Мұрат Әйтенов мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді

0
770

Өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарлануда.


Мұрат Әйтенов мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім ұяларын аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Соның бірі - №46 жалпы білім беру мектебіне 1,5 га аумаққа қосымша корпус салынуда. Жоба бойынша нысанда 300 оқушы орны, спортзал, 110 орындық асхана және 10 мың кітап қорына арналған кітапханасы 8 орындық оқу залымен қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталумен 38 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өткен жылы құрылысы басталған мектептің корпусы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен қоса, №38 мектепте де құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 1,9 га жерге қосымша ғимарат салынуда. Жобаға сәйкес нысанда 375 оқушы орны, спортзал, 76 орындық асхана қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталса 27 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.

Қала әкімі құрылыс барысындағы кемшіліктер бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.

Айта кетейік, Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Шымкент қаласы Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына интеграцияланған. Бұл жердегі Полиция Департаментінің жауапты инспекторлары мектептердегі қауіпсіздікті тікелей бақылап отырады. Одан бөлек, мектептердің кіреберістеріне адам келбетін танитын турникеттер орнатылған және арнайы мамандандырылған күзет қызметтерімен 100% келісім шарт түзілген. Өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарлануда. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.