“Ақша жинауға қатаң тыйым салынады” - Шымкентте соңғы қоңырауға байланысты бұйрық шықты

0
747

Сондай-ақ заттай жинауға да қатаң тыйым салынды.


“Ақша жинауға қатаң тыйым салынады” - Шымкентте соңғы қоңырауға байланысты бұйрық шықты

Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арнайы бұйрық шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Құжат мәтініне сүйенсек, 2022-2023 оқу жылының аяқталуына орай, бітіруші 4, 9, 11 сыныптардың бітіру кештерін ұйымдастыруына, мұғалімдерге сыйлықтарға және жөндеу жұмыстарына, түрлі себептермен кез-келген мерекелік іс-шараларға, мекемеге қажетті кеңсе заттары мен шаруашылық заттарын сатып алу және тағы басқа мақсатта (оқу кабинеттерін жабдықтау, сыныпқа гүл, кабинеттің гигиеналық құрал-жабдықтары, оқуға керекті кеңсе тауарлары және т.б.) ақшалай және заттай жинауға қатаң тыйым салынады.
“ҚР«Білім туралы» Заңының 49 бабының 2 тармағына сәйкес, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдері балаларды оқыту мен тәрбиелеуде білім беру ұйымдарына жәрдем көрсетуді (демеушілік) мекеме жанынан құрылған «Қамқоршылық кеңесі» арқылы жүзеге асыруды және мекеме басшылары әр тоқсан сайын ата-аналар комитеті мен Қамқоршылық кеңесі алдында білім беру ұйымдарының материалдық базасына қаралған қаржылары туралы есеп беру жұмыстары жүргізілсін. Білім беру мекемелерінде педагог қызметкерлердің біліктілігін көтеру мақсатында аттестаттаудан өткізуге және марапаттауға (педагогикалық кеңес шешімі және кәсіподақ комитетінің ұсынысы негізінде) байланысты сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді қатаң қадағаласын.
ҚР«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасының Әдеп кодексінің стендтері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұрыштар жасақталып, мекеменің кіре берісіндегі (фойе) арнайы тақтайшаларға сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы плакаттар, сыбайлас жемқорлыкқа қарсы iс-қимыл Агенттiгiнiң тәулiк бойы жұмыс iстейтiн 1424 Саll-орталығы, ҚР Бас прокуратурасының 115 Саll-орталығы, Шымкент қаласы білім басқармасының 39-49-26 Call –орталығының номерлері көрсетілген хабарламалар ілініп, бейне көрсетілімдер тұрақты қойылсын және мекеменің штаттық кестесіне сәйкес барлық қызметкерлер туралы мәліметті ашық жариялау басшылыққа алынсын”, - делінген бұйрықта.
Еске сала кетейік, жақында әлеуметтік желілерде “Шымкентте соңғы қоңырау болмайды” деген ақпарат тараған болатын. Аталған оқиғаға байланысты қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы пікір білдірді.