Біліктілік тесті: Шымкенттік мұғалім өз орнына басқа адамды кіргізбек болған

0
1 096

Картонды ламинаттап құжат жасап алған.


Біліктілік тесті: Шымкенттік мұғалім өз орнына басқа адамды кіргізбек болған

ERNUR.KZ. Шымкенттік мұғалім Ұлттық біліктілік тестіне өз орнына басқа адамды кіргізбек болған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгінге дейін 25 108 өтініш түскен болатын. Оның ішінде тестілеуден 12 549 педагог өтті, 50 пайызға жақын. Орташа балл - 61. Өкінішке орай пандемияға байланысты Алматы облысында тестілеуді әлі бастаған жоқпыз. Ал Шығыс Қазақстан облысында тестілеу 15 маусымда басталды», - деді Дидар Смағұлов Білім және ғылым министрлігінің онлайн форматта өткен аппарат жиналысында.

Осы ретте ол мұғалімдер арасында тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері әр облыста тіркеліп жатқанын айтты.

«Сонымен бірге өз орнына басқа адамдарды алып келген мұғалімдер де кездесті. Қазір 6 фактіге байланысты құқық қорғау органдарына өтініш бердік. Тіргеу жұмыстары басталды. Мұнан бөлек, мұғалімдер өз орындарына басқа адамды жалған жеке құжаттар жасау арқылы да кіргізуге тырысуда. Бұл іс бойынша да қосымша құқық қорғау органдарына хабар бердік. Шымкентте осындай жағдай тіркелген», - деді орталық басшысы.

Осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Жалған жеке куәлік жасау фактісі дәлелденді ме?», - деп сұрады.

«Бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына жүгіндік, дәлелденді. Музафпар Елемесов деген мұғалім тест тапсыруға жазылған еді. Бірақ, өз орнына басқа адамды алып келген. Ол картонды ламинаттап құжат жасап алған», - деді ол.