​Мұрат Әйтенов жол құрылысының сапасын тексерді

0
391

Сапаға басты назар аударған шаһар басшысы нысанның мерзімінен кешіктірілмей тапсырылуын тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына ескертті.


​Мұрат Әйтенов жол құрылысының сапасын тексерді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов “Өтегенов” көшесінде жалғасып жатқан жол құрылысы жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сапаға басты назар аударған шаһар басшысы нысанның мерзімінен кешіктірілмей тапсырылуын тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына ескертті.

Қазіргі кезде құрылыс екі кезеңмен жүргізілуде. 1-кезең “Өтегенов” көшесі жалғасының құрылысы “Шымкент Сити” шағын ауданынан “Сырым батыр” көшесі аралығын қамтиды. Жалпы ұзындығы 1205 шақырым, ені 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты.

Қазіргі таңда автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылуда. Бұған қоса шағал тас төселіп, аяқжол салынып, ирригациялық арықтар орнатылуда.

“Өтегенов” көшесі жалғасының 2-кезең құрылысы “Сырым батыр” көшесі мен “Төлеметов” көшелері аралығы. Жалпы ұзындығы 970 м, ені 23,5 метр. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған.

Бүгінгі таңда көшеде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады.

Сонымен қоса, жолайырық жұмыстарын аралап шыққан шаһар басшысы аталмыш нысанның көлік қозғалысын реттеудегі маңыздылығын атап, құрылыс жұмыстары сапасын тексерді.

Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Жолайырық құрылысы аяқталғанда, көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ.

Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайырықта ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта жолайырықтың Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, 6-шілде күні Бәйдібек би даңғылы бойында көлік қозғалысы тоқтатылған болатын. Ал, тамыз айының 31 күні көлік жүктемесін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша ашылған еді. Ендігі кезекте, қараша айында нөмірі 1 және нөмір 4 оң жақ өткел жолында көлік қозғалысын ашу жоспарлануда.