Әуе компанияларының билет бағасына қатысты құпиялары

0
2 362

Саяхатқа жұмсалатын қаржының қомақты бөлігі бір ғана ұшақ билетіне кетеді. Алайда, бұл үшін көңілді түсіруге не демалыстан бас тартуға негіз жоқ. Біле білсеңіз, билет бағасын төмендетуге болатын жолдар мен жеңілдіктер көп. Оларды тиімді пайдаланғандар бастапқы билет бағасының жарты, кейде тіпті үштен екі бөлігін үнемдейді. Тек авиакомпания қызметкерлері бұл жайларды құлаққағыс етпей, құпия сақтайтыны бар.


Әуе компанияларының билет бағасына қатысты құпиялары

фото: www.adme.ru

Саяхатқа жұмсалатын қаржының қомақты бөлігі бір ғана ұшақ билетіне кетеді. Алайда, бұл үшін көңілді түсіруге не демалыстан бас тартуға негіз жоқ. Біле білсеңіз, билет бағасын төмендетуге болатын жолдар мен жеңілдіктер көп. Оларды тиімді пайдаланғандар бастапқы билет бағасының жарты, кейде тіпті үштен екі бөлігін үнемдейді. Тек авиакомпания қызметкерлері бұл жайларды құлаққағыс етпей, құпия сақтайтыны бар.

Ең тиімді бағаны ғаламтордан іздеу

Билат бағасынан үнемдеудің ең қарапайым жолы — ең арзан билет табу. Бұл істе бізге біріккен агрегат-сайттар мен метаіздеу жүйелері көмектеседі. Мұндай дереккөздер тұрғанда, әуежай кассасына барудың қажеті жоқ. Әр түрлі авиа және туристік компанияларда бір бағыт билетінің бағасы түрліше болады. Метаіздеу жүйесі не агрегат-сайттар сізге олардың тізімін жасап беріп, салыстырып қарауға мүмкіндік туғызады.

Ұшақ билетінің құны автобус билетінің құнына тең


фото: adme.ru

Авиакомпаниялар тарифі «бәрі қосулы» режиміне сәйкес жоспарланады. Яғни, билет бағасының ішіне жолжүгін жеткізу, сусын мен тіскебасар сынды қосымша қызметтердің ақысы да кіреді. Егер мұндай қызметтерді пайдаланбаймын, олар үшін артық төлегім де келмейді десеңіз, Лоукостер қызметіне жүгініңіз. Лоукостер — бюджеттік кішігірім авиакомпания. Мұндай компания ұсынатын ұшу билеттерінің бағасы айтарлықтай төмен болады. Себебі, олар билет үшін бөлек, ал қосымша қызметтер үшін бөлек ақы төлеу жүйесін ұстанады. Лоукостер ұшақтарының ұшу уақыты көбіне тәуліктің ең бір ыңғайсыз кездеріне, мәселен, түн ортасына не таңертеңге белгіленеді. Ұшақ салонындағы орындықтар тығыз қойылған. Міне, осындай жағдайлар мен үшін ыңғайсыздық туғызбайды, өзіммен бірге жол жүгі болмайды, тіскебасар мен сусын алмаймын десеңіз, тек билетке ақы төлеу арқылы ақша шығынын едәуір азайта аласыз. Лоукостер компаниялар ұшу билеттерін ешқандай делдалсыз, тікелей сатады. Сол себепті агрегат-сайттар олардың ұшу кестесі мен билет бағасын «көрмейді».

Сапар алдында әуежай сайтына «саяхаттаңыз»

Сіз отырған ұшақ қай әуежайға қонатынын білген соң, оның ресми сайтын іздеңіз. Халықаралық әуежайлардың көпшілігі жолаушыларға тегін қызметтер қатарын ұсынады. Мәселен, Сингапур әуежайы ақысыз түрде қалаға экскурсияға алып шығады. Ал, Амстердам әуежайында орналасқан ауқымды кітапхана ақысыз түрде кітап оқуға, ғаламторға кіруге мүмкіндік береді.

Әуе компаниясы акцияларына назар аударыңыз

Әуе компанияларының ресми сайттарына тіркеліп, ондағы хат жіберу қызметін қосып қойыңыз. Сонда компания ұйымдастырған акциялар мен жеңілдіктер жайлы уақытында құлағдар болып отырасыз. Ал, ірі авиакомпаниялар мұндай шараларды жиі ұйымдастырады. Тек, дер кезінде кәдеге жаратып үлгерсеңіз болғаны.

Кейде қандай да бір уақытша жеңілдікті қолданып үлгермей қалсаңыз, тез арада тілді ауыстырып көріңіз. Тілді ауыстыру арқылы сайттың басқа елге арналған нұсқасына өтуге болады. Әр елде сағат белдеуі түрліше болғандықтан, онда жеңілдік уақыты әлі бітпеген болуы әбден мүмкін.

