ЖОЛЖАЗБА: Тарихи жәдігерлерді ТҮГЕЛДЕЙ САҚТАП ҚАЛҒАН қала бар!

0
937

Бұл қалаға қалай жетуге болатынын біліп алыңыз.


ЖОЛЖАЗБА: Тарихи жәдігерлерді ТҮГЕЛДЕЙ САҚТАП ҚАЛҒАН қала бар!

Бірер күн бұрын Өзбекстан елінде орналасқанОрталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі Бұхарадаға табан тіредік. Бір кездері бұл шаһар арқылы Ұлы Жібек жолының керуендері өткен. Қазіргі таңда Бұхараның тарихи бөлігі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Мұнда жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристер барады екен. Ал, қала халқының саны 300 мың шамасында.


Бұхара тарихы


Ғалымдар «Бұхара біздің дәуірімізге дейінгі I мыңжылдықтың ортасында пайда болды» деп мәлімдейді. Қала аумағындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдағы ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдар мен ғимараттардың қалдықтары табылған.


Бұхара алғаш рет IV-V ғасырларда қаламен аттас монеталарда аталған. VII ғасырда қытайлық ғалым және аудармашы Сюаньцзан Бұхара туралы жазған екен. «Бұхара» сөзі «намаз, ғибадатхана» деген мағыналарға ие. Сонымен қатар, көптеген дереккөздерде қала әртүрлі атаулармен аталады: Нуми, Бухо, Бухе, Бухала, Бумискат, Фухо немесе Анси.


Бұхара әрқашан билеушілер үшін таңдаулы қала болған. Сондықтан бір ханнан бір ханның қолына өтіп тұрған. Ислам дуәіріне дейінгі кезеңде қала Орталық Азияның мәдени орталығы болған.


IX-X ғасырларда Бұхара Саманидтер мемлекетінің астанасы болды. Мұнда Әбу Әли Ибн Сино, Әбу Абдулла Джафар ибн Мұхаммед Рудаки, Омар Хайям және басқа да танымал тұлғалар тұрып, жұмыс істеген.


Одан кейінгі ғасырларда астана статусынан айырылғанымен, Бұхараға тән сәулет өнері дамыған. Сол себепті Орта ғасырлардағы көптеген ғимараттар бүгінгі күнге дейін жақсы сақталып қалған. Әйгілі билеуші Әмір Темір дәуірінде Бұхара діни орталық мәртебесіне ие бола бастап, қала Бухорои Шариф (қасиетті Бұхара) деп атала бастаған. 1917 жылғы төңкерістен кейін Бұхараның көптеген тарихи ғимараттары қирапты. Ал, 1925 жылы Бұхара Өзбек КСР құрамына кірген. 2020 жылы Ислам әлемі білім, ғылым және мәдениет ұйымы Бұхараны ислам мәдениетінің астанасы деп жариялады.


Қалаға қалай барған дұрыс?

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан өту үшін ел азаматтарына виза керек емес. Шетелдік құжатыңыз болса, оп-оңай кіруге болады. Біз Сарыағаш қаласы маңындағы «Жібек жолы» кеден бекетінен өтіп, Ташкент қаласына бардық. Ташкент пен Бұхараның арасы шамамен 500 шақырымды құрайды. Көлікпен немесе автобуспен жүрсеңіз, 8-10 сағат уақытыңыз кетеді. Ал, біз мінген Өзбекстандағы ең жылдам «Афросиаб» пойызы 4 сағатта жеткізеді. Билет бағасы да аса қымбат емес, 8-9 мың теңгеден басталады. Теміржол вокзалы Бұхарадан 15 шақырым жердегі шағын қалада орналасқан.

Бұхараға жетудің ең ыңғайлы жолдарының бірі – ұшақпен ұшу. Бұхарада Ютаир, Азимут, Ресей, Победа, Red Wings, Turkish Airlines және Uzbekistan Airways авиакомпанияларының ұшақтары ұшатын халықаралық әуежай бар.


Қонақүй

Бұхараға барған соң, 5 жұлдызды қонаүйлердің біріне тоқтадық. Қаланың орталығында орналасқан. Іші мұнтаздай таза, сервисі өте керемет. Тегін интернетке қосылу үшін бір адамға күн сайын жаңа код беріледі. Есікке арналған карта да дәл солай, күн сайын жаңартылады. 4-5 адамға арналған бөлмені 20-25 мың теңгеге жалдай аласыз. Қонақүйдің ас мәзірі де кең.


