​ШЫМКЕНТ: 276-орамға сапалы электр жарығы берілді

0
443

Енді олар 1 кВт электр энергиясы үшін бұрынғыдай 28 теңге емес, 16-17 теңге төлейтін болады.


​ШЫМКЕНТ: 276-орамға сапалы электр жарығы берілді

Шымкенттегі Сәуле шағын ауданы, 276-орамға сапалы электр жарығы берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкенттегі Сәуле шағын ауданы, 276-орам тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде құрылыс толығымен аяқталып, жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып келген тұрғындар мәселесі шешімін тапты. Енді олар 1 кВт электр энергиясы үшін бұрынғыдай 28 теңге емес, 16-17 теңге төлейтін болады.

Мұнда 918 электр бағанасы орнатылып, 72 шақырым электр желісі тартылды. Нәтижесінде 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туды.

Осындай ізгі іске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев пен Мұратәлі Қалмұратов, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері куә болды. Ал, халық жүрекжарды лебіздерін жолдап, алғыс айтты.

Жалпы 276-орамды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды. Өткен жылы ауыз су құбырларын тарту аяқталған. Ал биыл табиғи газ жеткізуде 28 шақырымдық құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды. Биылғы жоспар бойынша «Ақжар»110КВ қосалқы іске қосылып, Достық-2, Батыс, Тұран, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік жүйедегі электр жарығына қол жеткізеді. Ал, 2023 жылы Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай, Асар-2 (2-кезек) желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берледі. Қала халқының өсіміне қарай сапалы электр қуатымен қамту үшін 2023-2025 жылдары 6 қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр.