ШЕТ ЕЛДЕ ақша не құжатыңызды ҰРЛАТЫП алсаңыз...

0
522

Бұл кеңестер саяхат кезінде ұрлыққа тап болсаңыз, жағдайды тез шешуге көмектеседі.


ШЕТ ЕЛДЕ ақша не құжатыңызды ҰРЛАТЫП алсаңыз...

Жат жерге келіп, жан-жағын қызықтап, аяғының астына қарауды ұмытқан турист – жергілікті ұры-қарының негізгі аңдитын жемтігі. Сондықтан, құжат пен ақшаға сақ болу керек.

Кейде қанша сақтық танытсаңыз да, суыққолдылардың айласын асырып кететіні бар. Мұндай жағымсыз жайттан ешбір турист сақтандырылмайды. Сондықтан, барлық жағдайға дайын болу керек.


Қаражат не құжатыңыз қолды болса, үрейге бой алдырып, құтыңызды қашырмаңыз. Терең тыныс алып, өзіңізді сабырға шақырыңыз. Бәрі жақсы болатынын есіңізден шығармаңыз.


Ақша ұрланса, не істеу керек?

Банк карталарын бұғаттау

Егер қолды болған әмиян не сөмкеде банк картасы болса, оны дереу бұғаттаңыз. Себебі әккі ұрылар одан ақша шығарып алудың түрлі айласын білуі әбден мүмкін. Бұғаттауды банктің мобильді қосымшасы арқылы жасау ыңғайлы әрі жылдам. Егер ұрланған заттар арасында қалта телефоныңыз да кетсе, қысылмай, жақын маңдағы адамдардан көмек сұраңыз. Банктің коол-орталығына қоңырау шалып, жеке деректеріңізді растау арқылы картаны бұғаттата аласыз.


Полицияға жүгіну

Бұл елдің азаматы болмиасаңыз да, кез келген жәбірленушіге көмектесі – қауіпсіздік қызметінің міндеті. Сондықтан, «Мен – бөтенмін, ұры – өз адамдары» деуден аулақ болыңыз. Уақыт оздырмай полиция бөлімшесіне шағымданыңыз. Ұрлық туралы мәлімдеме жасап, растайтын анықтама алыңыз. Егер жергілікті полиция нөмірін білмесеңіз, қонақүй қызметкерінен немесе дүкен жұмысшыларынан сұраңыз.

Ұрланған заттарыңызды ізін суытпай тауып беруі әбден мүмкін.

Туыс-достарыңызға хабарласыңыз

Туыс не достарыңызға хабарласып, ақша аударуын өтініңіз. Жақындарыңызға мүмкіндігінше бейнеқоныраумен хабарласқаныңыз дұрыс. Әйтпесе сізді алаяқ деп ойлап қалуы мүмкін.

Қаржыны шетелге аударуға мүмкіндік беретін қызметтер көп. Аударымды өзіңіздің ұрланбаған карталарыңыздың бірінен сайт арқылы рәсімдеңіз немесе туыстарыңыздан ақша жіберуді сұраңыз (сіз оларды кассадан қолма-қол ала аласыз). Аударымның құнын компанияның сайтынан немесе офисінен білуге болады.


Құжаттар ұрланса, не істеу керек?

Елшілікке барыңыз

Қазақстан Республикасының елшілігі әлемнің көптеген елінде бар. Онда сізге елге қайтуға арнайы куәлік жасалады. Бұл куәлікпен 2 апта ішінде билет сатып алып, елге оралу мүмкіндігі болады.

Куәлік алу үшін:

  • Ішкі төлқұжат (егер жоқ болса, басқа да құжаттармен растай аласыз)
  • Өтініш (елшілікте немесе CIM сайтында толтыра аласыз)
  • 3,5 × 4,5 өлшемді фото
  • Құжат көшірмелері (егер бар болса, жұмысыңыз жеңілдейді)

Ұрлықтын алдын алу жолдары

  • Сапарға дайындық кезінде жол жүру билеті (бару-қайту), шетелдік төлқұжат, жеке куәлік, виза, медициналық анықтамалар, тағы басқа барлық құжаттардың көшірмесін жасап алыңыз. Бір емес, бірнеше дана жасау артық болмайды. Бір көшірмені туыстарыңызға қалдырыңыз, біреуін чемодан түбіне жасырыңыз, енді бірін сөмкеге салып, өзіңізбен алып жүріңіз. Ал түпнұсқа құжаттарды қонақүйде ұсынылған сейфте сақтаңыз.
  • Ақшаңызды әртүрлі жерде сақтаңыз. Бір бөлігін банк картасында ұстаңыз. Қолма-қол ақшаның өзін бірнеше бөлікке бөліп, артығын қонақүйде сейфте қалдырыңыз, қажетін сөмкеге, қалтаға салыңыз.
  • Жергілікті аймақтың қауіпсіздік деңгейі, қылмыстық деңгейі, жақын маңдағы полиция бөлімшесі, жедел қоңырау, т.б. туралы ақпаратты алдын ала ізденіңіз. Қажет ақпараттарды жазып қойған да арбық болмайды.
  • Туристік сақтандыруды рәсімдеңіз.

Бұл кеңестер саяхат кезінде ұрлыққа тап болсаңыз, жағдайды тез шешуге көмектеседі.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

МАТА әлде ПЛАСТИК: сапарға шыққанда қандай ЧЕМОДАН ыңғайлы?