілі. Өйткені, кейде адам жаны жалғыздықты қалайды емес пе? Дегенмен, жалғыз саяхаттаудың да өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, жалғыз адам терең ойларға батып кетпей, өзі ғана болса да, жалықтырмайтын істермен айналысуы қажет, мәселе туындағанда қиындықтан өзін-өзі алып шығуы керек дегендей ғой. Десе де, бұл баспалдартардан сәтті өткен адам өмірден бір ұпай алып, адам ретінде өсті деп айта аламыз.
Адамдарды тану
Саяхат кезінде сіз сан түрлі адамды кездестіріп, олармен сөйлесіп, кеңес сұрап, нәтижесінде адамды ісі мен сөзіне қарап тану тәжірибесін жинай аласыз. Ал, ол тәжірибе кез келген адамның өмір жолында жиі қажет болады.
Интернет тәуелділіктен арылу
Саяхаттың әр сәтінен ләззат алғысы келетін адам демалыс кезінде ғаламторға, әлеуметтік желілерге кіруді азайтады. Виртуалды әлемді ұмыта тұрып, орын алып жатқан сәттерменөмір сүреді. Соның арқасында интернетке тәуелділікті жеңуге болады.
Өзгерістен, жаңа дүниелерден қорықпау
Бұрын болмаған жерлерге саяхаттау – өзіңізді түрлі қырыңыздан сынап, жаңашылдыққа жол ашудың тамаша тәсілі. Мысалы, саяхат барысында жергілікті тұрғындармен сөйлесуге, қаланы картасыз зерттеуге, жергілікті тағамдарды жеуге және т.б. жаңашылдықтарға бет бұра аласыз. Бірақ, шектен асып кетіп, өзіңізге қауіп төндіріп алып жүрмеңіз.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Саяхаттап жүріп те АҚША ТАБУҒА БОЛАДЫ