Жаңа ғимарат 1 100 оқушыға лайықталған.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында болып, қосымша салынып жатқан оқу ғимаратының құрылыс жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Нысан сапасын әкім бұған дейін де бірнеше рет келіп тексерген. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесінен кешіккені үшін айыппұлдар салынып, жауапты тұлғаларға кеткен кемшіліктерді реттеуді тапсырған болатын. Қазіргі кезде барлық олқылықтар жойылып, құрылыс қарқынмен жүргізілуде.
Жаңа ғимарат 1 100 оқушыға лайықталған. Одан бөлек жобада 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қоры бар кітапхана мен 320 орындық асхана қаралған.
Құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған, жоспарға сәйкес 2023 жылы падалануға беріледі.
Оқушыларға үш тілде білім беретін М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген.
Шаһар басшысы тек үздіктерді тәрбиелейтін білім ошағының қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың артуына жол ашатынын айтып өтті.
Айта кетейік, Шымкент қаласында сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орындық 101 мектеп салынады.
Қалалық білім басқармасының дерегінше, 2021 жылы 11 064 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға тапсырылған. Оның ішінде 4 мектеп мемлекеттік, 21 мектеп жекеменшік. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді.
Мектептердің жөндеу жұмысына тоқталсақ, бүгінгі таңда қалада жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 12 990 орынға арналған 4 мемлекеттік 13 жекеменшік мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.