Қай жерде айырбастасаң ұтылмайсың? Басқа да ақшаға қатысты кеңестер
Саяхат – өмірдегі тамаша сәттердің бірі. Жаңа нәрселермен танысасың, еркіндікті сезінесің, күнделікті күйбеңді ойламай, алаңсыз тынығасың... жақсы жақтары көп. Қалтаға салатын салмағы да одан кем түспейді.
Ақшаны оңды-солды қиналмай шашатын толассыз табыс иесі болсаңыз, бұған бас қатырмайсыз, әрине. Алайда, бір апталық саяхат үшін бірнеше ай бойы ақша жинаған болсаңыз ше? Шығындар тур сатып алумен шектелмейтінін білетін шығарсыз. Жол жүгін жинаумен қатар, қаржылай да тыңғылықты дайындық керек. Әйтпесе санаулы күнде бар ақшаңызды жұмсап жіберіп, көк тиынсыз қалуыңыз әбден мүмкін.
Шығынды жоспарлау
Шетелде тур бағасына кірмейтін, қосымша ақша суырып алатын шығындар болмай тұрмайды. Финанстық мүмкіндіктеріңізді ескеріп, қосымша шығындарға бөле алатын нақты соманы белгілеңіз.
Барғалы жатқан елдегі бағаны зерттеп-зерделеңіз. Азық-түлік, кәдесыйлар қанша тұрады, тур бағдарламасына кірмейтін қыдырыстарды жоспарласаңыз, оларға қанша кетеді, т.с.с. Мұның бәрін ғаламтордан табуға болады. Мәселен, көршілес елдімекенге немесе тарихи орын, мұражай, т.б. барғыңыз келуі мүмкін. Оған апаратын транспорт түрлері, бағаларын салыстыру, кіру ақысы, суретке түсу, тамақтану – осы секілді қосымша шығындарды алдын ала білгеніңіз жөн. Шығындарға шамамен есеп жасаңыз.
Шектік соманы бірнеше топқа бөлу керек: жолақы, тамақтану, көңіл көтеру, қосымша экскурсия, кәдесый, т.б. Бұл үшін өзіңіз іске асырғыңыз келетін әрекеттердің тізімін жасап, әрқайсысы қанша шығынды талап ететінін жазыңыз. Есептеңіз. Белгілеген шектік сома жетпейтін болса, қай жоспардан бас тарта аласыз немесе тағы қанша қаражат қоса аласыз – соны ойлаңыз. Міндетті түрде «қауіпсіздік жастығын» да қамдаңыз, өйткені күтпеген жағдайлар аяқ астында. Нақты шығындар жоспары демалыс кезінде біршама жағымсыз жағдайлардан сақтайды.
Жаңа ақпарат, жаңа әсерлерден бас айналып, эйфорияға түсуіңіз мүмкін. Мұндайда ақшаны ең соңғы орынға ысырып, әр сәттен ләззат алғың келеді. Салдарынан қай уақытта неше жұмсағаныңды ұмытып қалу ықтималдығы жоғары. Есепсіз жұмсап, жалаңаяқ қалғыңыз келмесе, әр жұмсалған ақшаның есебін дәл сол сәтте жазып жүріңіз.
Сауда-саттық жасағанда чек сұраған абзал. Оларды жоғалтпай, жинаңыз. Әсіресе, өзіңізбен елге алып кететін бұйымдардыкін. Шекарадан өтерде чек көрсетуді талап етуі мүмкін. Жай естелік ретінде сақтаудың өзі жағымды. Біраз уақыт өткенде қай затты қаншаға алғаныңызды қараған қызықты. Басқаларға айта жүрсеңіз, бәлкім, пайдалы ақпарат болар.
Қалтада әлде картада?
Тәжірибелі саяхатшылар шетелге шыққанда ақшаны банк картасында сақтаған дұрыс дейді. Оны ұрлатып алудан қорықпайсыз, қиналмай төлем жасай аласыз, валюта айырбастау ақысын үнемдеуіңіз мүмкін. Дегенмен, тек картамен жүрудің де қиын тұстары бар.
Әлемнің көптеген аймақтары мен елдерінде қолма-қол ақшамен төлеу құпталады. Ал банк картасымен төлемді мүлде қабылдамайды немесе қиынсынады. Мәселен, мына елдерге қолма-қол ақшамен барған жақсырақ:
- Германия, Италия және басқа да консервативті Еуропа елдері, олар қағаз ақшамен қоштасуға асықпайды.
- Төлемді доллармен қабылдайтын елдерде (мысалы, Камбоджа, Филиппин) ақшаны жергілікті валютаға айырбастаудың қажеті жоқ.
