Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен еріктілер мен белсенді жастар арнайы акция ұйымдастырды.
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендерді абаттандыруға және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба болып отыр.
Акция аясында қала тазалығын сақтау, табиғи орта мен мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау, сондай-ақ тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру көзделген. Осыған орай, Шымкент қаласындағы барлық мектептер мен колледждерде арнайы экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, қалалық білім басқармасына қарасты №149 жалпы орта мектепте экологиялық тәрбие сағаты өткізіліп, оқушыларға тазалық сақтаудың және табиғатты қорғаудың адам өміріндегі маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, Жол-көлік колледжінде «Таза орта – саналы ұрпақ» тақырыбында экологиялық сағат ұйымдастырылып, қоршаған ортаның тазалығы қала келбетіне, тұрғындар денсаулығына және экологиялық ахуалдың жақсаруына тікелей әсер ететіні айтылды. Шара барысында тазалықты әр адам өзінен бастауы керектігі ерекше атап өтілді.
Экологиялық акцияға қала жастары да белсенді түрде атсалысуда. Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен еріктілер мен белсенді жастар арнайы акциясын ұйымдастырып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғалы бері қала жастары барлық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Бұл – кейінгі жас ұрпаққа үлгі көрсету мақсатында жасалып отырған қадам. Қала тазалығы – қоғамның айнасы. Аталған акция еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелеп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді, – дейді Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Әлжан Аружан.
Белсенді жастар «Жастар ресурстық орталығы» орналасқан аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және тазалық сақтау бойынша ақпараттық үнпарақтар таратты.
Сонымен қатар, қала аудандарында жаппай сенбіліктер ұйымдастырылды.


