ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шымкенттегі зауыт жұмысына жоғары баға берді

0
1 539

«Болашақ 7» ЖШС-дегі өнімдер шикізатының 80 пайызы өз елімізден.


ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шымкенттегі зауыт жұмысына жоғары баға берді

Шымкент қаласына іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракция мүшесі Бақытбек Смағұл «Болашақ 7» ЖШС -нің жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Атап айтсақ, энергетикалық сусындар мен шырындар шығаратын жаңа өндіріс зауыты Шымкент қаласы «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан, ол зауыттың өзіндік құны – 1 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталған.


Зауыт жұмысы және қызметкерлерімен кездескен депутат Бақытбек Смағұлға өндіріс орны жайлы кәсіпорын директоры баяндап берді.

«Болашақ 7 ЖШС-дегі өнімдер шикізатының 80 пайызы өз елімізден. Зауыт соңғы технологиямен жабдықталған және өніміміз сапалы болғандықтан сұраныс бар. 2019 жылдың ақпан айынан бастап іске қосылған зауытта 80-нен астам жұмысшыны тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, олардың жалақысы 140-160 мың теңге көлемінде. Одан бөлек, 50-ге жуық жұмысшы өнімді таратуға тартылған», - дейді кәсіпорын директоры Ерлан Омаров.


Ал, сусындардың дәмін көрген мәжіліс депутаты зауыт өніміне және тауар белгісіне жоғары баға берді.

«Темір құтыдан өнім шығаратын еліміздегі бірден-бір өндіріс осындай қарқынмен жұмыс істеп жатқаны қуантатын жағдай. Зауыт басқа да өте сапалы сусындармен елімізді қамтамасыз ете отырып, оны шетелге де экспорттайды. Жұмысы, айналымы үлкен еңбекпен келіп жатқан дүние. Өкінішке орай, шетелге, көршілес Өзбекстан еліне үлкен сұранысы бар біздің өнімдердің барлығына олардың салығы 4 есе қымбат. Ал, біздің елге кіріп жатқан шетелдіктердің өнімдерінің салығы аз. Ондай жағдайда Парламентте Nur Otanпартияcымен бірге салық мәселесін шешетін боламыз. Осындай өздерінің іс-қабілеті бар, еліміздің дамуына үлес қосып отырған кәсіпорындарға, мекемелерге ықпал жасау – ол біздің басты міндетіміз», - деді депутат Бақытбек Смағұл.


Сонымен қатар, депутат өндіріс орны жұмысшыларымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.