- Кавказ, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияда көше саудасы жанданып тұр. Көптеген отбасылық дүкендер мен жайма базарлардан небір керемет тауарларды көңілге қонымды бағада табасыз. Алайда олар – банкпен істес болудан басын алып қашатын ортанқол саудагерлер. Сондықтан, қолма-қол төлемді қуана қабылдайды әрі тәп-тәуір жеңілдік жасауы да мүмкін.
- Visa және MasterCard банк карталарын қабылдамайтын, өздерінің төлем жүйелері бар елдер, мысалы, Жапония.
Қайда айырбастаған тиімді?
Ақшаңызды шетел валютасына сапарға дейін де, сапар кезінде де ауыстыра аласыз. Мұның үш жолы бар.
- Банкоматта
Сапар алдында. Ақшаны банкоматтан доллар немесе еуромен шешіп алуға болады. Валюта бағамы филиалдағыдан сәл төмен болуы мүмкін. Барлық банктерде айырбас бағамы бірдей болмайды. Нақтысын банктің веб-сайтынан немесе филиалдарынан біліңіз. Жалпы, елден шықпай тұрғанда үлкен соманы шешіп алу немесе айырбастау ұсынылмайды.
Шетелде. Шетелдегі банкоматтан ақшаны бірден жергілікті валютамен шешіп алуға болады. Бұл жағдайда айырбастау сіздің банкіңіздің немесе төлем жүйеңіздің (Visa немесе MasterCard) тарифі бойынша жүзеге асырылады. Оған банк қызметіне немесе жүйелік комиссия қосылуы мүмкін. Алымдарға байланысты шетелде қолма-қол ақшаны аз мөлшерде бөліп-бөліп алу тиімді емес.
- Банк бөлімшесінде
Сапар алдында. Барлық банк бөлімшелерінде айырбастау пункттері бар. Интернет арқылы банктердің тарифтерін салыстырып, ең тиімдісін таңдаңыз. Өзіңізге ыңғайлы, жақынын таңдаңыз. Бұл ең қолайлы және қауіпсіз әдіс.
Шетелде. Шетел банкінде ақшаны айырбастау қиынырақ. Жергілікті тілді немесе кем дегенде ағылшын тілін білуіңіз қажет. Әр елде мемлекеттік банк, сонымен қатар 2-3 ірі белгілі банктер бар. Мүмкіндігінше сондай банк қызметіне жүгініңіз. Олар сенімдірек.
- Айырбастау пунктінде
Сапар алдында. Айырбастау пунктінде тариф тиімдірек. Бірақ маңдайшада көрсетілген мен шын мәніндегі бағам екі түрлі болуы көп кездеседі. Біріншісі – жарнама үшін жалған жазылуы мүмкін. Тек үлкен сомаларға арналған бағам болуы да ықтимал. Айырбастау пунктінде бірнеше түрлі комиссия төлейсіз. Ақша арасына жалған немесе жыртылған, жарамсыз банкноттарды қыстырып жіберуі мүмкін. Үнемі және бәрі емес, алайда, ондай жағдайлар да бар.
Шетелде. Бұл ең қауіпті нұсқа болуы мүмкін. Басқа елдегі айырбастау пунктінің жұмыс принципін, жасырған сырын білу өте қиын. Оған қоса, жергілікті тілді жетік білмеуіңіз бар. Ағылшын тілін жақсы білем дерсіз, бірақ әр ел өзінше диалект қосып, акцентпен сөйлейтінін де ескеру керек.
- Ақшаға қатысты ақыл-кеңесті жергілікті тұрғыннан сұрамаған абзал. Оның ішкі ниетін білмейсіз. Ұлттың жаманы болмағанмен, адамның жаманы болады. Екінші жағынан, жергілікті тұрғын халықаралық валюта, айырбас бағамы туралы көп нәрсе білмеуі мүмкін. Бұл тұста өзіңіз секілді саяхатшының көмегі көбірек тиеді.
- Әуежай мен вокзалдағы пункттерде айырбас бағамы көтеріңкі болады. Дұрысы, елден шықпай тұрып қонақүйге жетіп алғанша қажет болатын азын-аулақ қолма-қол қаржыны қалтаңызға салып алу. Барған соң сенімді банк тауып, қалған қажетті соманы шешіп ала бересіз.
- Кейбір елдерде АҚШ долларын айырбастау үшін қосымша алымдар алынуы мүмкін. Мысалы, Кубада – 10%. Мұндай елдерге еуромен бару керек.
Жалпы, қайда жүрсеңіз де, қалта ұрылары, арам пиғылды сатушы, басқа да алаяқтардың барлық жерде болуы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Әсіресе, туристік орындарда олардың құрбаны болу оңай. Сондықтан, қайсысын қолдансаңыз да, сақ болыңыз.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: