Сатып алынған аппараттар қалалық инфекциялық аурухана, №2 және №3 қалалық ауруханаларына орнатылған.
Пневмонияға шалдыққан науқастарды медициналық тексеруден өткізу үшін 3 компьютерлік томография аппараты сатып алынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
- Компьютерлік томография аппараты өкпесі қабынған науқастарды емдеуде зор септігін тигізеді. Жаңадан сатып алынған аппараттар тәулік бойы қызмет көрсететін үш медициналық ұйымға арнайы орнатылды. Бұған қоса Денсаулық сақтау министрлігінен 156 өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілілген. Аппараттар медициналық ұйымдарға орнатылып, диагностикалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде», - дейді Бақытжан Позилов.
Айта кетейік, үш оттегі станциясын орнату бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Оттегі станциясы қалалық инфекциялық аурухана базасында және №3 қалалық ауруханада орнатылды. Медициналық ұйымдардағы 717 оттегі нүктелерін қосу және сұйық оттегіге арналған 9 цистернаны орнату жұмыстары жүргізілуде.