Іссапармен Шымкентке келген Үкімет басшысы бірнеше жобалармен танысты

0
1 016

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкентте болды.


Іссапармен Шымкентке келген Үкімет басшысы бірнеше жобалармен танысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Елбасы және Мемлекет басшысының Шымкент қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша қалаға жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласында А. Мамин «Бадам» (195-орам) тұрғын үй алабының инженерлік инфрақұрылым жағдайымен танысты. Оның электрмен жабдықтау проблемасымен мектеп мұғалімі Гүлназ Әбдірова «Nur Otan» партиясына жүгінген болатын. Тиісінше, 2019 жылдың 27 қыркүйегінде «Nur Otan» партиясының азаматтарды жеке қабылдау барысында Үкімет басшысы Г.Әбдіроваға 195-орам үйлерін электрмен жабдықтау жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтау қарастырылғанын айтып, су құбыры және газ желілерін салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын айтқан болатын.


Сонымен қатар, Премьер-Министр археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған «Шымкент қалашығын» реставрациялау және музейлендіру жөніндегі «Цитадель» жобасының алаңына барды. Бұл жобаның тарихи құндылығы бар және ол 2020 жылы «Шымкент – ТМД-ның мәдени елордасы» жылын атап өту аясында тартымды туристік нысан болуға арналған.

Одан бөлек, Үкімет басшысы Қазақстан нарығымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарықтарына өнімдерін жеткізетін «Зерде-Керамика» керамогранит өндіру зауытына барып, өңірдің тоқыма саласын жандандыру жоспарларымен де танысты.

Атап өтсек, 2019 жылдың алғашқы 8 айында Шымкент қаласындағы өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 359,6 млрд. теңгені құраса, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 67,2 мың бірлікке жеткен.


Сондай-ақ, іссапар соңында А.Маминге сағатына 600 жолаушы өткізу қабілетіне ие болатын Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының жобасы таныстырылды. Ол жобаны 2020 жылдың қазан айына қарай аяқтау көзделген.