Өрт сөндіру - кәсіби және жауапкершілігі мол маманның ғана қолынан келетін қызмет

0
248

Тамыз айының алғашқы жексенбісі - Көлік қызметкерлері күні.


Өрт сөндіру - кәсіби және жауапкершілігі мол маманның ғана қолынан келетін қызмет

Бұл мереке - теміржолшылардың, көлік жүргізушілерінің, ұшқыштардың, диспетчерлердің, көлік инженерлері мен көлік кәсіпорындары қызметкерлерінің ортақ мерекесі. Бұл – жыл он екі ай ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүріп, еңбек ететін осы бір жанкешті кәсіп иелерінің ерен еңбегі еленетін күн, құшақтары гүлге толып, ақ тілек ағылатын, құрмет пен қошемет кеудеге марапат боп тағылатын күн.

Көлік саласы дегенде, мұндағы ең жауапты жұмыстардың бірі өрт сөндіру көлігінің жүргізушісіне тиесілі десек, артық айтқандық емес. Осынау жауапты жұмысты мүлтіксіз атқарып келе жатқан азаматтардың бірі - №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімнің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау старшинасы – Асылбек Саханов.
– Апат айтып келмейді. Өрт шығып, төтенше жағдай орын алған кездегі ең маңызды мәселенің бірі – жеделдік. Бригада оқиға орнына қаншалықты жылдам жетсе, өрттің салдары соншалықты аз болатыны белгілі. Сондықтан біз әрдайым оқыс жағдайға дайын болуға, шақырту түскен кезде барынша жедел қимылдауға тырысамыз. Мұның өзі адамның мойнына үлкен жауапкершілік жүктейді, - дейді Асылбек Әзімханұлы.
Ол 1979 жылы 11 наурызда ОҚО Ордабасы ауданы Алтын-төбе елдімекенінде дүниеге келген. 2002-2007 жылдары Көкшетау университетінде «Өмір қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша оқыған. 2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін азаматтық қорғау органында қызмет атқарады.
А.Саханов қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін және азаматтық қорғау органдарының 25жылдығына орай ҚР ІІМ ТЖК грамотасын алған. Сонымен қатар «Мінсіз қызметі үшін» медалінің ІІІ және ІІ дәрежелерімен марапатталған.

Асылбек Әзімханұлын бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Ел игілігі, қоғамның қауіпсіздігі жолындағы қызметіне табыс тілейміз!


Бөлісу