Бірнеше нүктені біріктіріңіз


Фото: adme.ru

Тікелей ұшу және қайту билетіне қарағанда, құранды маршрут арзан түсетін жағдайлар болады. Құранды маршрут — бұл нақты сіз көздеген елдімекенге емес, оған жақын маңдағы елдімекенге бір көлікпен, әрі қарай мақсат еткен қалаға басқа көлікпен жол жүру. Бұл ақша шығынын азайтумен қатар, саяхатыңызды қызықты ете түсетіні сөзсіз.

Бұл ретте екі негізгі нүктенің ортасындағы аралық елдімекен лейовер және стоповер атауларымен белгіленеді. Лейовер — транзиттік қалада бір тәуліктей бола аласыз. Бұл уақыт ішінде қаланы аралап, тыныс-тіршілігімен танысуға болады. Стоповер — елдімекенде бір тәуліктен астам уақыт қалуға мүмкіндік береді. Белгіленген уақыт біткен соң сапарыңызды әрі қарай жалғайсыз. Қандай да бір демалыс аймағына ұшып бара жатып жолай Дубай, Сингапур, Пекин сынды орталық қалларда бірнеше күн қыдырыстау әрі сол арқылы қаржыны үнемдеу — бұл керемет емес пе?!

Сайттармен «серіктестік» құрыңыз

Желідегі парақшаларыңызда қандай да бір сілтемені жарнамалағаныңыз үшін жеңілдік ұсынатын сайттар көп. Мұндай әдісті саяхатшы-блогерлер мен саяхат жайлы сайт иелері көп қолданады. Олар авиакомпания сайтына өтуге болатын сілтемені жарнамалап, сол арқылы оқырман мен сатып алушылар санын арттырады. Қызметінің ақысына жақсы жеңілдікке ие болады. Әлеуметтік желілерді белсенді қолданып, жазылушылар санымен мақтана алатындай болсаңыз, «серіктестік» жайлы сіздің де ұсыныс жасауыңызға әбден болады.

Бонустарды билетке айналдырыңыз

Егер ұшақпен жиі ұшатын болсаңыз, онда әрбір рейстен бонус жиналып тұратындай етуге болады. Ол үшін алдымен авиакомпанияларда қандай бағдарламалар қарастырылғаны жайлы анықтау керек. Содан соң өзіңізге тиімді деп тапқан бағдарламаға қосылыңыз. Ол сатып алынған билет бағасының қандай да бір пайызы не ұшып өткен қашықтыққа байланысты есептелуі мүмкін. Нәтижесінде жеткілікті бонус жинап, оны билетке айналдыруға болады.


Сәті түссе, сап еткізіңіз

Кейде билет бағалары тым төмен болып көрсетілуі мүмкін. Төмен болғаны сонша, «олай болуы мүмкін емес, бір қателік кеткен шығар» деген ой келеді бірден. Алайда, есіңізде болсын, мұндай сәттерді құр жіберіп алмаңыз. Қате болса қате кеткен шығар, сайт қызметкерлері оны байқап, қайта түзетемін дегенше өзіңізге қажет бағыттағы билетті алып үлгеріңіз.

Келесі рейспен ұшуға келісіңіз

Әдетте, авиакомпаниялар рейс билеттерін қажетті шамадан артығырақ етіп сатады. Осылайша компания аяқ астынан сапары кейінге шегерілген не кешіккен жолаушылар шығынынан сақтанады. Ал, егер сатылған билет иелері түгел келіп, ұшаққа жолаушылар сыймай қалып жатса, келесі рейспен ұшуға ұсыныс жасайды. Мұндай ұсыныс түсіп жатса, бірден ашуға бой алдырмаңыз. Бас тартпаңыз да. Өз еркіңізбен келесі рейспен ұшуға ниет білдіріңіз. Алайда, жоспарыңызды бұзып, ыңғайсыздық туғызғаны үшін жеңілдік сұрайтыныңызды жеткізіңіз. Авиакомпания міндетті түрде қандай да бір жеңілдік жасары сөзсіз.

Көріп тұрғаныңыздай, ұшақ билетінің бағасын арзандатуға болатын амал-тәсіл түрлері көп екен. Оларды тиімді пайдалану үшін ең бастысы — шыдамдылық танытыңыз, тез арада шешім қабылдауға және аяқ астынан жолға жиналуға дайын болыңыз. Сонда билетке бөлінген қаржыны айтарлықтай үнемдеп, есесіне саяхат барысындағы әсерлеріңізді арттыра аласыз.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