Рысбала Икрамбай шымкенттік көпбалалы анаға баспана сыйлады

0
3 050

Көпбалалы ана осыдан 8 жыл бұрын жарынан айырылып қалған.


Рысбала Икрамбай шымкенттік көпбалалы анаға баспана сыйлады

Белгілі блогер Рысбала Мейрамханқызы шымкенттік көп балалы анаға баспана сыйлады деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жас болса да бас болып жүрген қазақтың қара домалақ қызы бүгінге дейін бір жылдың ішінде 30-ға жуық жағдайы төмен, жалғызбасты, көп балалы жандардың жанына жалау болып, халықтың қолдауымен бақытқа бөлегені жасырын емес. Бұл Рысбала Икрамбайдың мұқтаж жанжарға әперіп жатқан 28-ші баспанасы екен.
- Қалың көпшіліктің арқасында тағы бір үйдің кілтін табыстадық. Барлығы жақсы, Аллаға сансыз шүкір! Үй әперетін жанды халықтың таңдауымен, ортаға салып ақылдаса, кеңесе отырып таңдаймыз. Бізге өтініш жасаған адамдардың арасынан ең мұқтаж жанды қарастырамыз. Осылайша Мәншүк ананы да таңдадық деп ойлаймын. Алда жоспар да, жұмыс та көп! Тек бір Алланың қолдауымен алға қарай жылжи береміз!, - деді Рысбала Мейрамханқызы.
Мәншүк ана осыдан 8 жыл бұрын жарынан қапияда айырылып, бес ұлымен қайғыдан қан жұтып қалған көрінеді. Осы жылдар аралығында мемлекеттің, еріктілердің, басқа да қайырымды жандардың көмегімен ұлдарын өсіріп, жетілдіріп келіпті.
«Үйсіз-күйсіз жүрсек де еңсемді түсірген емеспін. Бар байлығым – балаларым деп өмір сүріп келемін. Балаларым аман болса, менен бақытты адам жоқ. Ең алдымен халыққа, Рысбала ханымға айтар алғысым шексіз! Екі дүниенің бақыты бұйырсын! Біз сияқты жандарға көмек қолын созған әрбір жанға Алла ұзақ та баянды ғұмыр берсін деп тілеймін!» - деген Мәншүк ана өз лебізін білдірді.
Қоныс той барысында осы бес балаға, Мәншүк анаға өз аттарынан көмек бергісі келетіндер де табылды. Атап айтар болсақ, "Томирис" спорт клубы @karate_tomiris каратэ үйірмесіне 5 балаға тегін қатысуға жолдама тарту етті. Сонымен қатар, ЖШС "ADAN" мектебі бастауыш сыныпта оқитын бір балаға тегін жолдама берді.
Айта кетейік, Рысбала Икрамбайдың инстаграм парақшасындағы 650 мыңға жуық оқырманы да өте белсенді. Тіпті, бір отбасына бір тәулікте қаражат жинап, баспана сыйлаған.

Құрманкүл Өмірзаққызы