​Саяхатшыларды СЫРҚАТҚА шалдықтыратын ҚАТЕЛІКТЕР

0
238

Жат жерге сапар, демалыс жоспарлағанда мынадай қателердің алдын алған жөн.


​Саяхатшыларды СЫРҚАТҚА шалдықтыратын ҚАТЕЛІКТЕР

Сурет: doridarmon.uz

Саяхат кезінде ауырып қалу – көңіл мен жоспардың күл-талқанын шығарады. Өзі санаулы күннің бірнешеуін сырқатқа сарп ету – ең жағымсыз жағдайлардың бірі.


Саяхат пен сырқат статистикасы

2024 жылдың сәуір айының басында Островок Telegram-арнасы жазылушылары арасында сауалнама жүргізген. Онда саяхат кезінде бастан өткерген ең жиі кездесетін денсаулық мәселелері туралы сұралды. 1311 адам қатысқан сауалнаманың қорытындысында мынадай түйін жарияланды:

  • ішек инфекциялары мен улану – 60%;
  • тұмау мен суық тию — 47%;
  • күн өтуден немесе ыстықтан болған жайсыздық — 25%;
  • аллергия — 21%;
  • мигрень, ұйқысыздық, мазасыздық және көз аурулары — әрқайсысы 8%;
  • ковид — 6%;
  • жұқпалы аурулар — 2%.

Көптеген саяхатшылар (83%) емделу үшін өздерімен бірге алған дәрілерді қолдануды жөн көреді екен. 26%-ы дәріні жергілікті дәріханадан фармацевт кеңесімен сатып алса, 10%-ы сақтандыру арқылы емделген. Аз болса да, ауырып қалып, демалысты тоқтатып, үйіне қайтуға мәжбүр болғандар да бар.

Сондықтан, жат жерге сапар, демалыс жоспарлағанда мынадай қателердің алдын алған жөн.


Джетлагты елемеу

Джетлаг — бұл ұзақ ұшудан кейін, уақыт белдеуінің күрт өзгеруінен туындайтын ұйқы тәртібінің уақытша бұзылуы. Адамның қашан ұйықтап, қашан оянуы керектігін реттейтін ішкі биологиялық сағат – циркадтық ырғақтардың бұзылуы.

Джетлагтың негізгі белгілері:

  • Ұйқының бұзылуы: ұйықтап кетудің қиындығы немесе керісінше, күндізгі уақытта қатты ұйқышылдық.
  • Шаршау: толыққанды демалса да, қатты шаршаған сезім кетпейді.
  • Бас ауруы: бас жиі ауыруы мүмкін.
  • Тітіркенгіштік: адам шектен тыс ашушаң, жүйкесі жұқарған, көңіл-күйі төмен, енжар болуы мүмкін.
  • Тәбеттің жоғалуы: адам ең сүйікті әрі дәмді тағамдарға да қызықпауы мүмкін. Кейде керісінш, шамадан тыс тәбет ашылып, артық тамақ жеуге алып келеді.
  • Зейін қоюдың қиындауы: жұмысқа немесе басқа маңызды істерге көңіл бөлу қиындайды, адам ұқыпсыз, алаңғасар болады, есте сақтау қабілеті нашарлайды.

Сондықтан уақыт белдеуінің өзгеруіне бейімделуге және акклиматизацияға жеткілікті уақыт бөлу өте маңызды. Әрине, саяхатта мүмкіндігінше көп нәрсеге үлгергің келеді. Бірақ джетлагтың белгілерін елемеуге тырысып ағзаны артық жүктемемен қинау, сергітетін сусынды, ұйықтататын дәріні көп ішу – дұрыс шешім емес. Ағзаны алдау мүмкін емес.


Акклиматизацияны жеңілдету жолдары

Ағзадағы стрессті азайту үшін сапарға шығар алдында бірнеше күн бұрын ұйқы және ояу болу тәртібін болашақ уақыт белдеуіне сәйкес біртіндеп өзгерткен дұрыс. Ұшақта ұйықтап алуға мүмкіндік болса, міндетті түрде демалыңыз. Бұл жеткен соң тезірек қалыпқа келуге көмектеседі.

Шетелге барған соң, денеңіз шаршап тұрса, өзіңізді серуендеуге немесе экскурсияға шығуға күштемеңіз. Әйтпесе ағзаңыз күйзеліске ұшырауы мүмкін. Мүмкіндігінше жиі таза су ішіп жүруді ұмытпаңыз. Ал алкоголь, қою кофе мен тәтті газдалған сусындардан бас тартқан жөн.


Ауа райына сай киінбеу

Ауа райы болжамына мән бермей, қазір күн шығып тұрғанына сеніп, жеңіл киініп кету үлкен қателік. Иә, көктемгі Түркияда +16°С ауа температурасы солтүстіктегі -1°С-тан кейін керемет көрінуі мүмкін. Бірақ суық жел денсаулыққа зиянын тигізіп, демалыстың қалған бөлігін тұмау және қызумен өткізуге мәжбүр етеді.