Транспорт

Интернетіңіз болса, бұл қалада жүріп-тұру өте оңай. Бізде қолданылатын ЯндексТакси, ЯндексНавигатор, 2Гис секілді бағдарламаларды қолдана аласыз. Такси бағасы біздегіден арзан секілді.


Сондай-ақ, Yoko taxi мобильді қосымшасы арқылы (тек Бухарада жұмыс істейді) және байланыс орталығы арқылы тапсырыс бере аласыз. Снымен бірге, көлікті көшеден тоқтатып, келісім жасауға болады.


Бірақ, Бұхарада автокөліктерді жалға алу жүйесі дұрыс дамымаған. Қалада стандартты немесе бизнес класты автокөлікті жалға алуға болатын бірнеше ғана жеке компания бар.


Бұхарада қалалық қоғамдық көлік жүйесі де жақсы дамыған. Қалада 30-дан астам автобус маршруттары бар. Маршруттардың жүру кестесі – таңғы сағат 06:00 мен 21:00 аралығы. Қажетті автобусты орташа күту уақыты 15-20 минут. Бұхараның көптеген тұрғындары шағын маршруттық таксилерді пайдаланады. Олар автобустарға қарағанда көп, бірақ қозғалыс кестесін болжау мүмкін емес.


Бұхара халқы қандай тілдерде сөйлейді?

Бұхара тұрғындарының көпшілігі Өзбекстанның мемлекеттік тілі - өзбек тілінде сөйлейді. Ал, ұлтаралық қарым–қатынас тұрғысынан алсақ, орыс тілін қолданады екен. Ағылшын тілі сирек кездеседі, бірақ туристік орындар мен қонақүйлерде ағылшын тілінде сөйлесетін адамдарды табуға болады.


Бұхарадағы валюта

Өзбекстанның ұлттық валютасы - сум. Бухарадағы барлық есеп-қисап дәл осы валютамен жасалады. Кейбір жерлерде халықаралық Visa және MasterCard карталары қабылданады, бірақ қолма-қол ақшаны алып жүру жақсы екенін есте ұстаған жөн. Ең танымал шетел валютасы – американдық доллар, содан кейін – еуро мен рубль. Кез-келген банк бөлімшелерінде ақша ауыстыра аласыз.


Бұхарадағы қауіпсіздік

Бұхара – өте қауіпсіз қала екен. Сонымен қатар, мұнда тәртіп сақшылары жиі бой көрсетеді. Алаңдамай, күндіз де, түнде де еркін жүре аласыз. Дегенмен, заттарды қараусыз қалдырмау сынды қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытуға болмайды.


Бұхараның көрікті жерлері

Арк бекінісі

Ежелгі Арк бекінісі – Бұхараның сәулетін ашып тұрған және қаланың ең көне ескерткіші. Бұл бекініс қолжетімсіздік пен ұлылықтың синонимі болып саналады. Құжаттық тұрғыдан бекініс V ғасырда болған, ал археологиялық қазбалар бұл аумақта қорғаныс құрылымы біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда пайда болғанын растайды. VIII ғасырда мұнда алғашқы қалалық мешіт салынған. Цитадельде сарай, қабылдау бөлмелері, қонақүйлер, кітапхана, монша, түрме және тағы басқа нысандар болған. Арк қабырғаларында Ибн Сино, Омар Хайям және Рудаки қызмет еткен. Бүгінгі таңда Арк қамалынан орта ғасырлардың билеушілері мен ғалымдардың археологиялық олжаларын көруге болады.

Регистан алаңы тек Самарқанда ғана емес, Арк бекінісінің жанында да бар. Орта ғасырларда мұнда сауда қатарлары, әкімшілік ғимараттар мен мешіттер орналасқан.


Боло Хауз – Регистанның бүгінге жеткен жалғыз кешені. Ол мешіттен, мұнарадан және хаузадан (су қоймасынан) тұрады. Мешіт пен үй 1712 жылы салынған. 200 жылдан кейін мешіттің жанына мұнара тұрғызылған.


Саманидтер кесенесі – Бұхараны басқарған Саманидтер әулетінің қабірі. Ғимарат IX ғасырдың аяғы мен Х ғасырдың басында салынған. Бүгінде бұл сол кезден қалған жалғыз ғимарат болып саналады. 1993 жылы кесене ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Мың жыл ішінде кірпіштен салынған ғимарат өзгермеген.


