"Арзан көлік алып береміз": Шымкентте алаяқтарға алданған жігіт өзіне қол салды

0
903

Ол төмен бағада көлік сатып алып, қайта сату үшін аталған компанияға 200 миллионнан астам қаржы салған.


ERNUR.KZ. Шымкентте алаяқтарға алданған жігіт өзіне қол салды, деп жазады astanatv.kz

Жүздеген адам тағы бір қаржы пирамидасының құрбаны болды. Бұл жолы алаяқтар автосалон сатушысы ретінде арзан көлік алып береміз деп алдаған. Бірақ ақшаны алып, тайып тұрған.

Компанияға шағымданушылардың бірі Ильин Демьянның айтуынша, алаяқтарға алданған Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны өз-өзіне қол салған. Ақшасын да, көлікті де күте алмаған көрінеді. Ол төмен бағада көлік сатып алып, қайта сату үшін аталған компанияға 200 миллионнан астам қаржы салған. Кәсіп жасамақ болған жігіт қомақты ақшаны жақындарынан, банктерден жинап алған. Оған уәде етілген көліктерді компания 1 жарым жыл бойы "әне береміз, міне береміз" деп созбақтаған. Ақыр соңы алданғанын түсінген азамат өз өзіне қол салды дейді.

"Біз оның анасымен байланысқа шықтық. Оның да қолында келісімшарт болған. Компания басшысы ешнәрсе істей алмайсың деп шығарып салған. Ақыр соңы жігіт өз өзіне қол жұмсады", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Демьян Ильин.

Оның айтуынша, аталмыш компания автокөліктерді нарықтағы бағадан 1,5-3 миллионға төмен көрсеткен. Бастапқыда олар сенімге кіру үшін тапсырыс берушілерге 10-нан астам автокөлікті уақытылы, уәде етілген бағада жеткізіпті. Сондықтан Демьянда да күдік болмаған. Кейін ғана бір шикіліктің барын түсініп, өзі секілді өзге жәбірленушілерді іздестірген. Алданғандар әсіресе Нұр-сұлтан мен Шымкент қалаларында көп.

"Қолыма келісімшарт құжаттарын берді. 45 жұмыс күннің ішінде өзіме уәде етілген 2017 жылғы тайота камри көлігін алатынымды айтты. Айтылған уақыт өткеннен кейін мен сезіктене бастадым", - дейді Ильин.

Жәбірленушілердің айтуынша, компания Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жұмыс істеген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

"Пирамиданы ұйымдастырушылар алданған клиенттерден бірнеше жүз миллион теңге алған. Зардап шеккендердің саны 150 адамнан асты", - деп түсініктеме берді Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталмыш қылмысқа қатысты екі күдікті қамауға алынған.