Е.Айтаханов: «Үшінші мегаполисте шетелдік инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған».
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ҚР-дағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Касаи Тацухикомен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланып, Жапония – қазіргі замандағы қуатты елдердің бірі екенін және мәдениеті жоғары дамыған ел екенін айтқан қала басшысы Оңтүстік өңірі де қонақжайлылығымен ерекшеленетінін атап өтті.
"Шымкент қаласы өткен жылы республикалық қала мәртебесін алған миллионды қалаға айналды. Сондай-ақ, Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленді. Осының аясында көптеген іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Қазақстанда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтеміз. Осы орайда, саяхаттауды жақсы көретін жапондықтарды аталған іс-шараларға қатысуға және қаламыздың тарихи-мәдени мұрасын тамашалауға шақырамын", - дейді Е.Айтаханов.
Сондай-ақ, Шымкент әкімі қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен өндірістік-аграрлық саланың даму қарқынын баяндап, еліміздің үшінші мегаполисінде шетелдік инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, кездесу соңында әкім жапондық кәсіпкерлерді қонақ үй мен мейрамхана бизнесіне және ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласы мен машина құрастыру саласына инвестиция салуға шақырды.