Пои-Калян (Пои-Калон) – Бұхараның орталығында орналасқан сәулет туындысы. Бұл жердің атауы сөзбе-сөз аударғанда «ұлы табан» деп аударылады. Туынды құрамына композицияның ортасында орналасқан Калян (Калон) мұнарасы, бір-біріне қарап тұрған Калян мешіті мен Мири-Араб медресесі, сонымен қатар Әмір Әлім хан медресесі кіреді.


Калян мұнарасы – 1127 жылы кірпіштен салынған биік мұнара. Мұнара мұсылман имамдары үшін көпшілікті исламға шақыра алатындай етіп салынған. Мұнара биіктігі 46,5 метр. Мұнараның қабырғалары геометриялық және діни өрнектермен безендірілген.

Калян мешіті – Бұхараның басты Жұма мешіті. Бір уақытта мұнда 12 мың адам дұға ете алады екен. Қазіргі мешіт ғимараты 1514 жылы Шыңғыс хан жауынгерлері қиратқан жерде салынған.


Мири-Араб медресесі – 1536 жылы салынған оқу орны. 1920 жылға дейін бұл медресе Орта Азиядағы ең жақсы медреселердің бірі болған. Мұнда көптеген атақты адамдар сабақ берген және оқыған. Мысалы, медресенің түлектері Уфаның алғашқы мүфтиі Мұхаммеджан Хусаин және Ресей мұсылмандарының алғашқы мүфтиі Галимжан Баруди. 1917 жылғы төңкерістен кейін медресе жабылып, діни қызметкерлер қуғын-сүргінге ұшырайды. Ал, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін медреседе оқу қайта басталған. 1946-1956 жылдары және 1961-1989 жылдары Мири-Араб бүкіл Кеңес Одағындағы жалғыз жұмыс істейтін медресе болған.


Пои-Калян кешенінің құрамына кіретін Әмір Әлім хан медресесі 1915 жылы құрылған. Ол Бұхараның соңғы әмірі – Сейид Әлім ханның қаржысына салынған. 1924 жылдан бастап барлық діни оқу орындары жабылғаннан кейін кітапхана болған.


Ляби үйі, Бұхара

Ляби үйі – Бұхарадағы ең танымал орындардың бірі. Бұл тоған өзбек тілінен аударғанда – «жасанды су қоймасы» деген мағынаны білдіреді. XVI ғасырдан бастап Ляби Хауз айналасында көптеген қала тұрғындары жиналатын болған. Себебі, дәл осы жерден су тасушылар ішуге және суаруға су алатын болған. Су қоймасының жанында сауда дүкендері мен шайхана орналасқан. Бүгінгі таңда да Ляби үйі көптеген ғасырлар бұрынғыдай Бұхараның орталық орны болып саналады. Су қоймасының жанында әйгілі фольклорлық кейіпкер Қожа Насреддинге арналған ескерткіш бар.


Кукелдаш медресесі 1569 жылы құрылған. Ол Ляби үйінің су қоймасының жанында тұрғызылған. Бүгінгі күнге дейін бұл медресе Орта Азиядағы ең ірі рухани оқу орны болып саналады. Бүгінде екі қабатты медресенің қабырғаларында қолөнершілер шеберханалары мен кәдесый дүкендері орналасқан.

Нодир Диван беги медресесі 1623 жылы салынған, бұл да Ляби үйінің жанында орналасқан. Бастапқыда мұнда саяхатшылар үшін демалыс орны болған керуен-сарай орналасқан. Содан кейін ғимарат рухани оқу орнына айналған. Медресені безендіруге мұсылмандарға тән емес сәндік элементтер де қолданылған: құстар мен жануарлардың бейнелері.


Чашма-Аюб кесенесі (Чашма-Айюб) қасиетті орын болып саналады. Бұл ескі өсиетте айтылған Киелі кітаптағы әділ Әйүптің қалауымен пайда болған қасиетті су құдығы. Адамдар шөлдеп қиналғанда Әйүп жерді таяғыен ұрып, сол жер судың қайнар көзі болған екен. Сонымен қатар, тарихи құжаттарда ұңғыманың 1380 жылы салынғаны айтылған. Мұнда әлі күнге дейін көптеген ауруларды емдейтін қасиетті су ағып жатқан көрінеді.


Абдулазиз хан медресесі - 1652 жылы салынған сәулет ескерткіші. Ғимарат бүгінгі күнге дейін Бұхара сәулет өнерінің шедеврі болып саналады. Сәулетшілер бұл медреседен көптеген кемшіліктерді табады, бірақ ғимараттың сәндік элементтері ешкімді бей-жай қалдырмайды.


