Қан майданнан қайтқан сарбаз: "Соғыста бізден 75-80 миллион адам қаза тапты"

0
1 608

96 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны​ Абылай ақсақал​ 1943 жылы, яғни,15-16 жасында майдан даласына аттанған. Қан майданда қаншама әскерлес досын жерлепті.


Қан майданнан қайтқан сарбаз:

Совет-герман соғысының қатысушысы Абылай Қазыбаев, Кеңес әскеріне 7 жарым жыл қызмет еткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

96 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны Абылай ақсақал 1943 жылы, яғни,15-16 жасында майдан даласына аттанған. Үшінші және төртінші беларусь фронтында болған оның негізгі міндеті кан майдандағы жарақат алғандарды, оларға көмек көрсетіп жүрген медбике мен дәрігерлерді жау оғынан қорғау болған екен. Айтуынша, Кеңес үкіметінің бұл соғысқа дайындығы болмаған. Әсіресе қару жетіспеушілігі қатты сезіліпті.

"Біз бар-жоғы 30- 40 шақты адам болдық. Ал немістерде 2 пулемет, 2 снайпер, арғы жағында танкісі мен зеңбірегі бар. Одан әрмен автомат, пулеметі бар үш доңғалақты мотоциклы бар. Сондай қатты дайындалған екен. Жоғарыдан бұйрық келсе шыпырлатып атамыз. Олардан өлген біреуін байқамайсың. Біздікілер қап-қара болып жатады. Уралап жүгірген уақытта пулеметтан бас салады. Жақындатпайды. Біздікілер дым дайындалмаған. Чапаевтың заманынан қалған "Максим" пулеметы бар. 43 жылдың сәуіріне дейін атты әскер болды. Не ол атты әскер? Бір бомба тастаса бәрі қырылып қалады"- дейді ардагер.

Қарияның сөзіне сенсек, соғыстың алғашқы жылдарындағы осындай қиыншылықтар адам шығынының көбеюіне алып келген. Бұл соғыста қаза болғандардың саны бүгінде ресми деректерде келтірілгеннен әлдеқайда көп екен.

«Соғыста біздің жақтан 28 миллион адам қаза болды деп газетке шықты. 28 миллион ол түк те емес. Бізден 75-80 миллион кетті. Ұрысқа дейінгі санақта Кеңес халқының саны 260 миллион болған. 3-4 жылдан кейінгі санақта халық саны 150 миллионға жеткен жоқ. Сонда 110 миллионы қай жақта? Өмірден қайтқан қариялар мен бала-шаға бар. Шамамен 40 миллинодайын солармен алып тастадым. Оларды шығарып тастаған күнде кемі 75-80 миллион болып тұр», - дейді Абылай Қазыбаев.

Десе де, Абылай ата соғыстан кейін 1950 жылдарға дейін майдан даласын миналар мен түрлі бомбалардан тазалау жұмыстарына қатысыпты. Елге оралғаннан кейін 33 жыл Шымкент қорғасын зауытында қызмет еткен.

Қария қазірде 1 ұлдан 4 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Ұлы жеңіс күніне орай өзін құттықтай келген "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы төрағасының орынбасары Берік Ермаханбетовке алғысын жеткізіп, арлы-берлі жүруге ыңғайлы жаңа темір тұлпар мінсем деген тілегін айтып қалды.