"Ең алдымен полицейлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилерге, коммуналдық қызметкерлерге, қала белсенділері мен БАҚ өкілдеріне алғысымды айтамын", - деді қала әкімі.
Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдар күшейтілген күн тәртібінде жұмыс жасауда екенін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Құрамында барлық қарулы күштердің басшылары біріктірілген әкімнің басқаруындағы жедел штаб қаланың штаттық режимде жұмыс жасауы үшін шұғыл шешімдер қабылдап, Төраға арқылы нақты тапсырмалар берілуде.
Қала әкімі шеруге шыққан бұзақыларды тоқтатпақ болған қала тұрғындарына алғысын білдірді.
«Ең алдымен полицейлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилерге, коммуналдық қызметкерлерге, қала белсенділері мен БАҚ өкілдеріне алғысымды айтамын. Сын сағатта ешбірі шет қалмай, ел тәуелсіздігі үшін бірлесе жұмыс жасады, қаланы қорғады. Арандатушылыққа қарсы тұрған шымкенттіктер – «қалаға зиян келтірмейік, өз қаламызды өзіміз талқандамайық, бұл біздің ортақ қаламыз» деп ұрандатты. Тыныштықты сақтау үшін жанын беруге дайын болды. Лаңкестерге ерген қаншама жастарымыз арандап қалды. Бүгінде қалада тыныштық орнады. Дегенмен, төтенше жағдай режимін сақтау маңызды. Бұзақыларды ұстау әлі де жалғасуда. Осы тұста, қала тұрғындары мен қонақтарына, құрметті ата-аналарға айтарым, балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Туыс-тума, ағайын, дос-бауырларға түсіндіріп айтыңыздар, арандатушыларға ермесін. Бабалар аңсап жеткен ел егемендігін сақтап, өзімізден кейінгі ұрпаққа қалдыру міндетіміз. Өз жерін, қаласын сүйетін патриот ұл мен қыз тәрбиелеуіміз қажет. Сонда ғана шеттен келген жауға елімізді алдырмаймыз, олардың арам пиғылдарына алданбаймыз. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, бұл кезеңді де бірге өткерейік. Сақтық шараларын да ұмытпайық, себебі коронавирус инфекциясының омикрон штаммы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жетті. Вакцинация мен ревакцинациялау жұмыстарын естен шығармайық. Жарты жыл бойы сақтаған «жасыл» статусты қолдан өршітіп алмайық. Біз біргеміз, бірге жеңеміз», - деді қала әкімі.