Жемістерді дұрыс жумау, краннан су ішу

Мұндай жағдай көп адамның басынан өткен. Азияда краннан су ішу, жемісті жеткілікті түрде жумау немесе санитарлық жағдайы күмән тудыратын орыннан тамақтану. Жыл сайын сақтандыру үнпарақтарын жазса да, бұл қателікті мыңдаған саяхатшы қайталайды екен. Нәтижесінде өзін нашар сезіну, төсек тартып жатып қалу, демалыстың шырқы бұзылуы мен қаражаттың ауаға ұшуы орын алады.

Тағы бір жиі кездесетін қауіп – жағажайлық демалыста орын алатын ротавирус. Теңіз жағасындағы демалыстың мұндай тосынсыйы кез келген адамға бұйыруы мүмкін.


Күннің астында көп жүру

Иә, бұл бәрімізге таныс күн өтудің салдары туралы. Түске таман күнге қыздырыну немесе бас киімсіз серуендеу ағзаның тез қызып кетуіне себеп болады. Ыстық жағажайдағы бес-алты күнде бір жыл бойы сіңіру керек Д дәруменін аламын деу – үлкен ағаттық. Күн сәулесінің жетіспеушілігін өтеймін деп жүріп, күю мен күн өтуден бастап, басқа да түрлі денсаулық мәселелеріне ұрынып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан, қандай жағдай болмасын, сағат 12:00 мен 15:00 аралығында жағажайда немесе тікелей күн сәулесінің астында болмаған абзал.


Екпелерге немқұрайлы қарау

Әсіресе ауру жұқтыру қаупі жоғары елге бара жатсаңыз, бірінші кезекте екпелерді түгелдеңіз. Мысалы, тропиктік аймақтарда сары безгек немесе безгек (малярия) сияқты ауруларды жұқтырып алу оңай. Африка сафариінде, Занзибардың жағажайларында да безгек тарататын масалар көп кездеседі. Сондықтан Африкаға сапар алдында мына ауруларға қарсы екпе алу артық болмайды: А гепатиті, сары безгек, іш сүзегі, дифтерия және сіреспе. Сондай-ақ безгекке қарсы дәрі-дәрмек пен репелленттерді де өзіңізбен бірге ала барыңыз.

Бали немесе Малайзияда Денге қызбасын жұқтырып алу мүмкіндігі жоғары. Бұл ауру 10 күннен бір айға дейін созылуы мүмкін.

Сондай-ақ, Урал, Сахалин өлкелерінде, Алтай мен Қиыр Шығыста кене энцефалиті немесе Лайма ауруын жұқтырып алу оңай.


Медициналық сақтандыруға үнемдеу

Әсіресе, саяхат барысында қауіпті спорт түрлерімен айналысқанда (мысалы, треккинг, тау шаңғысы немесе альпинизм) экстремалды сақтандыру міндетті түрде қажет. Әрине, жаман ештеңе болмайды деп үміттену, сену қажет. Бірақ, жазым аяқ астында екені де есте болғаны абзал. Күтпеген жағдай туындаса, жарақат алу бірер секундтық іс, ал қалпына келу бірнеше айға созылуы мүмкін.


Бір ғана қате қадам

Винский форумында бір турист қыз Непалдағы Кьянжин Ри шыңына көтерілген кездегі тәжірибесін сипаттайды. Шамамен 4700 метр биіктікте ол батпақ пен лайдың үстінде аяғы тайып, төмен қарай құлап кеткен. Нәтижесінде шамамен 150 метрлік құлау, Катмандуға тікұшақпен эвакуация, көкірек омыртқасының сынығы, 10 металл штифт, өкпенің контузиясы, жұмсақ тіндер мен бет жарақаттары орын алды.

«Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» дейді мұндайда біздің халық. Жат жерде жүргенде әр қадамыңызды аңдап басыңыз. Бір ғана қате қадам көптеген сәтсіздіктерге ұшыратуы ықтимал.


Дәріні үйде ұмытып кету

Бұл – тәжірибелі саяхатшылардың өзі ара-тұра жіберетін кең таралған қателік. Яғни, дәрігер жазып берген дәріні сатып алуға үлгермей қалу немесе оны үйде ұмытып кету. Бұл мигреньге қарсы дәрі, биікке шыққанда қажет болатын препарат немесе ауырсынуды басатын дәрі болуы мүмкін.


Туристің дәрі қобдишасында не болуы керек?

Жолға дәрі-дәрмек жинағанда, міндетті түрде маманнан кеңес алған жөн. Фармацевт сапар мақсатына қарай қандай дәрілер керек екенін айтып, әмбебап дәрі қобдишасын дұрыс жинауға көмектеседі.

Туристің негізгі дәрі қобдишасына мыналар кіруі тиіс: пластырь, залалсыздандыру құралдары, жгуттар, сулықтар, таңғыштар, қабынуға қарсы препараттар, сорбенттер, аллергияға қарсы дәрілер, күйікке қарсы және жара жазатын құралдар.

Қалған дәрілерді жеке денсаулық жағдайына, сапар ерекшелігіне қарай қосуға болады.

Денсаулық – демалыстан да маңызды екенін естен шығармаңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

БАЛАМЕН САЯХАТТАУ: қиын ба, қызық па?