Мұрат Әйтенов аналарды мерекемен құттықтады

0
1 066

Қала басшысы ең алдымен ғасыр куәгері, тыл ардагері Айымкүл Орынбаеваның шаңырағына барды.


Мұрат Әйтенов аналарды мерекемен құттықтады

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Халықаралық әйелдер күнінде еліміздің дамуына үлес қосып, түрлі салада еңбек сіңірген аналарды арнайы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала басшысы ең алдымен ғасыр куәгері, тыл ардагері Айымкүл Орынбаеваны шаңырағында мерекемен құттықтап, сый-сыяпат көрсетті. Көп балалы кейуана ризашылығына білдіріп, алғысын жеткізді.
«Ананың жүрегінен тараған мейірім мен шапағат, ақыл, парасат бізді жігірлендіре түседі. Отбасының ұйытқысы болып, елдің өркендеуіне үлкен үлес қосқан еңбектеріңіз құрмет пен марапатқа лайық. Көктем мерекесінде Сіздерге ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға ырыс-береке тілеймін», - деді қала әкімі.
Ұзақ жылдар ұстаздық етіп, ұлт болашағы үшін еңбек еткен ардақтылардың бірі - Зоя Мұсылманқұлқызы. Жарқын жүздесуде Зоя әжей қала басшысымен ел болашағы, жас ұрпақтың тәрбиесі турасында тағлымда әңгіме өрбітті.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласында 8 наурызға орай көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек берілді. Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкеc, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан жыл сайын көп балалы аналарға жергілікті бюджет есебінен мереке күндерге орай бір реттік әлеуметтік көмек төленеді. Бүгінде қалада көп балалы аналар саны – 57 488, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен, «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған – 11 673 анаға 17 250 теңгеден төленеді. Қаржылай көмек алтыдан жоғары бала тәрбиелеп отырған әйелдерге тағайындалады.
Айта кетейік, мерекелік қаржылай көмек көп балалы аналарға жыл сайын жергілікті мәслихаттың шешіміне сай беріліп келеді. Бір реттік әлеуметтік көмек 8 наурызға дейін беріледі. Бір реттік төлемді алу үшін ешқандай құжат өткізудің қажеті жоқ. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мерекелік төлемді төлеуде зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың деректер базасындағы мәліметке сүйенеді.