“Қызғалдақтар маусымы”: Биыл Шымкентте 2 млн дана гүл отырғызылады

0
761

Голланд қызғалдақтары әр ауданға орташа есеппен 200 мың дана егілді.


“Қызғалдақтар маусымы”: Биыл Шымкентте 2 млн дана гүл отырғызылады

Шымкент қаласында “Қызғалдақтар маусымы” басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Үшінші мегаполистің символына айналған қызғалдақтар бүгінде бүр жарып, қаланың көркін айшықтай түсті. Сары, қызыл, көк, күлгін түсті қызғалдақтардың 1 миллион данасы айналма жолдар мен орталық көшелерге, саябақтар мен гүлзарларға отырғызылды. Голланд қызғалдақтары әр ауданға орташа есеппен 200 мың дана егілді.
Биыл күзгі маусымда қала аумағына отырғызылатын көктем гүлдерінің санын 2 миллион данаға жеткізу жоспары бар. Өз кезегінде бұл гүлдер қала сәнін одан сайын кіргізері анық.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте көгалдандыру жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Сондай-ақ, қаланың гүлденуін күзгі салқын түскенге дейін сақтап тұру үшін гүлдер мен ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, биыл Шымкент қаласында 120 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарлануда. Қалада өткен жылы 301 193 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның 40 497-сі көктем айларында отырғызылса, 160 696 ағаш көшеттері күзгі маусымда егілген. Басқарма мәліметінше, бүгінде Шымкент қаласының аумағында шамамен 3 805 000 түп ағаш бар. Оның ішінде 1 525 000 түп ағаш қала ішіндегі көшелердің бойында, шағын аудандар, саябақтар мен гүлзарларда өсіп тұр. Ал, орман қоры және жасыл аймаққа белгіленген жерлерде 2 280 000 түп ағаш бар екен.
Бұдан бөлек, «Жасыл қала» акциясы аясында қаланың жаңа шағын аудандарында көшелердің бойына 100 мың ағаш көшеттері егілген. Сала мамандардың айтуынша, қалада егілген көшеттердің арасында терек, емен, үйеңкі, жиде, жабайы алма мен өрік және қарағаш бар екен. Сонымен қатар, 2023 жылға қала аумағына 120 000 ағаш көшеттерін егу жоспарланған. Қазіргі уақытта көшеттерді отырғызу жерлерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.