Әлемнің қай жерлерінде туристерге қарсы митинг болып жатқанын білесіз бе?
«ЕНДІ ТУРИСТЕРГЕ ЖОЛ ЖОҚ!» - үлкен туристік орталыққа айналған кішкентай қаланың тұрғындары осындай ұранмен митингке шықты. Әңгіме – Австриядағы 1000-ға жетпейтін халқы бар Гальштат қалашығы туралы.
Альпі шыңдарының арасында жасырынған керемет әдемі Гальштаттың тұмса табиғаты бұрыннан-ақ көрсе көз тойғысыз. Тек «Диснейлік» атақты «Мұзды өлке» мультфильмінің жарыққа шығуы ерекше танымалдылық сыйлады. Аталған туындының әр бөлімі шыққан сайын туристердің қызығушылығы шарықтау шегіне көтеріле берді. Өйткені, Гальштат – мультфильмдегі Эрендель ертегі патшалығының прототипі болған.
Аталған елдімекеннің асқан танымалдыққа ие болып кетуі – бұрыннан бұйығы тіршілігін жасап жатқан халқының тыныштығын бұзды. Туристік маусымда күніне он мыңға дейін саяхатшы келіп-кетеді, бұл көрсеткіш жергілікті тұрғын санынан он есе көп. Әрине, мұндай белсенді туризм қала экономикасы үшін өте пайдалы. Әйткенмен, нөпір болып ағылып жатқан жиһанкездер қалашықтың орталығын, басқа да қуыс-қалтарыстарын жайлап алып, байырғы тұрғындарды тықсырып шығаруда. Қайда барса да адамның көптігінен даңғаза-шу ортасына тап болатын тұрғындар тыныштықта тынығуды ұмытқалы қашан.
Өз үйлерінде өздерін жайсыз сезінетін жергілікті халық қайта-қайта қолдарына плакат алып, айқайға басып, митинг жариялауда. Тілектері – тым болмаса кешкі сағат 17:00-ден соң қалаға туристердің кіруін шектеу.
Бұл бірінші ереуіл емес екен. Бұған дейін де көктем-жаз айларында жергілікті халық атқарушы биліктен туристер ағынын азайтуды сұраған. Билік өкілдері қаланың туристер ең көп баратын жерлеріне екі метрлік қоршау тұрғызып, кіруге тыйым салған. Алайда бұл мәселенің шешімі бола алмады. Өйткені, әлеуметтік желіде осы турасында негативті пікірлер қарша борады да, қоршауды алып тастап, басқа жол іздеуге тура келді. Әзірше қала әкімшілігі туристерге де, тұрғындарға да тиімді, экономика үшін де пайдалы болатын шешімді қарастыруда.
Дәл осындай қарсылықтар бұған дейін де әлемнің бірнеше елінде бірқатар қалаларында орын алған. Айталық, Барселона, Венеция, Амстердам, Дубровник, Берлин сынды шаһарларда тұрғындар туристердің көптеп кіруіне, олардың еркіндігіне табанды түрде қарсылық білдірді. Нәтижесінде біреулерінде жиһанкездерге арналған ережелер жинағы құрылса енді бірінде туристердің тәуліктік санына шектеу қойылған.
Мұндай қарсылық пен шектеу шараларына себеп болатын негізгі жағдайлар:
- Орталықтағы кептеліс – туристердің көптігінен жүріп-тұру қиындайды, әсіресе, көлікпен.
- Тұрғын үй бағасының өсуі, жекелеген адамдардың өз тұрғын-жайларын туристерге заңсыз жалға беруі.
- Экожүйенің бұзылуы – қаланың тыныс-тіршілігі түбегейлі өзгереді, қызмет көрсету, басқа да кәсіп түрлері тұрғындардың игілігі үшін емес, туристердің сұранысына қарай құрылады.
- Аз бюджетті жоспарлап келген саяхатшылар. Олар барынша тегін қызметтерге жүгіну жолдарын іздейді немесе ең арзан нұсқаларды қарастырады. Сондықтан экономикаға аса көп үлес қоспайды.
- Қызық іздегендер. Олардың көпшілігі күндіз мәдени демалысты, көрікті орындарға сапар шегуді таңдағанмен, арасында шулы отырыстарға, би, сауық кештері, ішімдік, т.с.с. жол беріп қояды.
Туристер нені ескеруі керек?
- Турист жергілікті тұрғындардың менталитетімен санасуға, мәдениетін сыйлауға тиіс. Барғалы жатқан елдің әдет-ғұрпы, түсінігі, дүниетанымы, қарым-қатынас жасау стилі, ым-ишаралары жайлы ақпараттар іздеп, оқыңыз.
- Жағажайдан басқа жерлерде суға шомылатын киіммен жүрмеңіз.
- Қатты эмоция білдіруде айналаңыздағылардың қабылдауымен санасыңыз. Айқайлап сөйлемеңіз, әсіресе, түнге қарай шуламауға тырысыңыз.
- Суретке түспес тұрын бұл жерде рұқсат етілген бе, тыйым жоқ па – соны анықтап алыңыз.
- Алкогольді ішімдік тұтынар болсаңыз, «демалыстамын ғой» деп өзіңізге ерік бермей, шектен шықпауды, мас болып қалмауды қадағалаңыз.
- Жалдамалы пәтер не қонақүй бөлмесінде сауық кеші, отырыс жасауға болмайды.
- Өз қоқыстарыңызды тек қана қоқыс салатын арнайы орын не ыдыстарға салып жүріңіз. Жүрген жеріңізді ластамаңыз.
- Кезек күту, қатарға тұру сияқты жағдайларда өзіңізді елден ерек санап, біреудің алдына түсіп кетуге, шектен тыс пысықтық көрсетуге болмайтынына түсіністікпен қараңыз.
- Әдетте әр туристік аймаққа саяхатшылардың ерекше ағылып баратын кезеңі болады. Егер басқа жағдайлар және ауа райына қатысты мәселе болмаса, ыңғайы келсе, туристік маусымда емес, адам аяғы саябарсып тұрғанда баруға тырысқан жөн. Сонда сізді жақсы қарсы алады. Әрі жақсы демаласыз, әрі біраз ақша үнемдеуге болады.
Қай елдімекеннің болмасын тұрғындары туристерге түбегейлі қарсы шықпайды, оларды ашық қабақпен қарсы алып, қонақжайлық көрсетуге дайын. Тек қонақтардың да өздерін сыйлап, құрметтегенін қалайды. Сый-құрметтің қадірін білмей, шектен шыққан жағдайда ғана өз құқықтарын қорғауға бел шешуі мүмкін. Сондықтан, қай өңірге болмасын қонақ болып барсаңыз осындай ережелерді, тәртіпті сақтауды естен шығармаңыз.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: