Отбасыңызбен не достармен демалысқа шығуды жоспарлап, алайда қайда баратыныңызды әлі шешпедіңіз бе? Бәлкім, сізді көрсетілер қызмет пен баға алаңдататын болар?!
фото: maybeday.com
Отбасыңызбен не достармен демалысқа шығуды жоспарлап, алайда қайда баратыныңызды әлі шешпедіңіз бе? Бәлкім, сізді көрсетілер қызмет пен баға алаңдататын болар?! Біз сіз үшін Шымкент маңындағы ең танымал бірнеше демалыс аймағының салыстырмалы талдауын жасадық.
фото: trvl-media.com
FAMILY RESORT — отбасылық демалыс үшін бар жайы жасалған қала сыртындағы кешен. Демалыс аймағында жастардың көңіл көтеруі, қолжетімділік пен ерекшелік те назардан тыс қалмаған. Демалыстың сан түрі тоғыстырылған кешенге кіру ақысы ересектерге — 2 500, балаларға — 1 500 теңге. Жайдақ сәкілерді 4-5 мың теңгеге жалға береді. Ал, үй-жай жалдап, жайланам десеңіз, коттедж үшін тәулігіне 25 000 теңге төлеуге тура келеді. Қонақүй номері үшін 15-17 000 теңге шамасында шығындаласыз. Одан бөлек, ақылы қызмет түрлері: балық аулау және қуыру — 3 500 тг, атпен серуендеу — 2 500 тг/сағ, пейнтбол — 500 теңге бір адамға.
фото: sxodim.com
TauPark Қасқасу — таза ауа, жақсы әсер, көңілді атмосфера сыйлайтын демалыс аймағы. Өзгелерден ерекшелеп тұратын бір артықшылығы — алма бағында орналасуы. Мұнда велосипед тебу, теннис, воллейбол, бадминтон ойындары сынды белсенді демалыс түрлеріне басымдық берген. Салауатты өмір салтын басты назарға алған демалыс аймағындағы коттедждер мен киіз үйдің жалға берілу құны — 25 000 теңге. Қонақүй номері үшін — 15 000, жайдақ сәкі үшін — 10 000 теңге төлеуіңіз қажет.
фото: shymkent.ucoz.com
АҚ ШАТЫР — шипасы мол саф ауа, көздің жауын алатын тұмса табиғат аясынан орын тепкен премиум класты демалыс орталығы. Алып ақ шатыр астында күн сайын әуезді ән ойнап тұрады. Коттедждер, бассейндер және ойын-сауықтан өзге, мұнда батут және әуе шары орталығы, спорт алаңдары қызмет көрсетеді. Орталық қызметкерлерінің есебінше, бір адамнан төленетін орташа чек — 15 000 теңгені құрайды.
фото: media-cdn.tripadvisor.com
Eco Village Kaskasu — еуропалық теңіз жағалауындағы курорттардан кем түспейтін тау курорты. Тамаша инфрақұрылым мен табиғат үйлесім тапқан мекенде тынығу үшін шекара асып әуре болмайсыз. Бағасы да сіздің қалтаңыз көтерерліктей. Қонақүй номері не коттедж жалға алу үшін сізден 25 000-80 000 аралығында шығын болады. Орналасатын адам саны мен жасалған жағдайына байланысты, әлбетте. Ал, үй-жай жалға алусыз кіру ақысы — ересектерге 3 000/6 000 теңге (күн/тәулік), 7 жастан асқан балаларға 2 000/4 000 теңге. Бассейн, балалар ойын алаңы мен бөлмесі, джакузи, үстел теннисі, нарды ойындары қызметтерін тегін пайдалану мүмкіндігі берілген. Ал, ақылы қызметтерге караоке (3 600 тг/сағ), атпен серуендеу (2 500 тг/сағ), квадроцикл (5 000 тг/сағ), балық аулау (500 тг), тағы басқалар кіреді.
фото: restoran.kz
«Сафари» демалыс аймағы — облыстағы ең табиғаты көркем жерлердің біріне орналасқан. Мұндағы жалға берілетін коттедждер бағасы 20-50 мың теңге аралығында. Ал, үй жалға алмайтын келушілерден кіру ақысына 1500 теңге төлеу және жалға алу ақысы 5-10 мың теңге аралығында болатын жайдақ сәкілер ұсынады.
фото: sxodim.com
«Алтын дән» бұл — 16 коттеджі, еуропалық және ұлттық үлгідегі екі мейрамханасы бар демалыс аймағы. Аумағында атпен, велосипедпен, квадроциклмен серуендеуге жағдай жасалған. Караоке, кинотеатр, балалар алаңы сындылар мұнан да табылады. Айта кетейік, коттедждерді жалға беру ақысы 25 000 мен 70 000 теңге аралығында.
фото: sxodim.com
«Жерұйық» демалыс аймағы табиғат аясында тынығу үшін жазғы террасса, жайдақ сәкілер мен әсем коттедждер ұсынады. Одан бөлек, караоке, сауна, би алаңы, тағысын тағылары бар. Әрбір жүзінші келушіге 30 пайыз жеңілдікпен тағы қуантады. Кіру ақысы — 7 жастан асқан балалардан бастап, ересектерге 1000 теңге. Демалушылардың орташа есебі: 2-3 адамға — 10-12 мың тг; 4-6 адамға — 20-25 мың тг; 6-10 адамға — 30-35 мың тг; 10-12 адамға — 70-80 мың тг; 18-30 адамға — 100-110 мың тг шамасында.
Әрине, шет елге шықсаң, көрер кереметтерің шексіз. Есепсіз ақша жұмсасаң, армансыз демаласың. Бірақ, оның ешқайсысы туған жердің тамашасына жетпейді.
Дайындаған: А.Бектұрғанова
ERNUR.KZ