Мемлекет басшысы «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деген болатын. Бүгінде Шымкенттің барлық елді-мекендері мен қалаларында «Қоғамдық қабылдаулар» мен «Ашық есік» күні жиі өткізіліп жүр. Басты мақсат- тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, кері байланыс орнату.
Кездесуде бірнеше жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан жол мәселесі мен жер мәселесі, сапалы ауыз су, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жайы, демалыс орнындары мен балалардың ойын алаңшалары да жеткілікті емес екендігі және Сайрам ауданының Шымкент қаласына өтуіне байланысты жылжымайтын мүлікті заңдастыру, құжаттардың дұрыс болмауы туралы мәселелер талқыланды.
Нақтырақ айтсақ, тұрғындардың бірі Баяхмет Шерметов Сайрамда туризм саласын дамытуды көздейтін жергілікті кәсіпкерлерге қаржылық қолдау қажеттігін жеткізді. Бұған «Ашық есік» күніне келген «Шымкент қалалық мәслихат депутаттары бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Еркін Сатқанбаев бұл мәселе мәслихат отырыстарында қарастырылып жатқандығын, алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.
Ал Шымкент қаласы Қазақстан халық ассамблясы төрағасының орынбасары Тахирбек Ишанбаев 30 мыңнан астам халқы бар шағынауданда әлі күнге дейін Оқушылар сарайының жоқ екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол Сайрам тұрғын алабында шешімі әлі күнге дейін табылмай келе жатқан мәселелер көп екендігін, дегенменде халықпен осылай байланыс орнатып, ашық түрде кездесу арқылы оған көз жеткізуге болатындығында айтып өтті.
Жалпы, халықпен байланыс орнатып, жиі кездесулер өткізу кейбір түйіні шешілмей келе жатқан мәселелер оңтайлы шешуге септігін тигізіп жүр. Сондықтан «Ашық есікке»қатысқан билік өкілдері тұрғындарға бұл жолғы кездесуде де айтылған мәселелердің шешімі табылатындығын жеткізді.