Жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін АИТВ инфекциясына тексеру ана мен баланың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.
АИТВ – ның вертикальді берілуін тоқтату мақсатында, бұйрыққа сай жүкті әйелдер 2 рет (жүктілік бойынша және 28-30 апта мерзімінде есепке қою кезінде), жыныстық серіктестері 1 рет (жүкті әйелді есепке қою кезінде) міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет.
Шымкент қаласында қыркүйек айында кестеге сай 8 айдың нәтижесі бойынша жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін АИТВ инфекциясына тексеру көрсеткіші төмен 3 мемлекеттік және 15 жекеменшік медициналық мекемелерде ЖИТС орталығы мамандары мақсатты түрде жұмыс орнында семинар өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты - жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін АИТВ инфекциясына уақтылы тексеру жұмыстарын жетілдіру, міндетті медициналық тексеруді жүргізу жолдары мен тәсілдерін түсіндіру болды.
Семинар барысында АИТВ-инфекциясының Шымкент қаласы бойынша эпидемиологиялық ахуалы, медициналық көмектің рөлі, жүкті әйелдерді есепке алу кезінде АИТВ-ға жүргізілетін талдаулардың тәртібі, жыныстық серіктестерін міндетті тексеру механизмдері, жүкті әйелдің айырбастау картасына мәліметтерді толық енгізу талаптары қарастырылды.
Іс-шара нәтижесінде медицина қызметкерлері жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін АИТВ инфекциясына тексерудің маңыздылығы мен құқықтық регламенттерін нақты меңгерді, бұл өз кезегінде ана мен бала денсаулығын қорғаудағы жұмыстың сапасын арттыруға ықпал етпек.
«Sunkar Premium» ЖШС медицина орталығының эпидемиолог дәрігері С. Назарметова: «Біз жүкті әйелдермен жақсы жұмыс істейміз, бірақ серіктестерді қамту жағында әлі де мәселелер бар еді. Енді тексеру жолдары, құжатқа енгізу тәртібі және бұйрық талаптары бізге нақты түсінікті болды. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз!», - деп ризашылығын білдірді.