Ситорай Мохи Хоса сарайы Бұхара маңында орналасқан. Бұл 1918 жылы салынған Бұхараның соңғы әмірі – Сейид Әлім ханның қала сыртындағы резиденциясы. Бүгінге дейін жақсы сақталған ғимаратта сәндік-қолданбалы өнер мұражайы орналасқан. Мұндағы мұражай коллекциясы да, сарайдың ішкі көрінісі де қызықты.


Бұхара маңында орналасқан Бахауддин Накшбанди мемориалдық кешені кесенеден, екі мешіттен, мұнарадан және медреседен тұрады. Накшбанди XIV ғасырдың әйгілі теологы болып, сопылық ұйым құрған. Сондай-ақ Әмір Темірдің рухани тәлімгері болып, Меккеге 32 рет қажылық жасаған. Мұсылмандар бұл жерді «Орталық Азия Меккесі» деп те атайды. «Бұхарадан Нақшбанди кесенесіне дейін үш рет жаяу барған адамға қажылық есептеледі» дейтіндер де бар екен.


Бұхара әмірінің қаған сарайы XIX ғасырдың соңында әйгілі сәулетші Алексей Бенуаның жобасы бойынша салынған. Архитектураның ерекшелігі – үш стильдің үйлесімі – неомавр, империя және барокко. Сондай-ақ, еуропалық стильде Араб мотивтері тоқылған.


Кіші Чор

Чор-Минор – 1806 жылы салынған Халифа Низкули медресесі. «Чор минор» «төрт мұнара» деп аударылады. Ғимаратқа көгілдір күмбездермен көмкерілген төрт бірдей мұнара бекітілген. Сонымен қатар, әр мұнара ерекше стильде безендірілген.

Чор-Бакр – Бұхара маңында орналасқан қорым. Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен қорым болып саналады. Чор-Бакр «өлгендер қаласы» деп те аталады. Ол XVI ғасырда салынған. Мұнда асыл адамдар жерленген. Мысалы, алғашқы жерлеу орындарының бірі Мұхаммед (с.ә.с) пайғамбардың ұрпағы болған Әбу Бәкір Саадқа тиесілі деп есептеледі.


Бұхарада басқа да көрнекті орындар бар. Мысалы, Қожа-Гаукушон кешені, Магоки-Аттори мешіті, Имам Әбу Хавс Кабир кесенесі, Ханак Қожа Зайнуддин мешіті, Ортағасырлық моншалар және т.б.


Бұхара мұражайлары


Бұхара – мұражайлар қаласы. Мұнда мұражай саны өте көп және бәрі бір көруге тұрарлық.


Бұхара мемлекеттік мұражай-қорығы 1922 жылы құрылған. Мұнда жүздеген экспонаттар қойылған: құжаттар, фотосуреттер, тұрмыстық заттар, монеталар, қару-жарақ, кескіндеме, мүсін, кітаптар, керамика, зергерлік бұйымдар, маталар және тағы басқалар.


Бейнелеу өнері мұражайында картиналар, графика және мүсіндер бар. Ең көне экспонаттар біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырға жатады. Сондай-ақ, VI-VII ғасырлардағы декор фрагменттері мен заманауи суретшілердің жұмыстары қойылған.


Тарихи Гозиен кварталында орналасқан Файзулла Ходжаевтың үй мұражайы – Бұхарадағы адам ең көп баратын мұражайлардың бірі. Ходжаев Бұхара Әмірлігі халқының өмірін жақсартуды жақтаған. Мұражай үйінде оның жеке заттары, құжаттары, фотосуреттері, ыдыс-аяқ, жиһаз және қару-жарақ коллекциялары бар.


1990 жылдары құрылған Қалпына келтіру тарихы мұражайы ХХ ғасырда Бұхараның тарихи бөлігінде жүргізілген ауқымды қалпына келтіру жұмыстарын баяндайды.


Кілем тоқу мұражайы 1991 жылы құрылған. Мұнда Өзбекстанда, Иранда, Түрікменстанда және Қазақстанда жасалған XVIII-XXI ғасырлардағы жібек және жүннен жасалған кілемдер бар.


Темір ұсталарының мұражай-шеберханасы Кулюта керуен сарайында орналасқан. Мұнда сіз темір ұсталарының тарихымен таныса аласыз, XVIII-XXI ғасырлардағы темір ұсталарының жұмысын көре аласыз, сонымен қатар темір бұйымдарын жасауға қатыса аласыз.


