Жобаның жалпы құны 1 миллиард 916.3 миллион теңге. Соның 1 миллиард 167 миллионы биылғы жылы бөлінген.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2018 жылдың қазан айында басталған А-2 айналма жолындағы Бадам өзенінің үстінен өтетін көпірді қайта құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 916.3 миллион теңге. Соның 1 миллиард 167 миллионы биылғы жылы бөлінген. Көпір қараша айында пайдалануға беріледі. Жаңарған көпірдің ұзындығы — 144 метр, ені — 28,2 метрді құрайды.
- Шымкенттегі магистралды жолдар тәулігіне 20-35 мың автокөлік өткізе алады. Бүгінде нақты көрсеткіш 50-70 мың автокөлік, одан екі есе де көп. Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырған себебіміз де осы. Қазір Шымкентте 24 магистралды көшеде орта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бадам өзенінің үстінен өтетін мына көпір де маңызды нысандардың бірі. Тиісті басқарма мен басқа да жауапты органдар жұмыстың сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалауы тиіс,- дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Ю.Гагарин көшесінің Абай даңғылынан Эрмат ата көшесіне дейінгі 4.7 шақырымдық бөлігіндегі жөндеу жұмыстары да уақытында орындалып жатыр. Бюджеттен 335 миллион теңге бөлінген. А.Асқаров көшесінің Республика даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігіне 303 миллионнан астам қаржы қаралған.