Ал шетелдегі демалыс, саяхат арман боп қалады
Жақын арада не алдағы уақытта шетелге сапарды жоспарлап жүрсіз бе? Ендеше, алдымен төмендегі ақпаратты мұқият оқып, жадыңызға түйіп жүріңіз. Себебі, дәл осы мәліметтерді білмеуіңіз сізді аэропорттан кері қайтаруы мүмкін. Мұндай жағдайлар жиі орын алып тұрады. Құжатта бірдеңе дұрыс болмаса, саяхатқа жолдама сатып алғаныңыз, билет ақысының төленіп қойғаны, жол жүгінің дайын болуы, демалысты қанша уақыт армандағаныңыз, алып-ұшқан көңіліңіз – ешқайсысы құтқармайды.
Шекарада жағымсыз жағдайларды болдырмау үшін шетелдік төлқұжаттың мерзіміне мұқият болу керек. Өйткені, оның жарамдылық мерзіміне қатысты қойылатын бірқатар талаптар бар.
Төлқұжат мерзімінің бітер уақытын (датасын) жаттап алу жеткіліксіз. Себебі, басқа елге шығарда құжаттың жарамдылық уақыты елге қайтар күніңізбен ғана есептелмейді. Сізде бірнеше айлар артығымен болуға тиіс. Нақтысын бір ауыз сөзбен де айту қиын. Өйткені, әр мемлекеттің талап ететін мерзімі әрқилы. Мұның бәрін білу және ескеру өте маңызды.
ЕУРОПА ЕЛДЕРІ
- Франция, Германия, Испания, Италия, Грекия, Нидерланд, Аустрия, Португалия, Финляндия, Швеция, Норвегия, Дания, Венгрия, Словения, Швейцария, Исландия, Мальта, т.б.: төлқұжат мерзімі аталған елдерге сапарыңыз аяқталғаннан кейін кемінде 3 ай бойы жарамды болуы керек.
- Сербия: паспортыңыз Сербияға сапарыңыз аяқталғаннан кейін кемінде 3 ай бойы жарамды болуы керек.
- Ұлыбритания: аталған елде бірнеше күн ғана болатын болсаңыз да, шекарасына кіру кезінде төлқұжаттың жарамдылық мерзімі 6 айдан кем болмауға тиіс.
АЗИЯ ЕЛДЕРІ
- Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Израиль, Египет, Біріккен Араб Әмірліктері, Шри-Ланка: шетелдік төлқұжат аталған мемлекеттерден елге қайтып келген күннен бастап, кемінде 6 ай жарамды болуы қажет.
- Түркия: шетелдік төлқұжат мерзімі елге оралған күннен бастап кемінде 120 күн жарамды болуы керек.
- Грузия, Армения, Өзбекстан: төлқұжаттың жарамдылық мерзімі бұл елдерге сапарыңыз аяқталғанға дейін бітіп қалмауға тиіс.
- Таиланд: заң бойынша төлқұжат сапардың аяқталу мерзіміне дейін жарамды болса болғаны. Бірақ көптеген туристік агенттер тәжірибесіне сүйене отырып, жарамдылық мерзімі кемінде 6 ай болғаны абзал екенін айтады.
АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ
- Құрама штаттардың кез келгенінің шекарасынан шығар күніңізден кейін 6 ай бойы жарамды болуы керек.
Төлқұжаттың мерзімінен бөлек, оған ұрылған мөрлерге де назар аудару керек. Әрбір елдің шекарасына кіріп-шыққан сайын құжатқа штамп соғылады. Бұған қатысты да біршама шектеулер бар.
- Кейбір араб елдері төлқұжатында израильдік мөрі бар туристерді кіргізбейді. Сирия, Ливан, Ливия, Йемен, Иран, Судан, Сауд Арабиясы, Кувейт – олардың барлығы Израильді мойындамайды. Сондықтан, құжатыңызды Израиль мөрі болса, бұл мемлекеттердің шекарасын кесіп өткенде мәселелер туындауы мүмкін. Ал Израиль үшін жоғарыда аталған мемлекеттерге қашан, қанша рет барғаныңыз маңызды емес.
- Егер бұған дейін Албания, Алжир, Ауғанстан, Ирак, Иран, Йемен, Ливан, Ливия, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сомали, Судан, Сирия елдеріне сапарлаған болсаңыз, сізге Шенген визасы берілмеуі мүмкін.
- Төлқұжатыңызда Солтүстік Кипрдің мөрі басылған болса, сізге Грекия мен Грекиялық Кипрдің шекаралары жабық деп санай беріңіз. Ол аздай, Шенген визасы берілмеу ықтималдығы жоғары.
- Грузияға сапарлап барсаңыз, ал оған дейін ресей-абхаз шекарасын кесіп өткен болсаңыз, бұл жолсапарыңыз үшін айыппұл салады. Ал егер бұл жолмен екі не одан көп рет өткен болсаңыз, қылмыстық жауапкершілікке тартудан да тайынбайды.
- Әзірбайжан елі төлқұжатыңызда
армян мөрі болғаны үшін сізге есігін тарс жабуы мүмкін. Ал Армения шекарасында
әзірбайжандық штамп үшін түсініктеме жазуыңызға тура келеді.
Әрбір сапар алдында барғалы жатқан елдің құжаттарға қатысты талаптары мен шарттарын қайталап тексеруді ұмытпаңыз. Талаптар өзгеруі, ал сіздің одан хабарыңыз болмауы мүмкін екенін ескеріңіз. Сондықтан соңғы әрі шынайы ақпараттарды біліп отыру үшін әрқашан елшіліктер мен консулдықтардың ресми дерек көздерін қарай жүріңіз.
Сондай-ақ жол құжаттарыңызда жазылған әрбір әріптің, санның дұрыстығын тексерген артық болмайды. Әсіресе, паспорттағы тегіңіз, атыңыз, әкеңіздің атының (латын тіліндегі транслитерациясы да), туған күніңіз бен туған жеріңіздің, отбасы, балаларыңыз туралы мәліметтердің, паспортыңыздың аяқталу мерзімінің дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Қазан айында ҚАЙДА САЯХАТТАҒАН ДҰРЫС? Түрлі талғамға сай бағыттар