Ұлттық қуыршақтардың мұражай-шеберханасы балаларға ғана емес, ересектерге де ұнайды. Мұнда сіз қуыршақ жасау процесі туралы білесіз, асқабақ қуыршақтарды көресіз және т.б. Мұражайдан естелік немесе сыйлық ретінде қуыршақ ала аласыз.


Гиждуванның керамикалық бұйымдар мұражайы Бұхара маңында орналасқан. Мұнда заманауи және ескі шеберлердің керамикалық бұйымдары ұсынылған. Мысалы, мұражайда алтыншы ұрпағына дейін керамикамен айналысатын әулеттің жұмыстары бар.


Ромитандық өлкетану мұражайы бір кездері Бұхара әмірінің қысқы резиденциясы болған. Мұражайдан Ромитан мен оның әйгілі тұрғындарының тарихы туралы білесіз.


Әбу Әли Ибн Сино мемориалдық мұражайы Бұхарадан 30 шақырым жерде, Афшана ауылында орналасқан. Ол 1980 жылы әйгілі дәрігер әрі ғалымның 1000 жылдық мерейтойына орай салынған. Мұражайда Авиценнаның өмірі мен ғылыми қызметі туралы білуге болады.


Бұхара театрлары

Садриддин Айни атындағы Бұхара музыкалық-драма театры Мирзо Ұлықбек саябағында орналасқан. Ол 1921 жылы құрылған. Мұнда өзбек классиктерінің шығармалары негізінде өзбек тілінде қойылымдар қойылады.


Сондай-ақ, Бұхарада қуыршақ және жазғы көріністер театрлары бар, олар қалалық мерекелер кезінде қойылым ұсынады.


Бұхара саябақтары

Бұхарада саябақтар көп емес, сондықтан олардың әрқайсысында әдетте адам көп жүреді. Ең танымалы – Мирзо Ұлықбек атындағы мәдениет және демалыс саябағы. Балаларға арналған көптеген аттракциондар бар.


Саманидтер атындағы мәдениет және демалыс саябағы да балалары бар отбасыларды қызықтырады. Бұл саябақ кішкентай болғанымен өте жайлы. Нысан Орталық базардың жанында орналасқан.


Қалалық әкімшіліктің жанында зейнеткерлер мен арбада отырған қарттар серуендейтін екі шағын саябақ бар.


Қожа Насреддин ескерткішінің жанында да кішкентай алаң бар.


Бұхарада сауда жасау


Хош иісті жемістер, дәмді тәттілер мен ұлттық дәм үшін Buhoro Dehqon Bozori-ге бару керек.


Ұлттық кәдесыйлар базарлардағы қолөнер дүкендерінде, сондай-ақ Бұхара сауда күмбездерінде, Davron Miniatures өнер галереясында және маңызды жерлерде сатылады. Бұхарада пышақ, қанжар, керамика және күміс зергерлік бұйымдар жасайтын қолөнершілер жұмыс істейді. Егер сізге киім сатып алу және отбасыңызбен уақыт өткізу қажет болса, Chinor Mall және Minor сауда орталықтарын қараңыз.


Бұхарадағы тамақ

Бұхарада тамақтануға болатын көптеген орындар бар. Олар қаланың ескі орталығында да, шетінде де орналасқан. Ең танымал өзбек тағамы – палау. Ең дәмдісі «Лаби ховуз» мейрамханасында дайындалатын көрінеді. Adras, the pala, Temir 's, Shafran, Ismoil және Old Bukhara мейрамханаларында, xo'ja Nasreddin кафесінде және Sham шайханасынан өзбек тағамдарының басқа да түрлерін таба аласыз.

Кофеханалар

Бұхарада кофеханалар көп емес және олардың барлығы қаланың орталық бөлігінде орналасқан.

Жалпы, Бұхара қаласына саяхаттап, толықтай танысқыңыз келсе, бір жұманың өзі жеткіліксіз болатын секілді. Дегенмен, қаржы жағынан өте тиімді бағыт. Тағы бір айта кетерлігі – бұл қалаға көктем немесе күзде бару керек. Жазда аптап ыстық болатыны белгілі.


Бауыржан Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Әлемнің ғажайып көріністеріне куә болғыңыз келе ме?


ТУРИСТЕР үшін ең ҚАУІПТІ тоғыз ҚАЛА